АҒАШ МАТЕРИАЛДАРЫН САҚТАУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ

Ағаш материалдарының қатарларын төсеу және бөлшектеу кезінде көлік пакеттері өтудің бір жағы бойынша ғана орнатылады, бұл ретте жолдың қалған жүру бөлігінің ені кемінде 4 м етіп орындалады. Қатарларға жиналмаған ағаш материалдарының жалпы көлемі олардың қоймаға тәуліктік түсуінен аспауға тиіс.

Көлік пакеттерін өртке қарсы бөліктерде, өту жолдарында, өрт сөндіру су көздеріне кіреберістерде орнатуға жол берілмейді.

Механизмдердің жұмысы уақытша тоқтатылған жағдайда пакеттерді іріктеу және орнату, мүкәммал шатырлары мен төсеу материалдарын сақтау арнайы алаңдарда жүргізіледі.

Көлік пакеттерін су өткізбейтін қағазбен орау (бұл операция бірыңғай технологиялық процесте болмаған кезде) арнайы бөлінген алаңдарда жүргізіледі.

Пайдаланылған су өткізбейтін қағаз, оның үзіктері мен қималары контейнерлерге жиналады.

Жабық қоймаларда қатарлар мен ғимарат қабырғаларының шығыңқы бөліктері арасындағы өту жолының ені кемінде 0,8 м етіп орындалады. Қойманың есік ойықтарына қарама-қарсы ені есіктердің еніне тең, бірақ кемінде 1 метр өту жолдары қалдырылады.

Жабық қоймаларда қалқалар мен қызметтік үй-жайлардың болуына жол берілмейді.

Жабық қоймалар мен шатыр астындағы алаңдардың едендері жанбайтын материалдардан жасалады.