ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ТӨРТІНШІ СОТТАЛУШЫ ТҮРМЕГЕ ҚАМАЛАДЫ
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асанов түрмеде жазасын өтеп жатқандардың саны 80-жылдармен салыстырғанда үш есеге азайғанын алға тартты. Аталған жылдары Қазақстанда түрмедегілердің саны 100 мыңнан асса, бүгінде бұл көрсеткіш 30 мыңды құрап, үш есе төмендеген.
Бұл туралы Sputnik мәлімдейді.
Отырыста Ж. Асанов «Бұрын жеке адамға қатысты қылмыстар туралы ақпарат жабық болатын. Есеп бойынша 100 мың қазақстандыққа шаққанда он адам өлтіру оқиғасынан келетін. 2016-2018 жылдары бұл көрсеткіш екі есе азайып, беске дейін кеміді. Екіншіден, түрмедегілердің саны көп болды. Құқық қорғау органы біреуге айып тақса, сот соны кінәлі деп жазалайтын. Кінәсі жоқ болса да, ақтауға батылы бармайтын. Осылайша әрбір екінші сотталушы бас бостандығынан айырылатын. Ал қазір әрбір төртінші сотталушы түрмеге қамалып, көрсеткіш тек 25% көрсетіп отыр», — деді.
Өз кезегінде Жақып Асанұлы Парламент палаталарының бірлескен отырысына «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы конституциялық заңының жобасымен келген.