Уақыттың көшінен кеш қалмайық

Ердәулет СҰЛТАН.

Шымкентте таяқ лақтырсаң бір басылымның басына барып түсері анық. Бұған қуанбасақ, еш ренжімейміз. «Уақыт» газеті де сол көп басылымның бірі болып, оқырмандарына жол тартқанына  да бір жылдың жүзі болыпты. Балауса басылым да, оның басшысы Талғат Балтабав та жас болғанымен, осы аз ғана уақытта «Уақытты» елімізге танытты. Асыра мақтағанымыз емес, саясаттың жілігін шағып, майын ішкен Нұрлан Сейтжаппаров, Жармахан Тұяқбай, Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Шахановтар қолдарына «Уақытты» ала отырып, ақ жол тілеген тілеулестер қатарында. Олардан бөлек, газеттің бірнеше саны Президент Әкімшілігі аппаратына да жетіп, тиісті бағасын алған. Айта берсек, Оңтүстікте халық қалаулыларының қолынан түспес, оқырмандар іздеп жүрер басылымға айналғаны ақиқат.


Өзім де сол көптің бірі ретінде газеттің беталысын сырттай бақылап, іштей тілеулес болып жүруші едім. Маған газеттің шынайылығы мен тиісті жерінде талап қоя білер батылдығы ұнайтын. Бұған дейін аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда еңбек етіп, 20 жылдан астам уақыт тәжірибе жинақтап үлгерген мені «Уақыт» бәрібір өзіне тартып тұратын. Ақырында осында алып келгені де сондықтан. Менімен бірге бір мезгілде тәжірибелі журналист, осы саланың қыр-сырын жетік білетін Тұтқабай Фазылбектің де келуі қуанарлық әрі құнтарлық-ақ. Мұндай командамен алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Басылымның беделі мен оқырманын арттыру мақсаты үшін кадр таңдауда жас та болса бас боп жүрген Талғат Балтабаев қателескен жоқ. Оның маған сенімін артып, газеттің бас редакторы етіп бекітуі менің «Мәртөбе», «Айғақ» газеттерінде редактор болып еңбек еткендігімді ескеріп, біліктілігіме сенгендігі болса керек.
Бәріне уақыт төреші. Алда атқарылған талай-талай тірліктер, жоспарлар бар. Амандық болса, «Уақыттың» шарықтар кезі, ақпарат айдынында құлаш сермей жүзері әлі алда деп есептейік. Бағыты белгілі, мақсаты айқын басылыммен бірге болып, «Уақыттың» тілеулесі бола білейік, құрметті оқырман қауым!