МАҚТААРАЛДА ҚЫЗЫЛША ЕГУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

178
0

Егіншілікке бейім мақтааралдықтар қыс деп қарап отырмай қызылша егуді бастап кетті, деп хабарлайды uakit.kz Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандағы А.Қалыбеков ауылдық округінің еңбекқор диқандары үй іргелік жерлерге қызылша тұқымын егуді бастап кеткен. Қаңтар айында шаруалар 20 гектар жерге қызылша тұқымын егіп үлгерген. Енді онда 2-3 ай ішінде қызылшаның павло, боро, водан F1 атты сорттары жиналып алынады. Күтімі жақса болса диқандар әр гектардан 25-30 тонна өнім алатын болады.
Өткен жылы А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары қызылша егіп, ерте көктемде мол өнім жинаған. Жиналған өнімдерін еліміздегі Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына және Ресей мемлекетіне саудалап, еңбектерін еселеп өндірген.
Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Тыңайтылған жерде ғана ол мол өнім береді. Қызылша егу кезінде агротехникалық шаралардың біразы техниканың емес, қолдың күшімен атқарылады. Осыдан-ақ, аудан диқандарының еңбекқорлығын айқын аңғаруға болады.
Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары тек қызылша егіп қана емес, қауын-қарбыз өсіруден де алға шығып келеді. Бақша өнімдерін өндірумен аты шыққан ауыл округінің шаруалары былтыр 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімдерін экспортқа шығарған болатын.
Жалпы, А.Қалыбеков ауылдық округінде 4632 гектар егістік жер бар.

uakit.kz