ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ КЕЛІНШЕК ДҮНИЕГЕ ҮШЕМ ӘКЕЛДІ
Түркістан облысының осы жылғы алғашқы үшемдерін қазығұрттық келіншек Жадыра Абдалиева дүниеге әкелді.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен айда Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылынан №1 Облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 29 жастағы Жадыраны дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау арқылы босандырып алған. Сәбилер 1,5-2 келі салмақпен туылған. Айы күні толмай туылған үшемді аман алып қалу үшін дәрігерлер оларды жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Төрт күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан нәрестелер кейіннен арнайы күтім жасайтын бөлімде дәрігерлердің бақылауында болған.
Бұл үш ұл Жадыраның тұңғыштары. Дәрігерлер балалардың беті бері қараған соң, осы аптада оларды перзентханадан шығарған. Жадыра Абдалиеваның жақындары сәбилерге Аян, Саян, Аман деген есім берген.
uakit.kz