БЫЛТЫР СОТ ТӨРЕЛІГІ АКАДЕМИЯСЫН ТӘМАМДАҒАН 62 МАГИСТРАНТТЫҢ ТЕК ТӨРТЕУІ СУДЬЯ БОЛҒАН
Өткен жылы еліміздегі Сот төрелігі академиясын тәмамдаған 62 магистранттың тек төртеуі ғана судья болған. Аталған оқу орнын тәмамдағандардың дені фемида өкілі болғысы келмейді. Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов осылай деді. Бұл туралы uakit.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Өз сөзінде еліміздің бас судьясы «Сот академиясына қатысты жағдайға тоқталсақ, қазір оқу орнын тәмамдағандардың көбісі судьялыққа барғысы жоқ. Екі жыл бойы мемлекеттің есебінен білім алады, бұрынғы жұмыс орнынан да жақсы шәкіртақы алады. Бірақ оқуды аяқтағаннан кейін, судья болғысы келмейді. Сонда екі жыл уақыт пен оған бөлінген қаражат, өткізілген тағылымдама босқа кетті дегенді білдіреді. Осы орайда тиісті ұсынысты дайындадық. Академияны тәмамдағандар судьялыққа өтпесе, онда конкурссыз сот аппаратына немесе судьялардың көмекшісі ретінде алуға жол ашсақ. Сонда бұл кадрлар өзімізде қалып, тәжірибе жинап, келешекте судья болуға өзін дайындайтын болады», — деді Жоғарғы сот төрағасы.
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Заңның мақсаты сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларын сапалы дамыту және жаңартуға негізделіп отыр. Жақып Асанов Қазақстанда судьялардың деңгейін бағалайтын арнайы жүйе құрылатынын түсіндірді.
uakit.kz