Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ

348
0

Еліміздегі халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, қарапайым жұрттың жан айқайын ашық әрі әділ жазатын газет ретінде сіздерге соңғы үмітпен осы өтініш хатты жазып отырмын.

«Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арасында 23.10.2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ташкент өңіріндегі артезиан бассейннің № 2-ТП ұңғыма учаскесінде жер асты минералды суларын өндіруді жүргізуге № 779 Келісім-шарт жасалған. Аталған шарттың талабы бойынша «Рауан» ЖШС өз міндеттемелерін орындап келді.

«Рауан» ЖШС 23.10.2001 жылғы № 779 Келісім-шартқа 27.12.2013 жылғы №4 Қосымшамен бекітілген жұмыс жоспарында Суды өндіру көлемі жылына 58,0 мың текше метр болса, оның ішінде шаруашылық ауыз су қажеттілігі бойынша 5,0 мың текше метр су пайдаланылады.
ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі) Кодексінің 342-бабының 2 бөлімінде «Жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі өндірілген жерасты суларының 1 текше метрі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді» деп көрсетілсе, және осы баптың соңында «Пайдалы қазбаларды өндіру салығы алкоголь мен тамақ өнімін және алкогольсіз сусындарды өндіру үшін пайдаланылатын, жер қойнауын пайдаланушы өндірген минералды жерасты суларының, шаруашылық-ауыз су жерасты суларының көлемдері бойынша белгіленген мөлшерлеменің 25 пайызы есептеледі» деп көрсетілген.

Осының негізінде бекітілген жұмыс жоспардағы өнеркәсіптік құюға арналған су көлемі жылына 53,0 м3 бекітілсе 2016 жылға айлық есептік көрсеткіштің яғни 2121 теңгенің 25 пайызымен көбейтіліп, 2016 жылға 28 103 250 теңгені төлейміз, ал жоспардағы бекітілген шаруашылық ауыз су қажеттілігі бойынша 5,0 мың м3 су үшін 2016 жылға бір айлық есептік көрсеткіш яғни 2121 теңгемен көбейтіліп, 10 605 000 теңге мемлекетке төленеді. Осы аталған шаруашылық ауыз су қажеттілігі бойынша жоспарда бекітілген 5,0 мың текше метр судан Дербісек ауылының халқына тегін су беріліп отыр.

Яғни қарапайым арифметикамен есептесек: 53,0 текше метр су * 530 теңге 25 тиын = 28 103 250 теңге өнеркәсіптік құюға арналған су үшін; 5,0 мың текше метр су * 2121 теңге = 10 605 000 теңге шаруашылық ауыз су қажеттілігі үшін.
Сонымен қатар, серіктестік Дербісек ауылының жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз үлесін қосу үшін 8 адамды жұмыспен қамтып, аймақтың әлеуметтік – экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға облыстың жергілікті атқарушы органының бюджетіне 250 000 (екі жүз елу мың) теңге көлемінде аудару арқылы, Келісім-шарт талаптарын орындауда.
Сондай-ақ осы атқарылып отырған жұмыстарды одан әрі кеңейтіп жүргізу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ көмегімен екінші деңгейлі банктерден 192393525 теңге көлемінде несие алып, қосымша бір цех ашылды.
Негізінде Серіктестік Министрлікпен шарт жасасқаннан бүгінгі таңға дейін, ауыл тұрғындарына су беру бойынша ауыл тұрғындары мен Серіктестік тарапынан бір ауыздан ауызша келісімге келіп, осы ұңғымадан шығатын суды Дербісек ауылының 70-80-дей отбасына №150 құбырымен ақысыз берілген.

Осыған қарамай ОҚО, Сарыағаш ауданы Дербісек
елдімекені тұрғындары М.Нұрбаев пен Е.Әбжановтар бастаған топ «Рауан» ЖШС-ның атына «Су бермейді» деген сылтаумен мемлекеттік органдар мен өзге де мекемелерге бірнеше жылдан бері шағымдар түсіруде. Ол неше рет тексерілді де, еш негізін тапқан жоқ.
Атап айтқанда, М.Нұрбаев бастаған топ 2014 жылы «Жетінші арна» телеарнасына шағымданды. Серіктестік тарапынан телеарна тілшісіне осы даудың себебіне нақты дәйектемемен түсіндірме берілді. Онымен қоймай 2015 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Бас Прокурорына және 2016 жылы ҚР Президентіне бірнеше реттен арыздар түсірді, мемлекеттік органдар тарапынан арызға заң аясында жауап берілді. Әйтсе де М.Нұрбаев бастаған топ өздерінің алға қойған мақсатына жету үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге баруда. Мұндай арыздар мұнымен қоймай КТК телеарнасының ресми сайтына, ҚР электрондық үкіметінің «e.gov Ашық диалог» порталына және ZHALOBI.KZ сайтына жолдап, ол арыздар біржақты жазылуда.

Соңғы жазылған арыздар ҚР Президентіне жазылған. Аталған арыз ОҚО әкімдігіне жолданып, ОҚО энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан арызды саралау мақсатында комиссия құрылды.
Комиссия құрамына «Нұр Отан» ХДП Сарағаш аудандық филиалының бақылау комиссиясының төрағасы -Н.Давлетияров, Сарыағаш ауданы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы – М.Сейтімбетов, аталған бөлімнің сектор меңгерушісі – Ж.Жақыпбеков, Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы ауыз сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы — Ж.Айтбеков, Дербісек ауыл округінің әкімі — А.Наурызов, ҚР ИДМ, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Оңтүстік Қазақстан Геология және жер қойнауын пайдалану аймақтық инспекциясының бас маманы М.Аймағамбетов, «Рауан» ЖШС-нің директоры – Н.Омаров, Серіктестіктің заңгері–А.Әмірхан және өтініш иесі-М.Нұрбаев енгізілді.

Осы құраммен ОҚО, Сарыағаш ауданы, Дербісек елдімекеніндегі М.Нұрбаев пен Е.Әбжановтар бастаған тұрғындарымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында М.Нұрбаев пен Е.Әбжанов Дербісек ауылындағы қазылған екінші ұңғымадан хабары барларын айтып, бізге тек № 2-ТП ұңғымасының суын ғана пайдаланамыз, басқа судың қажеті жоқ, себебі ол суды адам түгілі мал да ішпейді, оған дәлел ретінде бізде қорытынды бар деп, өзінің көздеген талабынан қайтпайтынын айтып, № 2-ТП ұңғыманы бұрынғы колхоз кезінде қалтамыздан ақша шығарып қаздырғандықтан бізге осы ұңғыманың суы қажет деп сөзін қорытындылады.
2010 жылы ОҚО, Сарыағаш ауданы, Дербісек
елдімекенінде «Таза су» бағдарламасы арқылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бюджеттен 117 000 000 теңгеге ұңғыма бұрғыланып, аталған ұңғыма Сарыағаш ауданы әкімдігінің 22.08.2011 жылғы №618 қаулысымен ұңғыма құрылыс нысаны пайдалануға қабылданып, 25.11.2011 жылы №178-1392 санды санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілген. Алайда аталған ұңғыманың барлық іс құжаттары заң аясында алынса да, халыққа бүгінгі таңға дейін ауыз су жетпей отыр. Себебі ішкі құбыр жүйесі тартылмаған.
Сонымен қатар, «31» арна 15.09.2015 жылғы «Сусыз қалған ауыл» атты бағдарламасында 2010 жылғы қазылған ұңғыманың суы ішуге жарамсыз деген уәжді айтты, «…..ең дұрысы кеңес дәуірінен тұтынып келе жатқан жер асты жылы суын пайдалану керек» деп, Серіктестіктің 2001 жылғы конкурс арқылы 28 жылға жалға алған ұңғымасын сөзге тиек етіп өтті.
Алайда мен бұл бағдарламаны тыңдай келе, бұл істің артында ауыл тұрғындары емес, ұңғымаға бір адамның қызығушылығының бары байқалып отыр.

Егерде бұл істе бір адамның қызығушылығы жоқ болып, осы дауды мемлекеттік органдарға қайта-қайта шағымданып жүрген азаматтар халықтың мұңын шағып, жоғын жоқтар болса, неге «Таза су» және «Ақ бұлақ» бағдарламалары арқылы мемлекет қазынасынан миллиондаған қаржы жұмсалып, қазылған ұңғымалардың жұмысы ары қарай орындалмауын көтермейді деген сұрақтар тұр көкейде.
Талап арыз жазушы М.Нұрбаевтың жеке бас пайдасын пайдаланып күллі жұртты қалқан тұтып жұмыс істеуге кедергі келтіруде. Барлық құзырлы органдар ол азаматтың арызын қарап бізді қайта-қайта тексерді.
Ал өзгенің атын жамылып жұрттың арасына шоқ тастап, заңсыз шеру ұйымдастырған топқа ешқандай шара қолданған бір пенде жоқ. Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман дегендей. Біз сіздерге осы істің ақ-қарасын ашып береді деген сеніммен өтініш жазып отырмыз.
Жоғарыдағы мәселелерді айта келе, «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сіздерден ОҚО, Сарыағаш ауданы Дербісек елдімекенінің тұрғындары М.Нұрбаев бастаған топтың «Рауан» ЖШС директоры Н.Омаров «ауылға су бермейді» — деген негізсіз уәжінен араша түсуіңізді сұранады.

Нұрлан ОМАРОВ,
«Рауан» ЖШС-нің директоры

Редакциядан:

Талайларды қалыпты еңбек етуден ауытқытып, арыз тексерумен уақыттарын алған, елге қызмет жасап жатқан, заңды келісім құжаттары бар мекемеге жұмыс істеуге мүмкіндік берілмегендіктен жазылып отырған бұл өтініш хаттың нүктесі күні бүгінге дейін қойылмай келіпті. Қаншама құзырлы органдар шағымдарды тексеу барысында ешқандай қылмыстық әрекетке, болмаса заң бұзушылыққа негіз болмауына қарамастан, толассыз тексерулер ағыны күні бүгінге дейін толастамағандығы, оған тексерушілер тарапынан біржақты ғана көзқарас болып, арыз жазушыларға ешқандай шара көрілмегендігі де іскер азаматтарға жұмысын жандандыруға кері әсерін тигізіп отыр. «Таза су» бағдарламасы аясында осыдан алты жыл бұрын Сарыағаш ауданындағы Дербісек елдімекенінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қаржысынан 117 000 000 теңгеге ұнғыма бұрғыланып, ол аудан әкімдігінің арнайы қаулысымен халыққа қызмет ететін нысан ретінде қабылданып, сапасы жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілгенімен, ол тұрғындарға ішкі құбыр жүйесі тартылмағандықтан берілмей отыр. Бұның барлығы тексеру барысында нақтыланғанмен, арыз иелері М.Нұрбаев және Е.Әбжанов бастаған топтың тарапынан жалған мәліметтер беріліп, арада үлкен түсініспеушіліктер жалғасып жатты. Ендігі ретте осы даулы мәселеге аудан әкімдігі, жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Ж.Түймебаев пен еліміздің Бас прокуроры Ж.Асановтың тарапынан қайыра тексеру жүргізіліп, негізгі себептері толық анықталғанда ғана бұл мәселе өз шешіміне ие болады. Біз аталмыш құзырлы органдар тарапынан оған нүкте қойылатындығына сенеміз.