Полат ҚЫРЫҚБАЕВ, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «ШЕТЕЛДЕН ЛЕГИОНЕР ШАҚЫРУҒА ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫМЫН»
Облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Өз кезегінде ол журналистерге өткен жылы спорт саласында қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жоспарларын бөлісті. Басқарма басшысы былтыр Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысқан облыс спортшыларының 387 алтын, 382 күміс, 365 қола медальға қол жеткізгенін, Азия чемпионаттарында 73 алтын, 58 күміс және 38 қола медальға ие болғанын айтты. Ал Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында түркістандық сайыпқырандар 32 алтын, 15 күміс және 16 қола медаль жеңіп алғанын, Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль еншілегенін жеткізді.
Бұдан бөлек ол сырттан келген сайыпқыран өңірдің спортын өрге сүйремейтінін, сондықтан өз өрендерімізге көп көңіл бөлу керектігін де тілге тиек етті.
«Өңірге мықты спортшылар мен бапкерлерді тартуды көздеп отырмыз. Тек өз еліміздің азаматтарын ғана шақырамыз. Мен шетелден легионер шақыруға түбегейлі қарсымын. Олар ақшасын алады да елдеріне кетеді. Бекзат, Мұхтархан, Ермахан сияқты жігіттер ауыл-аймақтарда баршылық. Соларды спортқа баулып, чемпиондар даярлауымыз қажет. Алдағы уақытта Түркістан қаласында заманауи жабық стадион және өзге де спорт кешендері салынады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Тұран» спорт клубын, «Түркістан» кәсіпқой бокс клубын, «Ату және спорттың ұқсас түрлері мектебін», «Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған футбол мектебін» және «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебін» ашсақ деген жоспарымыз бар. Басты мақсат – Токио Олимпиадасына жолдаманы көбейтіп, жүлдегерлер даярлау. Бұл ретте дзюдодан Дидар Хамза, бокстан Қайрат Ералиев, Бек Нұрмағамбет және ескек есу спортындағы өрендерімізге үміт артамыз», – деді Полат Наурызбайұлы.
Басқарма басшысы облыста баскетбол, волейбол және футбол сынды командалық спорт түрлеріне де қолдау күшейетінін айтты.
«Таяу уақытта «Тұран» атты футбол клубын құруды жоспарлап отырмыз. Ол премьер-лигада ойнайтын мықты команда болады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің облыстық футбол мектебі ашылады», – деді басқарма басшысы.
uakit.kz