МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ — мәңгілік елдің тілі

226
0

Тіл — халықтың сан ғасырлық тарихы. Ана тілі жоқ ел мемлекет болып өмір сүруі мүмкін емес. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Тіл — тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айтқандай, «Тілдердің үш тұғырлығы мәдени жобасын ке-зеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі». Бұл дегеніміз жарқын болашақ жастар үшін шетелде еркін тіл үйренуге, білім алуға, жаһандық әлемде жұмыс істеуге жол ашады.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Бәйдібек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудандағы мемлекеттік мекемелермен арнайы меморандумға тұрып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен мемлекеттік стандартқа негізделген бағдарламалар бойынша оқыту жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы 2017 жылғы сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Латын әліпбиіне көшу — ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына үлесі зор.
Тіл үйренуші тыңдаушылардың көзқарастарын анықтау мақсатында орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қазақ әліпбиінен латын қаріпіне көшу туралы ұсынысқа орай «Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшіру» тақырыбында анкеталық сұрақ-жауап жүргізіліп, «Латын әліпбиі — болашақтың бағдары»атты дөңгелек үстел өткізілді. Тыңдаушылар арасындағы пікір алмасуда латын қаріпі-не деген оң көзқарастар байқалып, төл жазуымыздың ортаға оралуына қуанатындықтарын жеткізді.
Еліміздің Ата Заңында жазылған әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы — ол мемлекеттік тілді — қазақ тілін білу болса, ол үшін мемлекетіміз барлық материалдық та, әдістемелік те, техникалық та жағдайларын жасап отыр. Сондықтан, қазақ тілін өз елінің мемлекеттік тілі ретінде кең көлемде, жан-жақты меңгеру саналы азаматтың рухани дәрежесін білдіреді. Осы орайда, қайта жаңғырған латын әліпбиіне келешек ұрпақты кезең-кезеңімен оқытуда тіл оқыту орталығының оқытушылары үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.
Әзира АДАСБЕКОВА,
аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры

67