БӘЙДІБЕКТЕ КІРПІШ ЗАУЫТЫ БОЛАДЫ
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіндегі индустриалды аймақта жылына 60-70 млн. дана кірпіш өндіретін зауыт салынады. Соның негізінде 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Зауытты ирандық «Farаdid Meehan» компаниясы жүргізеді. Аталған компания осы мақсатта бастапқыда ауданға 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жобаны іске асыру үшін Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов ирандық «Farаdid Meehan» компаниясының халықаралық байланыс жөніндегі директоры Абдолреза Шохуд Талабпен кездесті. Екі жақты кездесу нәтижесінде, Бәйдібек ауданының әкімдігі мен Ирандық «Farаdid Meehan» компаниясы және “СПК “Түркістан» АҚ филиалы арасындағы меморандум түзілді.
Енді аталған құжат аясында Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округіндегі индустриалды аймақтан кірпіш зауытының құрылысы үшін 5 га жер бөлінетін болады. Ирандық инвестор ауданнан соғылатын зауытта кірпіштің 7 түрін шығаруды көздеп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар ол, алдағы жылы Бәйдібек ауданына қосымша 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, 200 коттедждік жаңа қалашық салу туралы бастама білдірді.
uakit.kz