Мұғалім парамен ұсталды
Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тест сынағын пайдаланып, көлденең табыс таппақ болған мектеп мұғалімі ұсталды. Нақтырағы, Ордабасы ауданы Қызылжар ауылындағы орта мектепте директордың орынбасары алаяқтық жолмен пара алған. 44 жастағы ұстаз мектеп бітіріп жатқан түлектердің бірінің сынақтан жоғары балл жинауына көмектесуі үшін оның ата-анасынан 450 мың теңге ақша сұраған. Парақор ұстаз тест сынағы өтіп жатқан күні өзі сұраған қаржыны қалтасына басқан мезетте қаржы полициясының құрығына ілікті. «Ұсталған азаматқа қатысты «алаяқтыққа оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өйткені ҰБТ тапсыру кезінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу мәселесін шешу оның құзыретіне кірмейді. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде. Сот айыпталушының бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, оның тұрақты мекенжайының бар екенін және жасаған қылмысының орташа ауырлығын ескере отырып, біздің оны «қамауға алу» жазасын беру ұсынысымызды қабылдамай, айыпталушыдан ешқайда кетпеу қолхатын алды» дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы Әнел Матиева.
«Уақыт»-ақпарат