5 ІРІ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді.
Қала орталығындағы магистралды көшелер мен шалғай мекендерді қоса алғанда биыл 187 нысан, 350 шақырымнан астам жол қалпына келтірілмек.
Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі.
Атап айтқанда:
— Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыстар атқарылды;
— А-2 автомобиль жолының 2 кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізіліп, жұмыстың 50 пайызы орындалды;
— Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асырылды;
— Рысқұлов -Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстың 90 пайызы бітті;
— Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолаушылар өткелін салу жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталды.
Бүгінгі күнге жобаларға барлығы 38 мердігер ұйым жұмылдырылды. Ал, 61 көшенің жол жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Айта кету керек, биыл қаладан шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың жол құрылысына баса назар аударылып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы Ақжайық шағын ауданында орналасқан Ақжирен, Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, №10 Сәйгүлік жалғасы көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш шағын аудан бойынша жалпы ұзындығы 2,5 шақырым жол жөнделеді. Қазіргі таңда Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, Ақжирен көшелерінде жол негіздемесі және асфальтбетон жамылғысы төселіп, аяқжол орнату жұмыстары жасалуда. №10 және Сәйгүлік көшесінің жалғасында асфальтбетон жамылғысының бірінші қабаты төселіп, екінші қабаты төсеу жұмыстары атқарылуда.