ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КҮНГЕЙДЕГІ КЕЛЕСТЕ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысындағы Келес ауданында ТМД-да теңдесі жоқ жылыжай кешені салынады. Бұл үшін 500 гектар жер бөлінген. Ең ірі кешеннің инвестициялық құны 1,1 млрд. АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жобаны Ресейлік «Эко-культура» компаниясы жүзеге асырмақ.
Бүгін осы мәселені нақтылау үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен «Эко-культура» компаниясының директоры Александр Рудаков кездесу өткізді.
Кездесу кезінде «Эко-культура» компаниясының директоры А.Рудаков «Бұл кешен – ауданның экономикасын көтеретін ауқымды жобаға айналады. Жылыжай кешені іске қосылса, жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кешен заманауи технологиямен жұмыс істейтін болады. Біз «Казахстан Инвест» компаниясымен осы ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысқанымызға өте қуаныштымыз», – деді.
Сонымен қатар ол, жылыжай салынатын жердің географиялық орны жобаға қолайлы екенін, тек нысанға инфрақұрылым жүйесін тарту керектігін де айтты.
Өз кезегінде өңір басшысы жобаға инфрақұрылым тарту мәселесі алдағы уақытта оң шешімін табатынын атап өтті.
Өңірдегі жылыжай кешені голландық технологиямен жұмыс істемек. Бұл үшін тиісті мамандарды арнайы Ресейде ақысыз түрде оқыту жоспарлануда.
Келешекте Келестегі жылыжайда өндірілетін қызанақ пен қияр ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталады деп жоспарлануда.
uakit.kz