Ерназар ҚҰЛТАЕВ, Шымкент қалалық статистика департаментінің басшысы: «ЕЛІМІЗДЕ ХАЛЫҚ САНЫ ЖАҒЫНАН ШЫМКЕНТ СЕГІЗІНШІ ОРЫНДА»

182
0

Өткен жылдың мамыр айында Шымкентте миллионыншы тұрғын туылған болатын. Бұл көзайым  жаңалықтан соң Шымкент облыстан бөлініп,  миллион тұрғыны бар мегаполис статусын алды. Сол уақыттан бері қала халқының саны 20 мыңнан астам адамға толыққан. Яғни, ағымдағы жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша қала тұрғындарының саны 1 022 449 адамды құрап, халық саны жағынан Шымкент республикада сегізінші орынға жайғасқан.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық статистика департаментінің  басшысы Ерназар Құлтаев мәлімдеді.

Бұдан бөлек ол, Шымкент елімізде халық тығыз орналасқан өңір екендігімен де ерекшеленетінін айтты. Мәселен республикада орташа есеппен 1 шаршы шақырымға 7 адамнан келсе, үшінші мегаполисте 1 шаршы шақырымға 852 адам келеді екен.

Қаңтар-мамыр айы бойынша табиғи өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 900 адамды құрап 1,6 %-ға артқан. Аталған аралықта дүниеге келген сәбилер 10919-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,4 %-ға өскен. Жалпы Республика бойынша сәбилердің туылуы мен табиғи өсімі көрсеткіштері жағынан қала төртінші орында тұр.

Департамент басшысы қалада жұмыссыздық деңгейі 5,1 %-ды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалғанын айтты. Мегаполистегі жұмыссыздар саны 21,8 мың адамды құраған. Осы және өзге де сандарды сөйлеткен Ерназар Сейітханұлы:

Республикадағы өнеркәсіп өнімінің көлеміндегі үлесі бойынша қала 14-шы орынды, немесе 1,9 пайызды, ал өсу қарқыны бойынша 1-ші орынды алып отыр.     Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 12 195,2 млн. теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артты, оның ішінде мал шаруашылығы  тиісінше  11 048,2 млн. теңге болып 1,1%-ға көбейді. Республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің   көлеміндегі үлесі бойынша 14-ші орынды, немесе 1,1%-дық үлесті алып отыр, -деді.

Сондай-ақ ол, есепті кезеңде қалада еңбек ететін қызметкерлердің орташа  айлық жалақысы 11,7 пайызға артып 122 289 теңгені құрағанын алға тартты.

uakit.kz

Сурет авторы: Б. Сейтжаппаров.