БҰҒАН ДЕЙІН БОЛМАҒАН КҮРДЕЛІ ОТАНЫ КҮНГЕЙ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖАСАДЫ
Шымкенттік дәрігерлер тағы да жарады. Үшінші мегаполистің кардиохирургтары құрсағында шаранасы бар әйелдің жүрегінен эхинококк кистасын ашық түрде ота жасау арқылы алып тастады.
Әйел құрсақ көтерген кезде осылай операция төсегіне таңыламын деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Алаңсыз жүрген ол осыдан біршама уақыт бұрын жүктілігі бойынша скринингтен өтуге шақыртылады. Оның жүрек қуысындағы эхинококк кистасы дәл осы тексеру кезінде анықталады. Егер әйелге едел-жедел түрде ота жасалмаса, жүрек қуысындағы бұл артық ет ұлғайып, уақыт өте келе жарылып, салдарынан фатальді өлімге апаратыны анық еді. Ана мен бала өміріне төніп тұрған осындай қауіпті алдын алу үшін дәрігерлер келіншекке шұғыл түрде жүрек эхинококкоз эктомиясы отасын жасайды.
Операция екі жарым сағатқа жалғасып, сәтті аяқталған. Бұған дейін еліміздің ешбір жерінде дәрігерлердің осындай жағдайда тәуекелге бел буып, ота жасауы орын алмаған. Мұны алғаш болып шымкенттік ақ халаттылар жүзеге асырған.
Жүкті әйелге күрделі отаны Шымкент кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев, кардиохирург Бауыржан Сайлаубекұлы, реаниматолог Бекжан Перменов, дәрігер перфузиолог Жәнібек Абширов сынды білікті дәрігерлерден құралған команда жасаған. Күрделі отаны бастан өткерген келіншек ота жасалғаннан кейін келесі тәуліктен соң-ақ ешқанай асқынуларсыз кардиохирургия бөліміне ауыстырылған.
Дәрігерлер қазіргі таңда жүктіліктің 16-апталық кезеңінде жүрген әйелдің денсаулығына да оның іштегі шаранасына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын алға тартуда.
Естеріңізге сала кетсек, мамыр айының басында Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай білікті әріптестерімен бірге ағзада бауыр ауыстыру отасын 5 сағат 48 минут ішінде жасап, Қазақстан бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Әдетте мұндай ота шамамен 13-18 сағат аралығында жасалатынын айта кетейік.
«Уақыт» газеті.