КҮРЕК ТИМЕГЕН 11 МЫҢ ЖЕР ТЕЛІМІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН

201
0

Қазақстанда ағымдағы жылдың алты айында сотталғандардың саны 13 622-ні құраған. Бірақ олардың төрттен бір бөлігіне ғана дәлірегі 3 289-на сот бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. Қылмыстық заңнаманы гуманизациялау елдегі криминогендік ахуалды нашарлатпаған. Есепті кезеңде қылмыс деңгейінің 12 пайызға төмендеуі соған дәлел.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сонымен қатар, Бас прокуратураның баспасөз қызметі жыл басынан бері қадағалаушы органның көмегімен 2 800 жұмыскердің құқықтары қорғалғанын мәлімдеген. Нәтижесінде жұмыс берушілер оларға 800 миллион теңге көлеміндегі берешектерін  толық төлеген. Монополист компаниялардың да жұмыстарына сүзгі жүргізіліп, жарық және жылу тарифтері төмендетіліп, тұтынушылардың 30 миллиард теңге қаражатының орны толтырылған.

Күрек тимеген 11 мың жер телімі мемлекетке қайтарылған. Прокурорлардың ықпалымен 50-ден астам азаматтың негізсіз қудалауға ұшырауына тойтарыс берілген. Заңсыз құрықта болған 400-ден астам азамат қызметтік жайлар мен тергеу изоляторынан босатылып, бостандыққа жіберілген.  `

«Уақыт» газеті.