ҮШІНШІ ҚАЛАНЫҢ 125 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНЫ ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН
Шымкентте жергілікті халықтың 92,2% мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Сондай-ақ, тұрғындардың 85,7 % орыс тілін жетік білетіндер санатында. Миллионды қала халқының 12,3 % немесе 125 853 тұрғыны үш тілді меңгерген.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылаған ол жыл басынан бері тілдерді оқыту әдістемелік орталығында 1570 адам білім алғанын жеткізді. Орталықта білім алған адамдардың 462-сі латын графикасын, 435-і қазақ, 86-ы орыс, 587-сі ағылшын тілін үйренген. Олардың басым көпшілігі дәлірегі, 1306-ы қазақ болса, 146-ы орыс, 55-і өзбек, 63-і өзге де этносты құраған.
Сонымен қатар ол, бүгінде Шымкенттегі халық саны 1 023 768 адамды құрайтынын айтып өтті. Естеріңізге сала кетсек, былтыр маусым айында Шымкент мегаполис болып, республикалық дәрежедегі қала атанған. Оның миллионшы тұрғыны сол жылдың мамыр айында дүниеге келген-тін. Бақытты сәби Еламановтар отбасының тұңғышы болатын. Есімі Айсұлу Еламанова. Сол кезде қала және облыс әкімдері жас отбасыға екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан болатын.
uakit.kz