ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР ЖЕЛІСІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс саласын дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – аудан және қалаларда шағын өндірістік парктер құру бастамасы. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы саны 22 шағын өндірістік парк салу жоспарланып, бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Аталған өндірістік парктердің жалпы аумағы 225 гектардан асады. Осы алаңдарда 256 өндірістік ғимараттың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Жобалардың негізгі мақсаты – шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы инфрақұрылым қалыптастырып, кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсыну. Өндірістік парктерді құру барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен арнайы жиында жан-жақты талқыланды. Басқосуда құрылыс жұмыстарының сапасы, мерзімінде аяқталуы және болашақта іске асырылатын жобалардың тиімділігі басты назарға алынды. Сонымен қатар өндірістік алаңдарға орналастырылатын нақты инвестициялық жобалар қаралып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Жиын барысында облыс басшылығы өндірістік парктерді заман талабына сай, бәсекеге қабілетті жобалармен толықтыру қажеттігін атап өтті. Әрбір аудан мен қалада кемінде бес өндірістік ғимарат салу міндеті қойылып, бұл нысандардың толық инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс екені айтылды. Инженерлік желілер, жол, электр, су және өзге де қажетті коммуникациялар кәсіпкерлердің өндірісті жылдам іске қосуына мүмкіндік береді. Бұл бастама өңірде бизнеске көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың айқын көрінісі саналады. Кеңес барысында аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары өз өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Мысалы, Шардара ауданында шағын өндірістік парк салу үшін 2 гектар жер бөлініп, онда 6 өндірістік ғимарат бой көтеруде. Аталған жобаларға 530 миллион теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл аумақта жол құрылысы аяқталып, барлық қажетті инфрақұрылым толық тартылған.

Сайрам ауданында да өндірістік парктерге қатысты жұмыстар қарқынды. Мұнда 2,4 гектар аумаққа 5 инвестициялық жоба орналастыру жоспарланған. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 950 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар Сауран, Ордабасы, Жетісай, Түлкібас және Шардара аудандарында шағын өндірістік алаңдар салу бойынша белсенділік жоғары деңгейде байқалады. Жоспарланған өндірістік парктерде әртүрлі бағыттағы жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру, пластик, темір және резеңке бұйымдарын шығару, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп пен химия өнімдерін өндіру, сүт өнімдері мен құрама жем шығару, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіру секілді жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл бағыттар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға жол ашады.

Жалпы алғанда, өндірістік парктер аумағында 152 инвестициялық жоба пысықталуда. Олардың жалпы инвестициялық құны 212,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берілмек. Сонымен қатар мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.