Тәуелсіз Басылымдардан неге қорқады?

424
0

Қазақстан   2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық етіп, саяси аренадағы беделін нығайта түскені сөзсіз. Халықаралық ұйымға басшылық ету мақсатында «БАҚ» және «Сайлау» туралы заңдарымызға стандартқа сәйкес,  түзетулер мен өзгерістер  енгізілді. Саяси салмағы бар заңдарды халық қалаулылары көп сараптамай, журналистер қауымдастығының ұсыныс-пікірлеріне еш құлақ аспастан, асығыс қабылдай салғанын білеміз.

 «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Заңға енгізілген өзгерістерде журналистер қауымының құқығын қорғайтындай өзгешелік ескерілмей, демократиялық талаптарға толық сәйкес келмеді. Керісінше, биліктің ақпарат құралдарын  бақылауға алуды күшейте түскені анық аңғарылады. Мұның себебі түсінікті. Егер билік бақылауындағы БАҚ-ты бұғаудан босатса, бюрократ шенеуніктеріміз бармағын тістеп, жұрт алдында заңсыз іс-әрекеттері ашылып қалар еді. Қазақстан демократиялық жолды таңдаған ел. Ендеше біз ақпарат бостандығы жөнінен  демократиялы дамыған елдердің тәжірибесінен неге үлгі алмаймыз. Американың Конституциясына үңілсек: «АҚШ Конгресі сөз және баспасөз бостандығын шектейтін бірде-бір заң шығармауы тиіс»-деп жазылған. Шынайы демократиялы ел болсақ осындай бап Ата Заңымызға енгізілу керек.  Сол кезде ғана ол бап журналистер өмірі мен еркіндігінің кепілі болып, қоғамның алға басуына және жемқорлықты жоюға үлкен септігі тиер еді.  Себебі елімізде соңғы әзірде халыққа шынайы ақпарат жеткізетін тәуелсіз басылымдарды жабу, олардың бас редакторы мен журналистерін қудалау және жеке өмірлеріне қастандық жасау көбейіп келеді.
Жігіт жасына келген тәуелсіз елімізге ақпарат бостандығы және қалың бұқараға қоғамдағы шынайы ақпарат, ал биліктің іс-әрекетіне сын  ауадай қажет. Америка Құрама Штатында тек Президенттің ғана жұмысы мен күнделікті өмір-тіршілігіне сын-пікір айтатын 40-қа жуық тәуелсіз басылымдар бар екен. Олардың біреуінде жауып немесе журналистерін қудаламайды,  қайта сын-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп отырады екен.  Бізде ше…   Ақпарат құралдары  жұрт санасына әсер етудегі зор күшті құрал екені белгілі. Қазіргі билік бақылауындағы телеарналар мен басылымдар қызметі қандай.? «Қоғамның шынайы бейнесін аша ала ма.? Ұлттық идеологияны насихаттауға қауқары жете ме.? Халық сөзін сөйлеп, олардың сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыра алады ма?»- деген қоғамдық пікір жүргізер болса, әрине көпшілігі «жоқ» деп жауап берер еді. Мемлекеттік ақпарат құралдары өткеніміз бен болашағымыз жайында көп айтады да, бүгінгі күнгі ел, халық басында қалыптасқан нақты проблемалардан бастарын ала қашады. Олар құрылтайшылары — биліктің ғана сойылын соғып, робот секілді солардың сөзін сөйлеуде. Сол себепті, мемлекеттік басылымдардың ел арасында мәні кете бастағаны шындық.

Талғат ҚАТАУОВ,
Шымкент қаласы.