«ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» — ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПТАРҒА КӨМЕК ПЕН МЕЙІРІМНІҢ МЕКЕНІ

Түркістан облысы – әлеуметтік саясат пен адамгершілік құндылықтарды ұштастырып, қоғамдағы әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруды басты мақсат еткен аймақтардың бірі. Соңғы жылдары облыс көлемінде әлеуметтік қолдау саласы жүйелі түрде дамып, оның тиімді үлгісін көрсетіп отырған мекемелердің бірі – Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Бұл орталықтың қызметі – тек әлеуметтік көмекпен шектелмейді. Мұнда әрбір адамға жан-жақты қолдау көрсетіледі: психологиялық кеңес беріледі, құқықтық мәселелер шешіледі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық қатынастарды нығайту бағытында нақты істер атқарылады. Биылғы 9 айдың ішінде орталық 189 азаматқа түрлі бағытта көмек көрсеткен. Оның ішінде 102 әйел және 87 ер адам бар. Бұл көрсеткіш өңірдегі әлеуметтік қызметтердің белсенді жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді. Нақтырақ айтқанда, 92 адам әлеуметтік, 39 адам құқықтық, ал 58 адам психологиялық көмек алған. Әрбір өтініш берушінің жағдайы жеке қаралып, қажетті қызмет түрі ұсынылған. Орталық тек кеңес берумен шектелмей, қиын жағдайға түскен азаматтарды уақытша орналастыру бойынша да нақты көмек көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың басынан бері уақытша тұру ұйымына тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар бір отбасы, өмірлік қиындыққа тап болған бір отбасы және 8 жасөспірім қабылданған. Бұл азаматтарға психологиялық және құқықтық тұрғыда толық сүйемелдеу жасалып, тиісті әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Қазіргі таңда осы жасөспірімдердің жетісеуі Сайрам ауданындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» мекемесіне жіберіліп, жүйелі көмек алуда. Ал уақытша орталыққа орналастырылған бір отбасы қайтадан қалыпты өмірге оралып, отбасылық ахуалы тұрақтанған. Бұл – орталық мамандарының жанашыр еңбегінің нақты нәтижесі. Әлеуметтік қолдау тек дағдарыс жағдайындағы көмекпен шектелмейді. Орталық жыл сайын түрлі әлеуметтік акцияларды жүзеге асырып, қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарын назарда ұстайды. Соның бірі – «Мектепке жол» акциясы. Биыл бұл шара аясында аз қамтылған 10 отбасының балалары мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, орталық мамандары өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтау мақсатында ауданның 11 ауылдық округін аралап, әлеуметтік зерттеу жүргізген. Нәтижесінде көмекке мұқтаж 105 адам анықталған. Бұл адамдардың әрқайсысына нақты көмек көрсетілді: 17 адамға бір жолғы әлеуметтік көмек, 3 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 10 отбасына демеушілер есебінен азық-түлік берілді, тағы 10 отбасының балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды. Сонымен қатар 4 адамға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша сауықтыру орнына жолдама берілді. Мұндай кешенді қолдау қоғамның әлеуметтік үйлесімін нығайтып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Бәйдібек ауданындағы «Отбасын қолдау орталығының» басты басымдықтарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Соңғы тоғыз айда бұл бағытта 17 жағдай тіркеліп, әрбір отбасымен психологиялық түзету және құқықтық кеңес беру жұмыстары жүргізілген. Мамандар тек оқиғадан кейін емес, алдын алу бағытында да жұмыс істейді. Олар қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтады. Осы мақсатта орталық аудандық полиция бөлімімен, білім беру ұйымдарымен және аудандық ауруханамен бірлесіп, жүйелі іс-шаралар атқарып келеді. 2025 жылдың тоғыз айында 11 ауылдық округтің аумағында «Зорлық-зомбылықсыз әлем», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Отбасы – бақыттың кілті», «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» атты 57 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде отбасы құндылықтары, ата-ананың жауапкершілігі және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.
Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қарқынды жүруде. Ауданның адам көп шоғырланатын нүктелерінде 1611 ақпараттық парақшалар таратылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық көмек алу жолдары және сенім телефондары туралы мәліметтер берілді. Сондай-ақ, орталық мамандары 33 азаматтан сауалнама алып, олардың әлеуметтік және психологиялық жағдайларын зерделеді. Тағы бір маңызды бағыт – пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға көмек көрсету. Бұл санаттағы адамдардың қоғамға бейімделуі – әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Осы мақсатта орталық 30 азаматпен (оның ішінде 29 ер, 1 әйел) тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.



