ҚАЛАДА ҚОҚЫС ЖИНАУ МӘСЕЛЕСІ РЕТТЕЛМЕЙ ТҰР
Шымкентте жеке тұрғын үйлер орын тепкен шағын аудандар жетерлік. Өкінішке орай ол жерлерде қоқыс жинау мәдениеті қалыптаспағаны бәріне аян. Оған тұрғындардың жауапкершілігімен қатар, қоқыс контейнерлері қойылған орындардың жоқтығы басты себеп. Сол себептен тұрғындар көше бойына қалдықтарын шығарып қоюды қалыпты құбылысқа айналдырып жібіргені белгілі. Бұл сұрықсыз көрініс қала келбетін құртып қана қоймай, түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы әбден мүмкін.
Баршаға белгілі болғанмен, көп айтыла бермейтін бұл мәселеге қала әкімі Мұрат Әйтенов өзінің төрағалығымен өткен кезекті жиналыста қатты алаңдайтынын мәлімдеді. Осыған орай ол жауапты сала басшыларына қоқыс жинаудың жаңа алгоритмін жасауды тапсырды.
Соған сәйкес, Шымкентте жеке тұрғын үйлер аумағына қоқыс тастайтын жаңа металл жәшіктер орнатылатын болады. Жоба аясында биылдың өзінде барлығы 1474 контейнер сатып алу көзделіп отыр. Бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін және қоршаған ортаның экологиялық тазалығын арттыру мақсатында қолға алынады.
Соның нәтижесі болса керек, осы аптада «ЭкоСпецТранс» мекемесі көшелерге қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшіктерді орнатуды қолға алды. Игі бастама Қаратау ауданындағы Алматы көшесінен бастау алды. Себебі, аталған көше қала аумағындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөздің мәлімдеуінше бүгінде Шымкент аумағында қоқыс тастайтын 488 қоқыс алаңшасы бар. Ондағы қоқыс контейнерлерінің саны 2039-ды құрайды. Бірақ олардың көпшілігі ескірген. Сондықтан да әкімдік контейнерлерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңартуды жоспарлауда.
uakit.kz
Сурет: ашық ақпарат көзі