ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАЙДЫ МА?

244
0

Түркістан облысында құрылыс нысандарындағы жұмыстар тоқтамайды, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ол құрылыс нысанындағы барлық жұмысшылар сақтық шараларын сақтап жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

«Төтенше жағдайға байланысты облыстың бас санитар дәрігері қосымша шектеулер белгіледі. Алайда, бұл құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі келтірмейді. Барлық жұмысшыларға іс барысында тиісті сақтық шараларын қатаң түрде сақтап жүру туралы талап қойылып отыр. Бүгінге дейін ешқандай кемшіліктер орын алған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайда», – деді Қ.Қайыртайұлы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары қазіргі таңда бірқатар құрылыс материалдары Шымкент қаласынан жеткізілетіндіктен аздаған қиындықтар туындағанын айтады. Дегенмен, екіжақты келісімнің арқасында бұл мәселе  оң шешімін тапқан. Бүгінде Түркістан қаласындағы 35 құрылыс нысанында 3200-ден астам  құрылысшы бір ауысымда жұмыс істеуде. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар.

Айта кетейік, жұмыс барысында құрылыс алаңдарында барлық құрылысшыларға медициналық бетперде тағып жүру міндеттелген. Әр нысанда медициналық пункттер жұмыс істеп, барлық жұмысшылардың дене қызуы өлшенуде.Сондай-ақ, олардың қолдарын жиі-жиі залалсыздандыру үшін антисептикпен қамтамасыз етілген. Барлық уақытта жұмысшылардың арақашықтығы 2 метрден кем болмауы керектігі ескертілген. Одан бөлек, құрылыс нысандарының аумағында COVID-19 вирусынан сақтану тәсілдері жазылған плакаттар ілінген.

uakit.kz