ШЫМКЕНТ: 15 МЫҢ ТЕҢГЕ ӨТЕМАҚЫ АЛАТЫН АЗАМАТТАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖИНАҚТАЛУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.
Осыған орай, карантин енгізілген өңірлерде халықтың жекелеген санаттарының коммуналдық шығыны үшін тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына 15 мың теңгеден аударылмақ.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, қалада коммуналдық шығыны үшін аталған қаржыны алатын 200 мыңға жуық абонент бар. Олардың қатарында әлеуметтік аз қамтылғандар, көпбалалы аналар, жалғызбасты зейнеткерлер т.б. санаттағы азаматтар енгізілген.
— Бұл мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы абоненттердің тізімін жасап, жинақтау үстінде. Тұрғынның әлеуметтік мәртебесі расталған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына тиісті қаржы аударылады, — деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетсек, мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде коммуналдық шығыны үшін төлем алушылардың келесі санаттары айқындалған. Олар:
— 1, 2, 3 топ мүгедектері;
— мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— көпбалалы отбасылар;
— ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
— мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
— төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
— атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.