МАҚТААРАЛ: ШӨКЕЕВ СУ АСТЫНДА ҚАЛҒАН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС АЙТТЫ?
Мақтаарал ауданындағы жағдаймен танысуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевпен бірге су басқан Нұрлыжол, Өргебас, Фирдоуси ауылдарын аралап, елдімекен тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдармен сөйлесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған мемлекеттік комиссия мүшелері Мырзакент елдімекенінде жиналыс өткізді.
Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі мәлімдейді.
Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия шешімімен Мақтаарал ауданындағы қызыл су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді.
Мырзакент елдімекенінің шетінен жаңа мөлтекаудан соғылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Ол үшін Мырзакент ауылынан 500 тұрғын үй салуға 50 га. жер белгіленді. Әр тұрғын үйдің шаршы метрі 100 метрді құрамақ. Жаңа тұрғын үй алабында орталықтандырылған су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Су астында қалған екі ауыл — Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтарына облыс әкімі 3 түрлі ұсыныс айтты.
Ең бірінші, өзге елдімекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, сол жаққа көшу;
Екінші, суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру;
Үшінші, әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу;
Бұл үш ұсынысты таңдауды тұрғындар өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды.
Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын Үкімет төлеп береді. Олардың несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылыми зерттеу институттарымен бірге су астында қалған жерді қалпына келтіріп, биыл қандай дәнді дақылдар егуге болатынын зерттейді.
Ал, жоғалған малдың шығыны Төтенше жағдай бойынша Штаб жанынан құрылған комиссия шешімімен өтеледі.
Атап өтейік, Өзбекстан Президентінің тапсырмасы бойынша Мақтаарал ауданына 100-ден аса техника, 200 маман келді.