ЕРЕЖЕНІ ДҰРЫС САҚТАМАУДАН ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

398
0

Қызыл, сары, жасыл… Өкінішке орай, жолдағы қозғалысты реттеп, бағдар беретін бағдаршамдағы бұл түстермен пандемия басталғалы бері елдегі жалпы эпидахуалды сипаттап келеміз. Біраз уақыттан бері Шымкент қаласы коронавирустың таралуы бойынша жасыл жолақта болып келген еді. Бірақ сәуір айынан бастап, індеттің ілмегіне іліккендердің қатары күн санап көбейгендіктен 15-сәуірден бастап «қызыл» аймаққа өткен. Қабылданған карантиндік шектеулер мен өзге де бақылау жұмыстарының нәтижесі болса керек, қала 26-сәуірден бастап қайтадан «сары» аймаққа өтті. Бірақ күн құрғатпастан, 28-сәуірде қайтадан «қызыл» аймаққа енді. Біз бұдан да қиын тұрақсыз жағдайға тап болмас үшін, карантиндік шектеулерді қатаң сақтауымыз керек. Әзірге карантиндік шектеулерді өмір дағдымызға айналдыруға үйренуіміз керек сияқты. Себебі, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес қалада шектеу шаралары 2021 жылғы 20-сәуірден бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күшейтілді.

Осыған байланысты ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев баспасөз брифингін өткізді. Өз кезегінде ол қалада коронавируспен тіркелген науқастардың ішінен коронавирустың «британиялық», «оңтүстік африкалық» және «бразилиялық» ауыр жағдайда өтетін түрлері анықталып жатқанын, бұл індеттің қауіптілігін арттыра түскенін айтты. Сондай-ақ ол, 23-сәуірде қалалық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Ashyq» жобасына қатысатын субъектілерге шектеу шараларын бекіту туралы Қаулысы шыққанын, соған орай 26-сәуірден бастап SPA-орталықтар, бассейндер, йога орталықтарын қоса алғанда, фитнес-клубтары қалыпты режимде жұмыс істейтінін, ал банкет залдарын, асхана, фаст-фуд объектілерді қоспағанда, қоғамдық тамақтану орындарының уақыты сағат 07:00-ден 00:00-ге, ал толтырылуы 50%-ға дейін шектелетінін айтты. Сонымен қатар ол, кинотеатр, театр, филармония мен концерт залдарының сыйымдылығы 20%-дан аспайтын жағдайда қалыпты режимде қызметін жалғастыратынын ескертті. Одан бөлек, бильярд, PlayStation клубтарын қоса алғанда компьютерлік және боулинг клубтарының толтырылуы 50%-дан артық емес, жұмыс режимі сағат 12:00-ден түнгі 00:00-ге дейін сақталатынын жеткізді.
Брифинг барысында қаланың бас санитар дәрігері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 29,3 пайызы ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталған, ал қалғаны карантиндік тәртіпті сақтамау салдарынан індетке шалдыққанын, сондықтан да қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, 28-сәуірдегі жағдай бойынша елімізде коронавируспен 314082 адам тіркелген. Емделіп шыққандар саны 268439, көз жұмғандар 3621 адамға жеткен. Өткен жылдың 1-тамызынан бастап 26-сәуіріне дейін коронавирус белгісі бар пневманиямен 52 627 адам ауырған. Оның ішінде 51377 адам емделіп шықса, 786 адам қайтыс болған.
Пандемия басталғалы бері 27-сәуірге дейін Шымкентте коронавируспен тіркелген науқастардың саны 9112 адамды құраған.