МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

84
0

Шымкент қаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын іске асыру бойынша кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Осындай келелі жиынның бірі – үшінші мегаполисте орналасқан фтизиопульмонология орталығында өтті. ОФО басшысы И.Құдайбергеновтың төрағалығымен өткен жиынға орталықтың дәрігерлері қатысты.

Спикер өз сөзінде «Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі кеңінен сөз болды. Өйткені медицина – инвестиция салуға қолайлы сала, тек оған дұрыс жағдай жасау қажеттігі, сонымен қатар медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі айтылды. Жалпы осы тақырып төңірегінде өз пікірлеріңізді білдіру маңызды» деп атап өтті. Қоғам саулығы мемлекет үшін қашан да айрықша маңызға ие. Өйткені ұлттық сапалық көрсеткіші елдің дамуына тікелей әсер етпек. Сондықтан мемлекет басшысы аталған сала турасында жиі сөз етіп, медицинаның дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Тіпті, Жолдауда да аталған салаға арнайы тоқталып өтті. Осы орайда, жиын барысында қоғамдық штаб мүшесі Рамазан Бектұрғанов «Мемлекет басшысы еліміздегі емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенде екі жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасамақ. Демек, денсаулық сақтау саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелер кезек күттірмейді» деп атап өтті.

Денсаулық сақтау саласының дамуы ақ халаттылардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан сапалы мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл жөнінде мемлекет басшысы алдағы уақытта жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатынын айтты. Бұдан бөлек, алдағы үш жыл ішінде резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға өспек. Мұның барлығы денсаулық сақтау саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.

Жиын барысында спикерлерден бөлек, медициналық орталық қызметкерлері де сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттер мен бастамаларды жүзеге асырып, елдің дамуына үлес қосу үшін бірліктің қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар көкейлерінде туындаған сауалдарға да спикерлерден жауап алғанын айта кету керек.