«Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі 76 жылдан соң келді

507
0

Расында бұл өте қуанышты жағдай болды. Бір-ақ әттегенайы сол соңынан 76 жыл өткен соң келген қос марапатын Дәрмен көкеміз көре алмай, бар екенін ести алмай кетті. Алайда өзінің көз алдында рота командирі Кутликовтің награда қағазын толтырып Мәскеуге жібергенін білетін. «Сол уақытта сізді наградаға ұсындым» деп айтқаны да есінде еді. Өкініштісі, осы бүгінгі қуанышты жағдайды көре алмай кетті.

Әңгімені басынан бастап айтар болсақ, жартытөбелік Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры Дәрмен Нәрікұлы 1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы «Жаңа тілек» ұжымшарында
дүниеге келген. Елдің басына түлей ұйытқыған борандай туған қиыншылықта он жетіге жаңа толған жас жігіт 1942 жылы 17 жасында майданға аттанады. Соғысқа аттанғанында әлі де балалық мінез, ұяңдық қасиеттері басым болатын. Кісіге саусағының ұшын тигізіп көрмеген бозбала алдында етігімен қан кешетін күндердің мәңгі есінде қалатынын сезбеген еді. Сұрапыл соғыс өтінде 1942 жылдың қара күзінен 1945 жылдың тамыз айына дейінгі аралықта қанды қасапты ұрысқа қатысқан жауынгер елге жеңіспен оралады. Бірінші Украина майданындағы танк десанты құрамында ерлік көрсетіп, Киев, Житомир, Львов қалаларын және Польша мемлекетін жаудан азат етуге қатысады. 1945 жылдың 2 сәуірінде Одер өзенімен өтіп, неміс фашистерінің ордасы—Берлинді басып алу шайқасына қатысады.
Елге оралған соң түрлі салада қызмет еткен ол 1958 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы Жартытөбе кеңшарында есепші болып еңбек етеді.
Отан алдындағы ерлігі мен еңбегін бағалаған үкімет ардагерді жоғары бағалап, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Соғыс ардагері», «Еңбек ардагері» медальдарымен және көптеген мемлекеттік дәрежедегі құрмет грамоталарымен марапаттаған. Жұбайы Нәрікова Мейіркүл екеуі Раушан, Мұса, Иса, Мұқанмадияр, Роза, Райса, Рая, Райхан, Бақтияр есімді 4 ұл 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйген үлгілі отбасы бола білді. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп педагогикалық кеңесінің шешімімен ардагер азамат Ұлы Отан соғысының қаһарманы Нәріков Дәрмендік мәңгілік есте қалдыру үшін оның есімі мектептегі алғашқы әскери даярлық кабинетіне беріледі. Тура осы қазір сіз көз жүгіртіп шыққан Дәрмен атамыздың өмірбаяны сол есімі берілген кабинетте ілулі тұр. Енді осы өмірбаянындағы шежіре беттеріне Дәрмен атамыздың «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» орден-медальдары қосылып қайта жазылатын болады. Жақында ғана ол кісінің қиян-кескі шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін алдымен «Ерлігі үшін» медалімен, кейіннен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанын білдік. Мотоатқыштар батальоны станокты пулемет бөлімшесі командирінің орынбасары Гвардия кіші сержанты Нәріков Дәрмен 1943 жылы 8 желтоқсаннан Украйна майданында соғысқа кіреді. Ол кезде Дәрмен он сегіз жаста болатын. 1944 жылы 7 қаңтар Разин станциясы аумағында жаудың 4 солдатының көзін жояды. 9 қаңтар күні 9 гитлершілерді саптан шығарғаны үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Бұл Дәрменнің Отан соғысындағы тұңғыш алған наградасы еді.
Кейін №14 гвардиялық батальонында қызмет етіп жүргенінде 1945 жылы 16 қаңтарда, Рауловище елді мекені маңайында болған кескілескен шайқаста жау қоршауын бұзып өтіп, Кеңес солдаттарының қоршаудан шығып кетуіне мүмкіндік жасап, тосқауылды бұзып-жарып қол пулеметімен атқылап 12 гитлершілердің көзін жойғаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Бұл марапаттарды арнайы Мәскеуге ұсынып, награда қағазына қол қойған Дәрмен атамыздың командирі капитан Кутликов болатын.
Жақында архив құжаттарын ақтарып отырып, бөлімше командирі Дәрмен Нәріковтың 1944 жылы «Ерлігі үшін», 1945 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтталғанын білдік. Сонда Ұлы Отан соғысынан бері 76 жылдан кейін батыр жерлесіміздің мұрағат арқылы ғана ерліктері ақиқатқа айналып отыр.

Мақсат Қарғабай.