СОҒЫССЫЗ ӨМІРДІ СЫЙЛАҒАН СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

1394
0

Өткен аптада жанқияр ерлікпен жеткен Ұлы Жеңіс күні мерекесінің 76 жылдығына орай Шымкентте бірқатар іс-шаралар болды.

Атап айтқанда, Шымкент қаласының қорғаныс істері департаменті мен шаһардағы әскери бөлімдердің сарбаздары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Қарт майдангерлерге құрметтер көрсетті.
Өз кезегінде департамент басшысы полковник Алмаз Тілеуханов 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Негмат Гареевтің шаңырағына барып, оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыстай отырып, «Сіздер майданда дұшпанмен жан аямай шайқасып, ерлік пен отаншылдықтың керемет үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл бүгінгі жас сарбаздар үшін тамаша үлгі-өнеге дер едім. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбітшілік заман үшін алғысымыз шексіз», — деді.
Сондай-ақ, Н.Гареевті Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Мұсабаев та құттықтап, оған қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Қарт майдангер сұрапыл соғысқа аттанған алғашқы легтің қатарында болған. Ол 1938 жылы 22 жасында кеңес әскеріне алынған. 1941 жылы майданға аттанып, жаяу әскер ретінде алғы шепте шайқасқан. Ауыр жараланып, елге қайтқанымен арада бір жыл өтпей майданға қайта шақырылып, әйгілі 202 атқыштар дивизиясының қатарына қосылған. Курск түбіндегі шайқастан бастап Германияға дейін оқ пен оттың ортасында фашистермен кескілескен. Негмат Гареев Жеңіске бірнеше күн қалғанда екінші рет ауыр жараланған. Ұлы күн – 9 мамырды әскери госпитальда қарсы алған. Содан соң 1947 жылы туған жері Уфаға оралған. Арада бес жыл өткенде, дәлірегі 1952 жылы Шымкентке қоныс аударған. Қан майданда жаулармен арпалысып аман қалған ардагер бейбіт өмірде ел дамуына еселі еңбегімен үлес қосқан. Нан зауытында жұмыс істеп, талай шаңырақтың дастарханынан жылы-жұмсақтың үзілмеуіне үлес қосқан. Депода еселі еңбек еткен. Гидролиз зауытында абыройлы жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ардагер бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Қалалық қорғаныс істері департаменті мен шаһардағы әскери бөлімдермен қатар Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары да айтулы күнде ардагерлерді құттықтады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов Ұлы Отан соғысының ардагерлері Анна Шаля мен Халел Атантаев ақсақалдың шаңырақтарына бас сұғып, оларды мерекелерімен құттықтады. Іс-шара барысында ардагерлерге сый-сыяпат көрсетіліп, сол дәуірдің әскери формасын киген театр әртістері соғыс даласында шырқалған әндерден шашу шашты.
Соғыс ардагері Анна Шаля маусым айында 98 жасын тойлайды. Майданда радист болған ол Ұлы Жеңіс мерекесін Прага қаласында қарсы алған. Ол қан майданға Шымкенттегі педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүрген кезінде өз еркімен аттанған. Бейбіт өмірде талай жоғары лауазымды қызметтер атқарған қарт майдангер миллиондаған жанды құрбан еткен алапат соғыс енді жер бетінде ешқашан болмасын деп тілейді.
Ал өткен жылы күзде бір ғасырды артқа тастаған қария, соғыс ардагері, қарт майдангер Халел Атантаев 18 жасында әскерге алынып, қиян-кескі шайқастардың нағыз қайнаған ошағында болған. 1939 жылы фин соғысында етігімен қан кешіп, сонау Жапонияға дейін барған. Өмірі ерлікке толы ардагер бүгінде кіндігінен тараған бес бала-шағасынан немере, шөбере сүйіп отыр. Бұл күніне үлкен шүкіршілік етеді. Оның жыл сайын асыға күтетін ең сүйікті мерекесі – 9-мамыр Ұлы Жеңіс күні. Өйткені әр көктемде зұлмат соғыстың отын өшірген майдангер үшін балалардың күлкісін көру, адамдардың шаттықта өмір сүргенін сезіну үлкен бір бақыт.
–Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан жиырма ардагер қалды. Ендігі міндетіміз көзі тірісінде осы ардагерлерге барынша қамқорлық жасап, қолдан келгенше көмегімізді аямау. Өйткені бүгінгі ашық аспан, бейбіт өмір үшін кейінгі ұрпақ оларға мәңгілік қарыздар. Осы ретте Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әрбір ардагерге 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Қандай бағалы сый болса да Жеңісті жақындатқан жауынгерлер оған лайықты, — деді Б. Нарымбетов.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен ардагерлерді арнайы құттықтады. Солардың қатарында ұрыс алаңына 1941 жылы 18 жасында тап болған Қаражан Естемесов бар. Соғыс жылдарындағы теперіштер ардагердің жүрегіне жазылмас жара салған. Дәл осы қиян-кескі соғыс кезінде ол өзінің жалғыз бауырынан айырылып қалған. Ол туған жеріне соғыс өрті өшкеннен кейін, екі жылдан соң, яғни, 1947 жылы оралған. Алғашқы кезде 61-полкта жаяу әскер қатарында болды. Соғыс кезінде Киев, Житомир, Полтава, Белоцерковь тағы басқа қалалардағы шайқастарға қатысқан. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Ардақты ардагер бір жетіден соң 100 жасқа толады. Қала әкімі ғасыр жасаған ардагерді мерекемен құттықтап, оған сый-сияпат жасады. Қаражан қария ұл-қызынан 10 немере, 30 шөбере, 5 шөпшегінің қызығын көруде.
Сонымен қатар Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Абылай Қазбаевты да құттықтады. Бүгінде 96 жастағы қария тәңір берген 1 ұлынан 4 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
Қала әкімі Отан үшін от кешкен Абылай Қазбаев ақсақалға сан ұрпақтың атынан алғыс айтып, оған ізгі тілектер арнады. Зор құрметке лайық ардагер 1925 жылы ОҚО, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. Отан қорғауға 1943 жылдың басында аттанады. Ташкентте дайындықтан өткен соң, 4-ші Украин, 3-ші Беларусь майдандарында болып, Латвия, Литваны азат ету ұрыстарына қатысады.
Абылай Қазбаев зеңбірекшілер тобында жүріп, неміс танкісіне қарсы тұра білген жаужүрек жауынгерлердің бірі. 1945 жылы 1-мамырда Кинизбург қаласын азат етуші жауынгерлер сапында болған ол елге 1950 жылдың сәуір айында оралады.
Әкім арнайы барып құттықтаған тағы бір қария – Қалтай Бектасов. Бүгінде ол тоқсанның жетеуіне шыққан. Соған қарамастан қарт жауынгер әлі де тың. Соғысқа 1943 жылдың 25-ақпанында аттанған. Сол жылдың қараша айында №44 атқыштар дивизиясында автоматшы, бір жылдан соң «байланысшы» қызметтерін атқарған. 1945 жылы ақпан айында 50 мың жауынгерлермен бірге жапон империалистерімен соғысуға аттанған. Елге 1947 жылы оралған. 1947 жылдан 1967 жылға дейін Ленгір қаласындағы шахтада бригадир болып қызмет еткен. 1969 жылы 45 жасында зейнетке шыққан. Сайрам ауданының Құрметті азаматы атағын алған. Өңіріне «Еңбек ардагері» төс белгісі тағылған. Мерейлі марапат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальін алған. Бүгінде 3 ұл, 3 қыздан 34 немере, 56 шөбере және 15 шөпшек сүйіп отыр.
Бейбіт күннің қадірін барынша бағалай білетін ардақты ардагерлердің бірі Қадыр Атажанов Жеңіс күнін мерекелік көңіл-күймен қарсы ала алмады. Тоқсанның алтауын бағындырған қария өлім мен өмірдің ортасында қалды. Абырой болғанда ол алтынқолды ақ халаттылардың арқасында аман қалды.
Шымкент жүрек орталығының хирургтары 96 жастағы Қадыр Атажановқа күрделі операция жасады. Отадан кейін денсаулығы жақсарған қарт кісіні қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Позилов Бақытжан Жеңіс күні мерекесімен құттықтау үшін ауруханаға арнайы барып, оған денсаулық пен мол қуаныш тіледі.
Жүрегіне операция жасалған майдангер Қадыр Атажанов сұрапыл соғысқа 1942 жылдың соңында 17 жасында өз еркімен аттанған. Жас сарбаз жаяу әскерлер құрамында Батыс-Украина майданында шайқасқан. Соғыс аяқталғанымен, майдангер Қадыр Атажанов әскери қызметін Украинада жалғастырып, бандерашылармен күрескен. 1948 жылы елге оралған соң, көп ұзамай теміржолшы болып жұмысқа орналасқан. Сол жерде табан аудармай 40 жыл еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан.
Айта кетейік, қария 7 мамыр күні қаладағы жүрек орталығының қабылдау бөліміне жедел жәрдем арқылы жеткізілген еді. Ауруханаға түскен 1925 жылғы науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде электрокардиостимулятор имплантациясы отасын жасады. Қазіргі таңда ардагердің жағдайы жақсы, орталықта емін жалғастыруда.