ӘКIМ БОЛДЫМ, МIНЕКЕЙ…

304
0

Қазақстанда әкімдік жүйенің енгізілгеніне 22 жыл толыпты. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысын 8-ші әкім басқарып отыр. Әкімдердің ісіне баға беретін – халық, халықтан асқан сыншы, үлкен сарапшы жоқ. «Ер еңбекте сыналады» дейді қазақ. Сегіз әкім ел жадында қандай еңбегімен, іс-әрекетімен сақталыпты, бүгінгі әңгіме осы тұрғыда болмақ.

Марс Үркімбаев. 1992 жыл ақпаны мен 1993 жылдың желтоқсаны. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Марс Фазылұлының есімі Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі ретінде алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз. Бұл Кеңес Одағының ыдырап, оның құрамындағы барлық республикалардың құлдыраған кезі еді.
Басқарудың әкімшілік жүйесі енгізілді дегенмен, шындап келгенде, негізгі өзгерістер жаңа жүйені құруға емес, бұрынғы қалыптасқан жүйені бұзуға бағытталды. «Әкім» деген сөз қолданысқа осы кезде кірді. Расы керек, Марс Фазылұлының есімі көпшілікке саясаткер емес, ғалым ретінде жақсы таныс болатын. Елде, оның ішінде Оңтүстік жақта компартияның шекпенінен шыққан, түрлі мемлекеттік қызметтерде ысылған, тәжірибесі мол азаматтар жеткілікті болатын, сондықтан да көпшіліктің көкейінде «ғалым адам елді қалай басқарады?» деген күдіктің ұялауы заңды еді. Бұл кезде Үкімет басында Сергей Терещенко отырған.
Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының ғана емес, еліміздегі барлық өндіріс ошақтарының жұмысы тоқтап қалу қаупі туындаған кез. Облыстық бюджетте қаржы жоқтың қасы. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Үркімбаев технология мен өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға баса ден қойды. Осындай қиын-қыстау күндерде облыс басшысы аймаққа инвесторлар тартумен айналысты. Айта кетерлігі, тамшылатып суару тәсілі Оңтүстікке ең алғаш осы Марс Фазылұлының тұсында енгізілген. 1992 жылы оның бастамасымен израильдік мамандар шақырылып, арнайы қондырғылар әкелініп, тамшылатып суару тәсілі шаруашылықтарға енгізілген болатын.
Тағы бір атап өтерлігі, ол кісі өңірді сапалы ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз етуге атсалысты. Американдық “Джон Дир” компаниясымен комбайндар жеткізіп беру туралы келісім-шарт осы кезеңде жасалған. Бұл кезең Шымкенттен “Ордабасы” деген теледидардың шығарылуымен де ерекшеленеді. Сондай-ақ, ғалым-әкімнің бастамасымен осы кезде ксерокөшірме, бейнемагнитофондарды құрастыру жұмыстары да қолға алынған болатын.
Баспана КСРО тұсында да қазақтың бас ауруы болып келген. «Өкімет өлтірмейді» дейтін заман емес, қала тұрғындарының баспана мәселесін шешу үшін Марс Фазылұлы бүгінгі Қатынкөпір елді мекенінен әуежайға дейінгі алқаптан әр азаматқа 10 сотық жерден тегін беруге шешім шығарады. Кейбір естеліктерге жүгінсек, осы он сотық жер тұрғындарға сол кезде мәжбүрлегендей етіп берілген екен. Бүгінде Шымкентте «Академиялық қалашық» дейтін шағын аудан бар. Алайда, атауы қалғанмен, жоба сол күйі жүзеге аспай қалды. Өндіріс ошақтары біртіндеп жұмысын тоқтатып, жұмысшылар айлап жалақы алмай жатты. Жасыратыны жоқ, жұрттың бар арман-тілегі бұл кезде тек нан тауып жеу ғана болып қалды, коммуналдық қызмет ақысы еселеп өсіп жатты. Өнер, әдебиет деген әдірем қалды. Бұл кезең Ордабасы тауының бигінде үш елдің президенті: Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Өзбекстан Президенті И.Каримов пен Қырғызстан Президенті А.Ақаевтың қатысуымен өткен үлкен жиынымен де тарихта қалды. 1993 жылдың 29-30 мамырында өткен жиын үш жүздің билерін еске алуға арналып, оған облыс халқы ғана емес, көрші мемлекеттерден де жүздеген қонақ келді.
Сөйтіп жүргенде көп ұзамай сабан ақшаның орнына төл теңгеміз қолданысқа енді. Валюта ауысқанда көп жұрттың жинақ кассаларындағы қомақты салымдарынан айрылып, қан қысымдары көтерілетіні осы кез болатын. Сол жылы 15 қарашада теңге ауысты, көп ұзамай Марс Фазылұлы да әкімдік қызметінен кетті. Көнекөздердің естелігіне жүгінсек, жаны қазақ болғанмен, тілінің орысша болуынан болса керек, әйтеуір «технократ» Үркімбаев қазақы өңірдің тұрғындарымен етене араласып кете алмаған.

Зауытбек Тұрысбеков. 1993 жылдың желтоқсаны — 1997 жылдың желтоқсаны. Облыс әкімі орынтағында Зауытбек Қауысбекұлы тура төрт жыл отырып, Әкежан Қажыгелдин Үкіметімен қоян-қолтын жұмыс істеді. Бұл зауыт-фабрикалардың өз жұмысын тоқтатқан кезі. Нарықтық экономикаға көшкен мемлекет үшін мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды, мекемелерді ұстап тұру еді. Осыған байланысты ҚР Президенті оларды мемлекет иелігнен шығару, яғни жеке меншікке беру туралы жарлық шығарып, жер-жерде мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеттер құрылған болатын. Әрине, бұл жұмыс Қазақстанда кезең-кезеңге бөліп жүзеге асырылды. Тұрысбековтің әкімдік қызметі осы мемлекеттік меншікті жекеменшікке берудің екінші кезеңімен тұспа-тұс келді. Елдің есінде қалғаны, Шымкенттегі үлкен зауыт-фабрикаларға қарасты балабақшалар, қаншама әлеуметтік нысандар болмашы тиын-тебенге сатылды. Ауылдарда кейбір ғимараттар бір малдың құнымен бағаланды. Елдің бүгінде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті» дейтіні нақ осы кез болатын. Газ, жарық, жылу мекемелері де мемлекет меншігінен жекенің иелігіне өтіп, халықта коммуналдық қызметке төлейтін ақша болмады, коммуналдық мекемелер мен халық арасында жағдай шиеленісе түсті. Қалада газ да, жарық та, жылу да жоқ. Дүкен сөрелері де босап қалды. Қаланың көп қабатты үй тұрғындары тамақты аулада дайындауға көшті, бүкіл отбасы сол оттың басында жылынған кездер де өтті. Зауыт жұмысшыларының жалақы қарызын талап етіп, облыстық әкімдіктің ғимараты алдына «аштық жариялап» жатып алуы әдетке айналды. Елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Айта кетерлігі, бұл кезде жабайы мұнай саудасы кең етек жайды.
Бұл кезде елде үлкен саяси оқиғалар орын алып жатты. 1994 жылдың 7 наурызында Қазақстанда Жоғарғы кеңестің (бүгінгі Парламенттің) алғашқы сайлауы өткізілді. Осы жылдың 6 шілдесінде Жоғары кеңестің Қазақстан астанасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулысы қабылданды. Келесі жылы Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылды. Көп ұзамай Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы референдум өтіп, 30 тамызда елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Осы 1995 жылдың желтоқсанында ҚР Парламентінің қос палатасының сайлауы қайта өтті. Ел партия-партия, ұйым-қозғалысқа бөлінген кез, бүгінгі сайлауларға қарағанда сол кездегі сайлаулардың тартысты болғаны содан. Мұндай тартыстар Парламент отырыстарында, жергілікті мәслихат сессияларында да көрініс тауып жатты. Сол кезде ОҚО мәслихатының сессияларында облыс әкімінің жұмысына қатысты ауыр-ауыр сындар айтылғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ. ОҚО мәслихатының сол кездегі Ө.Мелдехнов, Т.Тілеулес, С.Ахмет (бұл кез қазақтардың тегінен «-ов, -ев» жұрнағын алып тастап жазуға рұқсат берілген) секілді депутаттардың мәселені төтесінен, батыл қоятынына қарапайым жұрт сырттай риза болысты. Тұрысбековті сол кезде ерінбегеннің бәрі сынап, жоғары жаққа сыртынан арыздар жіберіп жатты. Алайда, соның бірі де Зауытбек Қауысбекұлының саяси беделіне нұқсан келтіре алмаған сияқты. 1997 жылдың қазан айында Үкімет басына Н.Балғымбаев келіп, көп ұзамай желтоқсан айында ол ҚР Көші-қон және демография жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметіне жоғарылап кетті.

Халық Абдуллаев. 1997 жылдың желтоқсаны -1999 жылдың шілдесі. Саналы ғұмырының көбін сыртта өткізді дегенмен, Оңтүстіктің өз перзенті. Энергетик. Кеңес Одағы тұсында Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Оның қызметтерін тізіп айтқандағы мақсатымыз: шаруасы әбден шатқаяқтап кеткен Оңтүстікке саяси аренада ысылған осындай азаматтың басшылық жасағаны аса қажет еді. Оның үстіне – энергетик, қараңғылық құрсауында қалған қалың елін тым болмаса жарықпен қамтуға көмектеседі деп үміт артты көбі.
Алматыдан келген әкім қызметін алдымен «Самолет» базарды көшірумен айналысты. Елдің ала дорба арқалап, сауда жасап, күнін әзер көріп жүрген кезі. Жаңа әкімнің бұл әрекетіне наразы болған жұрт күн сайын облыстық әкімдік алдына келіп, шеру ұйымдастырды. Жалпы, бұл кезде наразылық шеру ұйымдастыру, аштық жариялау ешкімге таңсық емес-тін.
Алайда, Абдуллаев жібіген жоқ, базар жабылды, сатушылар улап-шулап қала берді. Бүгінде «Тәуелсіздік саябағы» орын тепкен тарихи орын осылай сақталып қалған еді.
Газ, жарық, жалақының мәселесі бұл кезде де ушықпаса, оң шешім таба алмады. Наразылық ретінде халық орталық көшелерді жауып, оқтын-оқтын шеруге шығып тұрды. Халық осылай қиналып жатқанда, Халық әкім бұл кезде жетім балаларды «асырап» алып жатты. Мұны барлық ауданның әкімдері іліп әкетіп, әрқайсысы жетімдер үйлеріндегі 10-15 балаға әке болып жатты. Киіндірді, бос уақыттарында «балаларын» серуендетіп, демалыстарда үйлеріне апарып тұрды. Алайда, Халық әкім қызметтен кеткен соң баяғы аудан әкімдері де балаларын бірте-бірте ұмыта бастады.
Бұл кезең Оңтүстік жақта «Ордалы жылан» («Шымкентская мафия») кітабының шығарылуымен де есте қалды. Әркімнің өз шындығы болады, автордың билікке қатысты «шындығы» ел арасында үлкен «резонанс» туғызып, саясатта жүрген талай адамның тынышын кетіріп, ұйқыларынан шошытқаны рас.
Расы керек, жұрттың облыс басшысының жұмысына көңілі толмады, бұрынғы лауазымды қызметтерін қалай атқарғаны белгісіз, әйтеуір Халық әкім халқына жақын бола алмады. Соңында, Елбасының өзі Оңтүстікке арнайы келіп, оны қызметінен босатты. Сөйтіп, Абдуллаев облысты өзінен алдыңғы әкімнен қалай қабылдап алса, кейінгі әкімге дәл солай, «жоқшылық мұрасын» мұра етп қалдырып кетті.

Бердібек Сапарбаев. 1999 жылдың шілдесі – 2002 жылдың тамызы. Ел ептеп есін жиып, еңсесін көтере бастаған кез. Облыста кіші-гірім болса да жұмыс орындары ашыла бастады. Ең бастысы Сапарбаевтың кезінде жарық та, газ, жылу да бір қалыпқа түсе бастады. Жалақы, зейнетақы да тұрақты беріле бастады.
2000 жыл республикада Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланған. Өзіне дейінгі және кейінгі әкімдерден бір артықшылығы, Бердібек Мәшбекұлы зиялы қауым, шығармашылық адамдары мен өнер адамдарын көп қабылдады, жүздеген шығармашылық, өнер адамдарына пәтер берді. Дұрысы, кейбір оқу орындарының босап қалған жатақханасын пәтер етіп қайта жөндеп, меншіктеріне берді. Сондай-ақ, сол кезде пәтер жетпеген 120 шығармашылық адамына «Қайтпас» шағын ауданы жақтан жер телімі берілді.
Дәл осы жылы әкімнің бастамасымен Оңтүстікте «Қарадомалақ-2000» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Ұсақ саудадан үлкендеу бизнеске көшіп, қарын тойдырып қалған ірілеу кәсіпкерлер осы акцияға қатысып, демеушілік таныта бастады.
Ерекше тоқтала кететін бір жәйт, әкім Сапарбаев Оңтүстікке өзі ғана емес, «командасын» соңынан ерте келді және көбісін лауазымды қызметтерге тағайындады. Тәжірибелі, білікті кадрлар өзімізде де жететін. Бұл, әрине, жергілікті тұрғындардың, әсіресе «саяси элитаның» ашу-ызасын туғызды.
Зиялы қауымды баспанамен жарылқап, газ, жарық, жылудың мәселесін қалыпқа түсірсе де әкімді кейбіреулер жақтырмай-ақ қойды. Тіпті жергілікті тәуелсіз басылымдардың кейбірі әкімді нөмір сайын сынап жатты.
Айтқандай, осы жылдары бір топ көп балалы ана Бердібек әкімнің «қанын ішті». 20 ана жәрдемақы алмадық деп шағымданып, наразылық шеруін ұйымдастырып, Алматы мен Астанаға дейін барып аштық жариялап, өздерін өртемек те болды. Оңтүстікке түрлі комиссиялар келіп, тексеру тексеруге ұласып жатты. Жәр-
демақы үшін бөлінген қаржыны кейбір шенеуніктер «жеп қойған» екен. Комиссия бәрі дұрыс деп кетеді, аналар да алған бетінен қайтпады. 2002 жылдың күзінде Түркістанда дүниежүзі қазақтарының құрылтайы белгіленіп қойған, аналар сол кезде «бунт» жасамақ болып қорқытты. Болмаған соң белсенді екі әйелдің үстінен іс те қозғалды, бірақ жәрдемақы «жыры» сол күйі бітпей қалды.
Бердібек Мәшбекұлы елдің есінде қарапайым, мықты ұйымдастырушы азамат ретінде қалды. 2002 жылдың тамызында Астанаға ҚР Кедендік бақылау комитетіне төраға болып кетті. Кеткенде де әдемі кетті. Журналистерге дастарқан жайып, жылы қоштасып кетті.

Болат Жылқышиев. 2002 жылдың тамызы – 2006 жылдың қыркүйегі. Болат Әбжаппарұлы Оңтүстік үшін жат емес, төл перзенті. Аудандарда жұмыс істемеді дегенмен, бұған дейін ол Тараз, Кентау және Шымкент секілді қалалардың әкімі қызметтерін атқарған еді және барлық жерде ол туралы елдің пікірі жоғары болды. Іскер, талапшыл басшы. Ел есінде кез келген мәселені салқынқандылықпен шешетін, байсалды әкім ретінде қалды. Бір жылдары қала халқы бос жатқан жерлерге өз бетімен үй салып, орнығып алған болатын. Оны өздері «Нахаловка» атап кеткен. Бұл бүгінгі Қонаев даңғылы түскен аумақ болатын. Мамандығы құрлысшы Болат әкім Қонаев даңғылын ұзарту үшін үйлерді бұзу туралы шешім қабылдады. Содан әкімдіктің алды күнде у-шу, жылап-еңіреген бір қазақ. Бірақ, әкім жібімеді. Үйлер бұзылды, есесіне кейіннен сол орыннан кең де әдемі даңғыл жол салынып, керемет ғимараттар бой көтере бастады.
2003 жыл республикада «Ауыл жылы» болып белгіленді. Ауылдарда біртіндеп әлеуметтік нысандар салынып, ауыз су құбырлары тартыла бастады.
Осы кезеңде республикада 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданы сол жылдары пайда болды және аудандардың бәрінде дерлік аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйлер салынып жатты.
Расы керек, Болат Әбжаппарұлының артынан ешқашан жаман сөз ерген емес, жайшылықта әңгімесін әкімдерді сынаудан бастайтын БАҚ-тар да ол туралы артық-ауыс ештеңе жазған емес. Оның қызметтен кетуіне Оңтүстіктегі ВИЧ оқиғасы себеп болды.

Өмірзақ Шүкеев. 2006 жылдың қыркүйегі – 2007 жылдың тамызы. Арқа жақтан келгенімен, Өмірзақ Естайұлы да Оңтүстіктің өз баласы. Бір жылдары ОҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарғанмен, жылдарының көбі Солтүстік жақта өткен. Министр, вице-премьер де болған. Қостанай облысының әкімі, Астана қаласының әкімі де болған. Оңтүстік Қазақстан облысын бір жылға жетер-жетпес уақыт басқарғанымен, көп шаруа атқарып кетті. Шыны керек, ол келгенге дейін облыс орталығындағы шеткері көшелерді айтпағанда, орталық көшелердің өзі ойдым-ойдым болып жататын. Жаңа әкім келе сала сол көшелерді жөндеуге кірісті. Кірісіп қана қоймай, көше бойларына гүл көшеттерін, қылқан жапырақты ағаштарды отырғызуды қолға алды. Сөйтіп, аз ғана уақытта Шымкент гүл қалаға айналды. Қала күн санап емес, сағат санап құлпырып жатты.
Баяғыда бір келін «ел жатса да, енекем жатпайды» деген екен, сол секілді ел жатса да, Шүкеев еш жатпады. Түнгі сағат 1-2-де БАҚ өкілдерін жанына ертіп рейдке шығып, заңсыз автотұрақтарды, түнгі базарларды, қала көшелерін талай аралап, одан қайтқан соң әкімдікте жиналыс жасап, кемшіліктерді түзетуге тапсырма беріп тұратын. Былайғы жұртқа білінбес, бірақ апта сайын түн жарымында онымен бірге рейдке шығатын журналистер оның қай уақытта, қанша сағат ұйықтайтынына таң қалумен болатын.
Облыс әкімі тіпті қала көшелерін облыстағы әр басқарманың «мойнына асып» беріп, жүргіншілерге арналған соқпақ жол салуды, шам орнатып, көріктендіруді тапсырды және оны жарысқа айналдырды. Тапсырманы дұрыс орындамағандар облыс басшысынан сөз естіп те жатты. Сондай-ақ, осы кезде облыс орталығын қойып, аудан орталықтары да гүл егуден, көшет отырғызудан бәсекеге түсті.
«Көл» аймағындағы базар осы кезеңде көшіріліп, орнына гүлзар салынды.
2007 жылы облыс әкімдігінде Шымкент қаласынан «Қуаныш нұры» дейтін жаңа шағын ауданның жобасы таныстырылған. Ұмытпасақ, ол Қажымұқан атындағы стадион маңынан бой көтеруі тиіс еді. Сондай-ақ, әкімдікте «Химфарм» зауытынан Забадамды жалғайтын көпір, одан әрі Ташкентке баратын күре жолмен шектесетін көше түсетіні туралы үлкен жиын өткен. «Бозарық» маңынан үлкен базар ашылатыны да сол кезде айтылған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жақсы жаңалықты жарыса жазды сол кезде. Алайда, бұл жобалар бірте-бірте ұмытылды.
Айтқандай, Өмірзақ Естайұлы ел жадында шаруақор басшы ғана емес, өнерлі әкім ретінде де қалды. 2007 жылдың жазында Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда «Шаттық» ансамблінің керемет концерті өтті. Кеңес заманында Мәскеуге барып өнер көрсеткен жігіттер бұл кезде жігіт ағасы жасына жеткен, облыс басшысы солардың басын біріктіріп, сахнамен қайта қауыштырды. Жас кезінде осы ансамбль құрамында өнер көрсеткен Өмірзақ Естайұлы сол жолы ансамбль құрамында саксофонда өнер көрсетті. Көп ұзамай Шымкентте халықаралық джаз фестивалін ұйымдастырып, оған ТМД елдерінің джаз орындаушылары шақырылды. «Оңтүстік түні» деп аталған фестивальда Ресейдәі әйгілі саксофоншысы Игорь Бутманмен бірге өнер көрсетті. Осыдан бірер айдан соң ол Астанаға қайта кетті.

Нұрғали Әшімов. 2007 жылдың тамызы — 2009 жылдың наурызы. Жаңа әкім де бұл өңірге жат емес еді, Шымкенттің – «асфальттың» баласы. Тұңғыш әкімнің тұсында Оңтүстікте басшылық қызмет атқарған, вице-министр де, Қостанай облысында «замәкім» де, қала әкімі де болған азамат. Оңтүстікке ол Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметінен ауысып келді. Өзі ғана келген жоқ, бір топ «нөкерімен» келді.
Жаңа әкім қызметін бір кездері жекенің меншігіне өтіп кеткен саябақтарды мемлекет меншігіне қайтарудан бастады. Саябақтар бұл кезде серуендейтін демалыс орны емес, дәмхана-тойханаларға толып кеткен. «Халықтың меншігі халыққа қайтарылуы керек» деді ол. Әрине, мұндай тапсырма содан біраз бұрын Ақорда жақтан берілген. Алайда, саябақтарда бизнестерін жандандырып жатқан кәсіпкерлер бұған өре түрегелді. «Кәсіпкерлікке қол сұғу» деп қабылдаған олар да қарап жатпай, Елбасыға Ашық хат жазып, әбігерге түсіп жатты. Билік пен кәсіпкерлер арасында «текетірес» басталды. Нұрғали Сәдуақасұлы онымен қоймай «қызыл сызыққа» тиісті. Расында да, Шымкентте сол кезде көптеген бизнес-нысандар жүргіншілер жүретін соқпақ жолға дейін салынып кетіп еді.
Нұрғали Әшімов ел жадында өте мәдениетті, сыпайы әкім ретінде қалды. БАҚ өкілдерімен жақындасу үшін бір топ бас редакторды «Тау самалы» шаңғы базасына апарып, шаңғы тепкізіп қайтқаны әлі есте. Сондай-ақ, әкім — қала баласы болса да, қазақ баласы, атпен серуендеуді сүйеді екен. Сол жылдары облысқа Оңтүстік Кореядан бір топ делегация келіп, Шымкенттегі ипподромға инвестиция салып, қайта жабдықтау үшін келссөз жүргізуге келді. Кәрістер ипподромды халықаралық стандартқа сай жасақтап, ат жарыс өткізіп, тотализатор орнатқысы келетінін жеткізді. Мұндай жағдайда жүйрік аттарға бәйге тігіліп, оған жан-жақтан туристер ағылады деп сендірді. Әкімдікте өткен кездесуден соң делегацияны бастап келген Ли Ин Сун мырза мен аймақ басшысы Нұрғали Әшімов ипподромға барып көріп, екеуі екі атқа мініп, шаба жөнелсін. Әрине, жаңалықты әркім әрқалай қабылдайды. Ипподромның өзгеретіні туралы ғана ақпарат берген бір тілшіні сол кезде облыс әкімінің баспасөз хатшысының «әкімнің атпен шапқанын неге жазбаған» деп жазғырғаны әлі есте.
Агроқұрылымды қолдауға арналған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық сол кезде құрылды. Алайда, ол аты бар да, заты жоқ орталық болды. сондықтан сол кезде жергілікті БАҚ-тар осы орталыққа бөлініп жатқан қаржының мақсатты жұмсалмауы, оның батыстан ертіп келген кадрлары туралы үстін-үстін жазып жатты. Сөйтіп, сыпайы әкім соңынан сөз ертіп жүріп, Астанаға министр болып кетті, «командасын» да өзімен ерте кетті.

Асқар Мырзахметов. 2009 жылдың наурызынан бүгінге дейін. Асқар Исабекұлы да Оңтүстікке сырттан келген жоқ, осы елдің топырағына аунап өскен бала. Мамандығы – зоотехник-инженер. Ауыл шаруашылығы вице-министрі де, министрі болды, елші де болды. Әйтеуір, Оңтүстікке әкім болғанға дейін де есімі белгілі тұлға болатын. Ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен маман облысқа әкім болып тағайындала сала тұралап қалған ауыл шаруашылығына түрлі жаңалықтар енгізуге кірісті. Ауылдарда суармалы жерлер гектарлап игерілмей жатқан, әкім алдымен осы жерлердің көлемін түгендетті. Аудан-ауданға жылыжайлар салуды қолға алуды, оның көлемін жыл сайын көбейтіп отыруды тапсырды. Бау-бақша егу, жеміс-көкөністі сақтайтын орын ашу, оларды қайта өңдеу цехтарын ашу қолға алына бастады. Тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданысқа енгізу жүзеге асырыла бастады. Ауылдарда мал бордақылау, мал сою орындары ашылды. Сондай-ақ, мал тұқымын асылдандыру да жүзеге асырыла бастады.
Әкім тағайындалған соң біршама уақыттан соң облыстағы бүкіл ауылды аралап шықты, тіпті ол бармаған ауыл қалмады. Елдің жағдайын көзімен көрді, жұрттың жағдайымен танысты. Шалғай ауылдардағы халық әкімді «тірідей» көргеніне риза болысты. «Кейбір ауылдарда кейуаналардың риза болғаны соншалық, әкімнің қолынан ұстап тұрып «мамаңа сәлем айт» дегенін де өз құлағымызбен естідік. Елді түгел аралап шыққан соң Асқар әкім аудан басшыларына, олар ауыл әкімдеріне тапсырма беріп жүріп, облыстың әлеуметтік картасын жасатты. Ауылға не керек, соның бәрі осы картада көрсетілді. Осыған орай ауылдардың проблемасын шешуді қолға алды. Бүгінде бірен-сараны болмаса, ауылдардың өзінде көшелеріне асфальт төселіп, судың да, жарықтың да, тіпті газдың да мәселесі шешіліп қалды. Осы жылдар аралығында облыста қаншама мектеп, мәдениет үйлері, аурухана, емхана, балалар бақшалары салынды, әлі де салынып жатыр. Алғашқы жылдардағыдай емес, елде бүгінде әкімге айтар базына да азайды.
Мойындауымыз керек, Шымкент Асқар Исабекұлы қызметке келгелі бұрынғысынан да көріктене түсті. Абай саябағы аумағынан «Даңқ мемориалы» ашылып, оған Ұлы Отан соғысына қатысқан бүкіл азаматтың есімі жазылды. Бұрынғы «Самолет» базардың орнынан «Тәуелсіздік саябағы» бой көтерді. Бұрынғы «Көл» базарының орнына салынған гүлзардан Шәмші аллеясы ашылып, елден шыққан әйгілі өнер тарландарының «жұлдызы» орнатылды. Қажымұқан атындағы стадион алдынан қазақ спортына үлес қосқан, түрлі деңгейдегі әлемдік додаларда Көк туымызды аспандатқан чемпиондардың «жұлдызды» тақтайшалары орнатылды. Мұның бәрі, әрине, қыруар қаржыны талап етеді. Алайда, Асқар Исабекұлы бұл игі іске облыстағы кәсіпкерлерді жұмылдырды. Біріне жай сөзбен айтты, біріне тізесін батырды, әйтеуір, қолға алған жобалар бүгінде халықтың көз қуанышына айналып отыр.
Осы аралықта Шымкенттің бас жоспары нақтыланды, Елбасы тапсырмасымен қаланы республикадағы үшінші қалаға айналдыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда көп қабатты тұрғын үйлердің салынғанынан бөлек, жаңа әкімшілік орталық салу қолға алынды.
Соңғы жылдары облыста өндіріс те қарқынды дамып келеді. Түрлі инвестициялық жобалар қолға алынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Алайда, ара-тұра сол өндіріс орындарының бірқатары түрлі себептермен тоқтап қалып, әкімге сөз тиіп жатады. Сөз тиеді демекші, облыста Асқар Мырзахметовті сынамайтын басылым кемде-кем. Көп сыналады деген – жұмысты көп істейді деген сөз. Жұмыс істемесе несін сынайды?! Бірі «кадрды жиі ауыстырады» деп жазғырады, бірі атқарылған шаруаларда кеткен кемшіліктерді тізеді.
Кадр дегеннен шығады, оны көп жұрт «кадр таңдауда қателеседі» деп кінәлайды. Былтыр облыста тендерге қатысты былық шығып, бір басқарма басшысы «финполдың» құрығына ілікті. Облыс әкімінің орынбасары, құрылыс басқармасының экс-басшысы, қала әкімі туралы қауесет желдей есті. Асқар Исабекұлына осы оқиғаның оңай тимегені анық. Дос күйініп, дұшпан сүйінді. «Қызметтен кетеді» деп күтті бәрі. Кетпеді. Оған дейін де, кейін де әкімді «кетіріп-келтіріп» жүргендер көп. Бірақ, былтыр күзде елге келген Елбасы өңір басшысының жұмысына оң баға беріп, оны ешқайда алып кетпейтінін қадап айтты. Осымен бұл әңгіме тоқтағандай болды, әкім де қызметін атқарып жүр.

Гүлжамал МҰСАЕВА.