ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында инвестициялық саясатты дамыту мен жаңа өндіріс ошақтарын ашу бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында кәсіпкерлікті жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл бастамалар тек аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, өңір халқының әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізуде.
Жетісай ауданының әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, еңбек күші жеткілікті және инфрақұрылымдық мүмкіндіктер бар. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында жалпы аумағы 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылуда. Бұл жоба облыстық және аудандық деңгейдегі ең маңызды бастамалардың бірі болып отыр. Индустриялық аймақтың басты мақсаты – инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканың әртараптандырылуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда индустриялық аймаққа қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қаржыландыру тетіктері қарастырылуда. Аудан әкімі Серік Мамытов индустриялық аймақ аумағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ ол шетелдік инвесторлармен кездесіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Бұл кездесулердің нәтижесінде ауданда бірқатар маңызды жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығына қажетті тамшылатып суару жүйесіне арналған құрал-жабдықтар мен пленкалар өндіретін болады. Мұндай өнімдер бүгінде елімізде жоғары сұранысқа ие, ал оның жергілікті жерде шығарыла бастауы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті дамытуға зор мүмкіндік береді.
Аталған зауыттың іске қосылуы Жетісай ауданы үшін үлкен жаңалық болмақ. Себебі соңғы 30 жылда мұндай ауқымды өндіріс орны алғаш рет бой көтеріп отыр. Бұл кәсіпорын аудандағы экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, ондаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі мен инвесторлар арасындағы әріптестік нәтижесінде индустриялық аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жоба орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 29,9 млрд теңгенің 6 ірі жобасы 2026 жылы іске қосылмақ. Бұл жобаларға сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу кәсіпорны, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіретін зауыт, сондай-ақ полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорындары кіреді. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде аудан бойынша 1083 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындардың табысын арттыруға зор мүмкіндік береді. Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы – ауданның экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сол себепті аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Жетісай ауданының инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы ауданға 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал 2025 жылдың алғашқы 8 айында бұл көрсеткіш 22,3 млрд теңгеге жетті. Соңғы бес жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 94,5 млрд теңгеге тең болған. Бұл қарқын аудан экономикасының тұрақты даму үстінде екенін көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. 2024–2030 жылдар аралығында ауданға жалпы көлемі 419,6 млрд теңге болатын инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіштер Жетісайдың инвестициялық әлеуетін айқын көрсетіп отыр. Бүгінде аудан әкімдігі мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастық нақты нәтижесін беруде. Жобалар тек өндіріс саласын ғана емес, сонымен қатар логистика, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу бағыттарын да қамтиды. Осылайша, Жетісай өңірі Түркістан облысының экономикалық картасында ірі индустриялық орталықтардың біріне айналмақ. Индустриялық аймақтың дамуы жаңа инфрақұрылымның салынуына, жолдардың жөнделуіне, инженерлік желілердің тартылуына және әлеуметтік нысандардың көбеюіне жол ашады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады.