Басшы партияның беделін «батпаққа батыру» кімге «халал», кімге «залал»? немесе Ұласбектің орны 100 күннен бері «үңірейіп» тұр

394
0

Тоқсаныншы жылдардың басында табалдырығымыздан аттаған тәуелсіздіктен кейінгі Қазақ деген елдің қалыпты хал-ақуалы көңіл көншітер жағдайда болмағаны елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Бұрынғы одақтан бөлінген тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше болған елдердің арасындағы экономикалық, саяси байланыс бірден кірігіп кете алмады. Өндірістер тоқтап қалды. Неменесіне жасырып, жабамыз, халықтың қарны нанға тоймады. «Мың өліп, мың тірілген» небір зұлматты бастан кешірген, халық деген, ұлт деген атауы талай мәрте жойылудан аман қалған Қазақ елі бұл жолы да ақырзаман күндерге көнбістік танытты, шиқылдаған шыдамның шарт үзілуіне жол бермеді. Елдің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтай біртуар азамат Қазақстан халқын тамұқтан пейіштің төріне қарай сүйреп, сара жол бастады. Етек жабылып, қарын қанағатқа келген соң саяси мәселелерге бетбұрыс жасалынды. 1999 жылы «Отан» атты Президенттік партия өмірге келді. Ол бүгінгі биліктегі «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының елдің әуелгі іргесі болып қаланды. Одан бері де арада бір мүшел уақыт өтті. Халықтың қамын ойлаған демократиялық партия күрделі жолдардан өтті. Қатары нығайды. Елдің бүкіл өмір болмысындағы бастаушы күшке айналды. Оның ұңғыл-шұңғылын, үтірі мен нүктесін ту-талапай қылып талдап жату бүгінде артық, әрі әбес нәрсе болар еді. Партияның беделі мен салмағы, бастамашылық рөлі бір мемлекеттің шеңберінен шығып, алыс-жақын елдерге толық мәлім болды. Оның басы мен қасында 20 жылдан астам уақыт халқымен бірге қарышты қадам жасап, қияметтің қыл көпірінен елін жасампаз өмірге алып шыққан Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы тұрғандығын біз ұмытпауымыз керек. Өйткені, тарих оны өзі-ақ ұмыттырмайды.

Тарихтың қойнауына шегініс жасауымыздың бір үлкен себебі бар. Қазақстанның әрбір облысында дерлік сол облыстың басшылары билік партиясының басшылығын қолға алған. Өйткені уақыттың талабы да осындай. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Нұр Отан» партиясының филиалының төрағасы – облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов. Жалпы партиялық басшылық төрағаның құзырында болғанмен, оның негізгі ішкі және сыртқы жұмыстарына дем беріп, қан жүргізіп отыратын лауазымға бірінші орынбасар ие. Түрлі жиындар, бас қосулар, партиялық бақылауды нығайту, іс-құжаттарымен жұмыс істеу бірінші орынбасардың міндеттерінің негізгісі болып саналады. Биылғы қаңтардың қақ ортасында өткен Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Аудан, қала мен облыстық мәслихатқа жекелеген үміткерлер өз бағын сынға салса, Парламентке сайланатын депутаттар алдын ала партиялық тізімге енгізілді. Нәтижесінде бұрын бір партиялы болған Парламент, елдегі үш партияның өкілдерімен толықтырылды. Сөйтіп елдің тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдық тарихында демократия шынайы көрісін тапты.
Жарайды, ол сайлаудың да аумалы-төкпелі, айтыс-тартысты әңгімелері артта қалды. Бұрын бір қолдың емес, екі қолдың салалы саусақтарымен саналатын облыстан сайланған қалаулы азаматтардың аты аталып, түсі түстелсе, бұл сайлауда «Нұр Отанның» атынан  Ұ.Сәдібеков, У.Бишімбаев, Ш.Мырзахметов  үшеуі ғана  Астанаға жол тартты. Тізімнің басында тұрған Ұласбек Сәдібекұлының  партияның облыстағы төрағасының бірінші орынбасары лауазымы мен кеңсесіндегі креслосы жүз күннен бері әлі бос тұр. Бұл лауазымға жас депутат, бұрын аудан әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы секілді қызметтердің тұтқасын ұстаған, кейінгі кезде облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі болған, соңғы сайлауда облыстық мәслихаттың депутаттығына Түлкібас ауданынан өткен, мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Алмасбек Мамытбеков ұсынылғанмен, Астана төріндегі Нұрлан Нығматулин басқаратын «Нұр Отан» партиясының елегінен өтпей қалғандығы бүгінде жалпақ жұртқа жария болған жәйттердің қатарында.
Сырт көзден алынған деректерге қарағанда партия төрағасының бірінші орынбасарлығына облысқа аты мәлім азамат Сұлтанбек Сүгірбаевтың кандидатурасы ұсынылғаны да ақиқаттың ауылынан алыс емес. Ол кісінің өзі баспасөзге берген сұхбатында мұндай лауазымды ұсыныстың болғандығынан мүлдем бейхабар екендігін айтып, ат тонын ала қашыпты. Соншалықты партияның басшысы болу абыройынан ол кісі тысқары қалса, үш айдан бері партияның облыстағы төрағасы 2 миллион астам халықтың арасынан партияны басқаратын бір азаматты таппай қалғаны ма?
«Қуырдақтың көкесі» бірінші орынбасардың кім болатындығында емес, кандидатурасы жоғары жаққа жолданып жатқан С.Сүгірбаевты наурыздың ортасында «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы Абай аудандық филиалы өзі партия мүшесі бола тұра үш жылдан астам уақыт бойы бір теңге де партиялық жарна төлемегені үшін партия қатарынан шығарып, оны арнайы хаттамамен бекіткен. Облыстық филиалдың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Е.Бертаев мұндай әңгіменің шындық екендігін жоққа шығармайды.
Партбюрода төраға Асқар Мырзахметов өз аузымен кандидатурасын ұсынған С.Сүгірбаевқа бюро мүшелері қарсы болып, өтпей қалғанын, жарна төлемеген партия мүшесінің партиялық тізіммен депутат болғанын не үшін жасырамыз? Мұндай «былық қызықтарды» ары қарай тізбелесек сораңдаған талай сорақылықтар сопаң етіп шыға береді.
Қазір облыста С.Сүгірбаевтің төңірегінде әңгіме аз болып тұрған жоқ. Мүшеліктен аудандық филиалдың шығарғандығының заңдылығы мен заңсыздығын толыққанды анықтау үшін комиссия құрылып, ол жұмыс істеуде.
Міне, бір облыстың аумағындағы аудандық, қалалық, облыстық партия ұйымдарындағы өзара байланыс пен бақылау, тексеру жұмыстарының қаншалықты деңгейде екендігін партияға мүше емес, сәл сауаты бар адамның әрқайсысы-ақ айқын аңғаратыны айтпаса да түсінікті. Мүмкін әкімдік пен төрағалықты қатар алып жүру бір азаматқа ауыр болар?! Оңтүстік анау-мынау, майда-пашақ облыс емес. Кез келгеннің қауқары онда қос билікті алып жүруге жете бермейтіндігін осы бір фактілерден-ақ аңғару, сірә қиынға түспес деген ойдамыз. Әзірге жұмбақ ойын секілді партияның ішіндегі осындай келеңсіз жайттардың беті ашылып, оған нақтылы нүкте қойылған жоқ. Бір облыстың әкімін тағайындау үш күнге созылғанын Қазақстанның бүгінгі тарихы әлі көрген жоқ, ал сол өңірдегі басшы партияның бар жұмысының қамытын киген бірніші орынбасардың тұғырының тұтастай 100 күнге бос тұрғандығының себебін кім және қалай түсіндіріп берер екен? «Қызықтың «шыжығы да, таусылмас қызығы да осы-ау» деген бір кісінің жарты ауыз пікірі, қазір көптің ойындағы жұмбақ сауалмен астарласып жатыр.
Сұлтанбек Сүгірбаев жайында біздің бөтен ойымыз, бөгде пікіріміз жоқ. Тек қазір жұмыссыз жүрген зинет жасындағы, бұрын сәулет-құрылыс басқармасын басқарған, ол жерден аттандаған айқай-шумен кеткен, ал басқаға әкім һәм төраға Асқар Мырзахметов мырзаның «шарының» неге түспей тұрғаны» көп жұмбақтың бірі болып, қазірше көпке жасырын болып тұр. Партияның атқарар жұмысы аз емес. Қазіргі біріншінің міндетін «уысында» ұстап отырған «кіші орынбасар» Қалыйма ханымның да дәл Сүгірбаев ағасы секілді жасы зейнеткерліктің табалдырығына табанын қойып тұрған кезде, «үлкен төрағаның» «ішкі ымырадан гөрі», ынта білдіріп, дабыра әңгімеге су сепкені құп алар тірлік болар еді.

Ә.ӘДІЛЖАНОВ, Шымкент.