ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесі ұйымдастырған маңызды жиында Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық тарихы, еңбек адамының қоғамдағы рөлі, әлеуметтік әріптестікті дамыту жолдары және алдағы ірі іс-шаралар кеңінен талқыланды. Бұл жиынның мазмұны мен көтерген тақырыптары қазіргі қоғам үшін ерекше мәнге ие. Себебі еңбек адамы – елдің тірегі, ал кәсіподақ – оның құқығы мен мүддесін қорғаудың басты құралы.

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының бастауына көз жүгіртсек, XX ғасырдың басындағы жұмысшылар ұйымдарынан өрбігенін көреміз. Индустриализация мен өндірістің дамуы жұмысшыларды бірігуге, өз құқықтарын қорғауға итермеледі. Бұл қозғалыстар тек жалақы мәселесін ғана емес, еңбек қауіпсіздігін, әлеуметтік кепілдіктерді, жұмысшылардың денсаулығы мен тұрмыс жағдайын қорғауды да қамтыды. 120 жылдық тарих – тек ресми дата ғана емес. Ол – еңбек адамының қажырлы күресінің, ұрпақтар сабақтастығының, халықтың әлеуметтік әділеттілікке деген талпынысының айғағы. Әсіресе кеңестік кезеңде кәсіподақтар әлеуметтік саланың көптеген тетігін өз қолына алып, жұмысшының тұрмысын жақсартуға ықпал етті. Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақтар жаңа міндеттермен бетпе-бет келіп, нарықтық экономиканың талаптарына бейімделді. Осы орайда, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеев өз баяндамасында Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің шешімдерімен таныстырды. Онда еңбек адамының құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттарды жетілдіру, өндірістік орындардағы қауіпсіздікті арттыру секілді бастамалар қамтылды. «Кәсіподақ – жұмысшының сенімді тірегі болуы тиіс» деген пікір жиынға қатысушылардың ортақ ойына айналды. Бұл мәселенің өзектілігі мынада: бүгінде әлемдік тәжірибеде еңбек құқығын қорғау әлеуметтік тұрақтылықтың басты кепілі болып отыр. Егер жұмысшының мүддесі ескерілмесе, әлеуметтік теңсіздік пен еңбек даулары көбейеді. Сондықтан кәсіподақтар тек жалақы мәселесімен шектелмей, жалпы қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықтың діңгегі болуы қажет.

Жиында Римма Садыкова мерейтойға арналған жоспарларды таныстырды. Оның ішінде «120 ізгі іс» акциясы, жастар арасында эссе және бейнероликтер байқауы, тарихи көрмелер мен ардагерлермен сұхбаттар бар. Бұл іс-шаралар тек мерекелік сипатта ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік және ағартушылық рөл атқарады. Мұндай жоспарлардың астарында бірнеше маңызды мақсат жатыр. Олар — жастарды еңбек құндылығына баулу, ардагерлер еңбегін дәріптеу, кәсіподақ тарихын ұрпақ жадында қалдыру, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты күшейту. Римма Садыкованың: «Кәсіподақтың 120 жылдық тарихы – бұл еңбек адамдарының күресі мен жетістіктерінің тарихы» деген сөзі кәсіподақ қозғалысының философиясын нақты айқындайды. Келесі мәселе бойынша Ермек Қаңлыбаев баяндама жасады. Ол әлеуметтік әріптестік институтының маңызын, жалақыны уақытылы төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты міндеттердің үнемі бақылауда екенін айтты. Әлеуметтік әріптестік – бұл тек жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісім ғана емес. Ол – мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйе. Егер тараптар арасында келісім орнаса, қоғамда еңбек даулары азайып, өндірістің тиімділігі артады.

Жиында кәсіподақ тарихын зерделеу, архивтерді жинақтау, еңбек әулеттерінің өнегесін дәріптеу мәселелері ерекше аталды. Бұл бағыт жастарға үлкен өнеге бермек. Себебі бүгінгі қоғамда еңбек адамының абыройын көтеру – маңызды әлеуметтік міндет. Еңбек әулеттерінің тәжірибесі – тек өткеннің тарихы емес, ол – болашақтың да бағдары. Бір әулеттің бірнеше буыны бір салада еңбек еткен мысалдар ел ішінде аз емес. Мұндай әулеттер жастарға шыдамдылықтың, адал еңбектің үлгісін көрсетеді. Кеңесте екі маңызды іс-шараға ерекше тоқталды. Оның бірі – «Забег солидарности: Бежим в будущее вместе!» атты спорттық шара. Бұл акция кәсіподақ қозғалысының бірлігін көрсетіп қана қоймай, жастар мен ардагерлердің арасындағы сабақтастықты паш етеді. Екіншісі – 10 қазан — ҚР Кәсіподақтар күні. Бұл дата кәсіподақ қозғалысының мәртебесін көтеріп, еңбек адамының қоғамдағы орнын дәріптеуге бағытталған мерекелік шаралармен ерекшеленеді. Көрмелер, марапаттау рәсімдері, еңбек әулеттерімен кездесулер – барлығы да еңбекке құрмет пен тағзым етудің жарқын көрінісі болмақ.

Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық, өндірістегі жаңа технологиялар, еңбек нарығындағы өзгерістер кәсіподақтарға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бүгінде тек классикалық еңбек даулары емес, цифрландыруға байланысты мәселелер де пайда болды. Қашықтан жұмыс істеу, уақытша еңбек келісімдері, бейресми жұмыспен қамту – бұлардың барлығы жұмысшы құқығын қорғауды жаңа деңгейге шығаруды талап етеді. Қазақстан кәсіподақтары осы өзгерістерге бейімделуі тиіс. Бұл үшін заңнаманы жетілдіру, жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықаралық тәжірибені пайдалану, жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту қажет. Шымкентте өткен кеңес отырысы кәсіподақ қозғалысының терең тамыры бар екенін және оның болашақтағы миссиясы зор екенін көрсетті.