«БІРІНШІДЕН, ХАЛЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ ІСТЕҢДЕР, ЕКІНШІДЕН, АБЫРОЙЛАРЫҢДЫ КӨРСЕТЕСІҢДЕР»
Өткен аптаның соңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласында Оңтүстік өңірлерді дамыту бойынша кеңес өткізді. Кеңеске Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты. Оңтүстік еліміздің экономикасы үшін маңызды аймақ саналатындықтан, мұндай кеңестің тұңғыш рет Оңтүстіктен басталуы да бекер емес. Осындай басқосу алдағы кезде өзге де аймақтарында өткізілетін болады.
Президент төрт облыстың басшыларын жинағанда, не айтты, неге көңілі толмады, енді соған тоқталайық. Индустриалды-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысын, бизнесті қолдау, тұрғын үй шаруашылығын модернизациялау, жұмыспен қамту және ауызсу мәселелері бойынша аймақ басшыларына нақты тапсырмалар берген Елбасы көңілі толмаған істерге де жиі тоқталды.
– ТМД-дағы кейбір елдердің мемлекеттік бюджетінен біздің бір облыстың бюджеті артық. Мысалы, Қырғызстанда 5,5 миллион адам тұрады, оның бюджеті 2,1 миллиард. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында 2,5 миллион халық бар, бюджеті 2,5 миллиард. Қаржының тиімді жұмсалуы тиіс, — деген Н.Назарбаев сондай-ақ:
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі Оңтүстікпен өтеді. Бұл деген – бұрын-соңды болмаған, Оңтүстік халқына жасалып жатқан жақсылық. Дұрыс пайдалана білсек, табыс мол. Енді жұмыс істеулерің керек.
Басқосуға қатысқан төрт облыстың әкімдері өздерінің атқарған жұмыстары жөнінде Елбасыға мәлімет берді. Рас, бәрінде де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Әсіресе, Алматы, Жамбыл облыстарында жалпы өңірлік өнім өндіру, отандық және шетелдік инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бір жолға қойылған. Индустриалды-инновациялық бағдарлама жүзеге асқаннан бері Алматы облысының даму көрсеткіші 10 пайызға, Оңтүстік Қазақстан облысында 30 пайызға дейін ұлғайған. Дегенмен Оңтүстік облыстардың әлі де мемлекеттен көп трансферт алатындығын айтуымыз керек. Қазіргі таңда оның көлемі 21 есеге дейін өсіп, 1,6 триллион теңгені құраған екен.
Шағын және орта бизнесті бірнеше жылдан бері мемлекет қолтықтан демеп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынды. Мұнда да олқы тұстар көп. Қазіргі таңда бұл жоба тек белсенді деген 1000-нан астам кәсіпкерді ғана қамтыған. Елбасы облыс басшыларына осы мәселеге тереңірек үңіліп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Себебі, шағын бизнес ел экономикасын өрге сүйрейтін бір тармақ болады» деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар ол баяғыдан қалған көзқарастан арылып, шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 50-60 пайызды құраса, мұртымызды балта шаппайтынын, осы салаға қыруар қаржы бөліп, түрлі бағдарламаларды еріккенімізден жасап отырмағанымызды қадап айтты. Ауызсу мәселесі – аймақтардағы ең бір өзекті тақырып. Елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді мемлекет басшысы әр кезде айтудай-ақ айтып келеді. Бұл бағытқа қаншама қаржы да бөлінді. Не құдіреті барын кім білсін, тұрғындарға сапалы судың жетуі мұңға айналды. Қайсыбір ауылдарда әлі күнге арық суын тұтынып немесе тасымалдап ішушілер көп. Өткен жылы бірқатар аудан басшылары бірнеше елдімекендерге ауызсу құбырларын жүргізгенімен, құрылысы аяқталмаған соң, халықтың суға деген зәруліктері толық шешіле қоймады. Әйтсе де жоғарыдағыларға жалған ақпар беруге машықтанып алған. Әйтпесе «елдімекендер толық ауызсумен қамтылды» деп жар салып жүрмеген болар еді. Ағымдағы жылы қазынадан тағы да қаражат бөлінбек. Ал, оның тиімді жұмсалуына қатаң бақылау болатындығын ескерткен Елбасы ақшаға ауыз салған шенеуніктерге аяушылық болмайтынын, жазасының қатал болатынын шегелеп айтты. Дұрыс, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» сияқты, бақылаудың болмауынан бұған дейін ауызсуға деп бөлініп келген талай қаржының құмға сіңген судай жоқ болып кететіндігіне көпшілік еш түсінбей келіп еді.
Тағы бір өзекті тақырып, бұл – жұмыссыздық. Жұмыссыздықты жою мақсатында тек Оңтүстік өңірдегі бағдарлама бойынша 9 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржы бұрынғыға қарағанда, 2,5 есеге көп. Соған қарамастан, жұмыспен қамтылғандардың саны бар-жоғы 25 мың ғана адам екенін айтқан Президент бұл бағытта дұрыс жұмыс жүргізілмей жатқандығын ескертіп, белсенділік танытуды тапсырды.
Алдағы жұмыстың ауқымдылығын, дүние жүзін шарпыған дағдарыстың салдарынан орын алуы мүмкін уақытша қиындықтардың құрсауынан шығу жолдарын қарастыруды атап өткен Н.Назарбаев лажы барынша қаржыны үнемдеп жұмсауға, тиісті мақсатқа бағытталуын бақылауды облыс әкімдеріне жүктей отырып: «Біз сұраған қаржыны бердік, ары қарай алып кету өздеріңе қатысты. Біріншіден, халыққа жақсылық істейсіңдер, екіншіден, абыройларыңды көрсетесіңдер» деді.
Жеткен жетістіктеріне әкімдердің тоқмейілсулеріне болмайтынын айтқан Президент бұған дейін ашылған кәсіпорындардың арасында мүлдем жұмыс істемейтіндері немесе толық жобалық қуатына енбей тұрғандары да бар екендігін тілге тиек етті. Қысқасы, Н.Назарбаевтың Оңтүстік өңірлерді дамыту мәселелері бойынша өткізген кеңесте төрт облыстың басшыларына атан түйеге жүк болардай салмақты міндеттер жүктелді. Оны көтере алса, құба-құп. Көтере алмаса, Президент айтпақшы, қатал жаза күтіп тұр. Сол үшін де олар халыққа жақсылық істеуді, абыройларын арттыруды ойлаулары тиіс.
«УАҚЫТТЫҢ» шолушысы.