МҮГЕДЕКТІКТІ РӘСІМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету үшін қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бұл қабылдаулардың мақсаты – халықтың нақты проблемаларын тыңдап қана қоймай, заңдық тұрғыда кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тиісті органдармен байланыс орнату арқылы шешу жолдарын қарастыру.
Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті кездесуге Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев қатысты. Қабылдау «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі мүгедектікке шығуға байланысты қиындықтарын ортаға салды. Бұл мәселе қоғамда жиі кездесетін түйткілдердің бірі болып отыр. Себебі көптеген азаматтар өз құқығы мен заңдық тәртіпті толық білмегендіктен, қажетті құжаттарды рәсімдеуде кедергілерге тап болады. Құрбан ата көшесінің І топтағы мүгедегі жұбайын денсаулығына байланысты мүгедектікке шығара алмай жүргенін айтты. Бұл жағдай көптеген отбасыларға тән ортақ мәселені көрсетеді. Руслан Тұңғышбаев тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, мәселенің тек заң аясында шешілетінін түсіндірді. Ол үшін ең алдымен денсаулық жағдайын сипаттайтын арнайы 31-форманы толтыру қажеттігін айтып өтті. Бұл рәсім медициналық сараптамадан өту және құжаттарды толық жинауды талап етеді. Осыған ұқсас жағдайды Полетарская көшесінің тұрғыны да көтерді. Ол да денсаулығына байланысты мүгедектікке шығуға байланысты қиындықтарға кезіккен. Департамент басшысы оған да толық медициналық тексеруден өту және қажетті анықтамаларды жинау тәртібін кезең-кезеңімен түсіндіріп берді.
Жалпы қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші тыңдалып, тиісті құқықтық кеңес берілді. Мұндай кездесулер тек түсіндіру шарасы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қорғау саласындағы проблемаларды тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Өйткені тұрғындардың нақты шағымдары арқылы жүйелі кемшіліктердің де беті ашылады. Мұндай қабылдаулардың қоғам үшін бірнеше маңызды қыры бар. Біріншіден, азаматтар өз құқықтарын білуге мүмкіндік алады. Екіншіден, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыс нығая түседі. Үшіншіден, әлеуметтік қорғау жүйесіндегі мәселелерді уақытылы анықтап, алдын алу шараларын қабылдауға жағдай жасалады. «AMANAT» партиясы өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – азаматтардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға барынша ықпал ету. Бұл бастама қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және халықтың билікке деген сенімін арттыруға қызмет етеді.