АЙРАН IШКЕН ҚҰТЫЛЫП, ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛҒАН ЗАМАН-АЙ деген өкiнiш жас ғұмырды өмiрбақи мүжiмей ме?

373
0

3911Біз пендеміз ғой. Кейде обал-сауапты таразға салып, талғап жатпаймыз. Бір өкініш, бір үміт әр адамның өн бойында қанымен бірге қозғалып, оның бүкіл жүйкесіне әсер етіп, келешегіне балта шабылатындығына да өз басымызға түспегеннен кейін атүсті қарайтынымыз да рас. Қазір сот орнында былтырғы жылы сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін тұтылып, темір торға қамалған Оңтүстік өңіріндегі ең бас басшылардың бірі – ОҚО жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары басқармасының экс-басшысы Әбілсейіт Рабаевтың ісі қаралып жатыр. Осыны білген кезде ойымыз сан-саққа жүгіріп, әлгі өзіміз айтқан обал мен сауап қаперімізге қайта оралды.

Ә.Рабаев өзіне бүгінгі күні тағылып отырған сан миллиондаған қаржыны жеке басына жұмсай қойған жоқ. Біз қорғаушының бейнесін орындаудан аулақпыз. Өйткені экс-басшы сол қаржыны ауаға бір өзі жоқ қылып лақтырып жібермейді. Жол құрылысына жұмсалатын, соған бөлінетін қаржы тапсырыс бойынша жоғарыдан бекейді. Енді сол біткен құрылысты ол бір өзі қабылдамайды. Қора-қора комиссия мемлекеттік актінің соңына бармағын басып, қолын қояды. Осы жерде тағы бір сауал бой көрсетеді. Егер Ә.Рабаев соншама қаржыға біткен істі өзі қабылдап алса, өзі ғана жауапты болар еді. Мақұл. Оның орынбасарлары да жауапқа тартылды. Ал әлгі комиссияның құрамындағылар мен жоғарыда отырып, осы салаға басшылық жасайтын бастықтар қайда қалды. Біздің білуімізше ОҚО әкімінің экс-орынбасары Болатбек Нәжметдинұлы (бұрынғы Әлиев) бар жауапкершіліктен құтылып кетуі қандай заңдылыққа сия қояды екен. Онда ол орынбасар өзінің қызметтік міндетін мүлдем атқармаған, салаларға басшылық жасамаған, нұсқау беріп қадағаламаған. Осының жауапкершілігін кім сұрайды? Сонда жауапкершілікті бір жаққа сырып тастап, кресломен қоштасу арқылы ғана барлығынан құтылып кете беруге бола ма екен? «Уақыт» газетінде біз осы тақырып төңірегінде көлемді мақала жазып, оның жауабын облыстық басшылардан күткенімізге көп болды. Әзірге тым-тырыс. Газеттің арнайы нөмерін біз ол кісінің бүгінгі отырған кеңсесіне танысу үшін жеткізіп бердік. Шымкенттен басқа жаққа қоныс аудармаған, бауырының үйлену тойын облыс орталығында тойлап, думандатып жүрген Б.Нәжметдинұлының шынын айтқанда әзірге «қылшығы қисаймай» тұр. Бір кездері кедендегі келеңсіз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы жөнінде айтылған, жазылған жәйттерді жылдар бойы жоққа шығарып келген Болатбек мырзаның бұл өзіне қарай айтылатын жауапкершілік жөніндегі әңгімелерге де сан сылтау табарына, қиыннан жол табарына сенуге болады. Өйткені бұл азамат қандай қақпақылдан болсын қарғып өтудің әдістерін әбден меңгерген секілді. Талай құрылыстардың таласқа түскен тендерлерінің тізгінін ұстаған, бәсекеде ықпалы аса жоғары болған Б.Мәжметдинұлына байланысты біз тергеу жүргізіп, ешкімді жауапқа тарта алмаймыз. Қойған қолы, басқан мөрі тендерлік құжаттарда болмағандықтан ол өзін судан таза, сүттен ақ санап, бұл тосқауылдан да өтіп кетері мүмкін. Бірақ… Иә, тек адамгершілік ар алдында, азамат болып, адам ретінде мойындауға құдірет-жігері жетер болса, онда кәне?..
Б.Нәжметдинұлына байланысты редакция ҚР Президентінің аппаратына арнайы сұрау салды. Қазір оның жауабын күтіп отырмыз. Оған дейін уақыт жоғалтпау үшін біздің тілшіміз дәл осы түйінді мәселеге байланысты кең ауқымды журналисттік зерттеу жұмысын жүргізу үстінде. Егер өзінің іс-әрекетінде ешқандай кереғар тірлік болмайтын болса, онда біз Болатбек мырзаны арылып айтар ашық әңгімеге шақырамыз. Сонда ғана көпті толғандырған көкейдегі кейбір күдіктер айқындалып, істің мән-жайы толығымен ақиқаттың ауылына қарай атбасын бұрар еді.
«Уақыт» тілшісі Астанада ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы К.Мәсімовке тапсырылған арнайы хаттың жауабын күтуде. Егер К.Мәсімовпен жүздесуге мүмкіндік туар болса, онда Оңтүстікті «Ордалы жыланша жайлап алған» тендер саласындағы заңсыздықтардың өткеніне толық сараптама жасалынып, болашақта оның жолын кесетін мүмкіндіктер жөнінде әңгіме қозғауға, сеңді сөгуге үлкен күш салынуда. Былыққан іске баспасөз арашашы болмаса, көптің көкейінде түйінді ісі болған кеселге көлденің тосқауыл қоймаса онда қоғам осы дерттен айықпайды, басшылар сол баяғы сүліктей сорған қалпынан талмайды. Біз қолымыздан қауырсын-қаламымыз түсіп қалмаса бастаған ісіміздің соңғы нүктесін қоюға барымызды салуды өзіміздің халық алдындағы парызымыз санаймыз.
Мемлекеттің қоржынындағы қаржы қауымның табан ақы, маңдай терімен, еңбекпен жиналған дүние. Ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі тиіс емес. Екі ғасыр бұрын орыстың ұлы ақыны А.Пушкин «Ұшқыннан жауын лаулайды» дегенді босқа айтқан жоқ. Қазақтың көп қасіретінің біріне айналған, тарихта қара дақ болып қалған – Жаңаөзен оқиғасы дәл осындай биліктің жауапсыздығынан, олардың қолымен жасалынған былықтың салдарынан орын алып, орны толмас қасіретке соқтырды. Кеселдің алдын алып, оның неден болғанын анықтап, ошағын анықтағанда ғана ауру, қоғамның ауруы жазылады. Біз бүгін білгенімізді, білмегенімізді бөксемізге басып, Президенттің табанға тапталған саясатын жасырып отырар болсақ, онда қоғам айықпас кеселге ұшырайды. Мүмкін бір келгенде елдің басшысын жақсыны көрсетіп, бағасын асырып, жаманды жасырып, алдап жіберуге болатын шығар. Бірақ әйнектің күнде емес, күнінде сынатынын жадымыздан бір сәтке де шығармаса оңаламыз, жаңа мақсаттарымызға қол артамыз. Әзірге Оңтүстік өңірі тендердің тығырыққа тірелген тылсым күшінен шыға алмай отыр, билік шығартпай да, шығара алмай да отыр. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырғанның ақыры болар ма екен?

Талғат БАЛТАБАЕВ

РЕДАКЦИЯДАН:

Бұл түйінді ой, біз қолға алып жатқан тірлік, арнайы жауап күтіліп отырған сауалдар мұнымен толастамайды. Себебі бар кінәні жекелеген жандардың мойнына қамыт етіп кигізіп, оның қиналғанына сырттай көрермен болғандардың ел алдында жария болатын уақыты әлде-қашан жетті. Қоғамның дерті асқынып барады. Ол дертті емдейтін басшылар бар жауапкершілікті басқалардың иығына артып, адал жанның пейілін танытып отыр. Егер қарамағындағы бағынышты қызметкер былыққа белшесінен батса, онда оның басшысына неге сұрау салмасқа? Бұл біздің қоғамның қалыптасқан тенденциясы болуы шарт. Ә.Рабаев барлық заңсыз әрекеттерді өзінің жауапкершілігіне алып кете барар болса, оның төбесінен төніп тұрғандар сол баяғы аяғын алшаң басқан қалпынан айнымайтыны белгілі. Біз қазір экс-басшы Ә.Рабаевтың жақындары мен туыстарын, аралас адамдарын келелі бір әңгімеге тартуды да қолға алып жатқанымызды жасырғымыз келмейді. Бұл Ә.Рабаевты қорғау емес, қоғамды келеңсіз тірліктерден айықтыруға сәл де болса үлес қосу, осындай игі қадамға мұрындық болу. Атқарған ісіміздің барысымен біз құлағы түрік қауымды әркез хабардар етіп отырамыз.