«АУЫРСА МАМАНҒА ЕМЕС, МОЛДАҒА БАРАТЫНДАР ЖЕТЕРЛІК»

Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансасы мекемесінің қызметі қоғамда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ол бір күннің өзінде өміріне қауіп төніп тұрған қаншама адамға санаулы минуттардың, тіпті секундтардың ішінде көмекке келіп, оның бетін бері қаратады. Ауруын басып, жарасын жазады. Қажет болса ауруханаға апарады. Аталған мекеме бір жылдың ішінде жарты миллионнан астам шақыртуды қабылдап, соншама жанға алғашқы жедел-жәрдем медициналық қызметін көрсетеді. Әдетте кешкі уақытта көптеген орындарда жұмыс саябырситын болса, стансада керісінше сағат тілі 19:00-ден бастап қарбалас шақ туып, шақыртулар жиілей түседі екен. Жалпы атан түйеге жүк боларлық жауапкершілікті талап ететін мекеме жұмысын дұрыс жүргізіп, оны басқару кез келгенге қол емес. Бүгінде үлкен білім мен табандылықты қажет ететін бұл істі Гүлнар Мамытқызы Құрманбекова өз деңгейінде атқарып жүр. Біз ол кісімен тілдесіп, атқарып жатқан жұмысының барысымен танысқан болатынбыз.

– Гүлнәр Мамытқызы, белгілі астроном Ибн Сина «дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ» деген. Бірақ бұл өткен күндер еншісіндегі түсінік. Қазіргі таңда халыққа ем көрсету жолында ақ желеңділердің күші білімімен қатар, медициналық мекемелердегі материалдық техникалық базаға да тікелей байланысты болып отыр. Өзіңіз басқарып отырған Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансасында бұл мәселе дұрыс жолға қойылған ба?

– Бізде қазіргі таңда бригада саны жетіспейді. Мәселен, 2015 жылы стансада 74 бригада жұмыс істеген болатын. Жергілікті билік бұл жәйттен хабардар. Оны шешу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып келеді. 2016 жылы жедел жәрдем бригадасының саны 79-ға жетуі соған дәлел. Дегенмен, қазіргі таңда әлі де 10 жедел жәрдем бригадасын ашу қажет. Осы мақсатта біз тиісті орындарға ұсыныс жолдадық. Бұл жәйтте өз шешімін табатын күннің ауылы алыс емес. Мамандарымыз ауысыммен жұмыс істейтінін Сіз жақсы білесіз. Бір қызметкер бір күн жұмыс істеп, келесі күндері демалысқа шығады. Ал техникаларға ондай жағдай қарастырылмаған. Яғни машиналарымыз күндіз-түні тізгінде болады. Осылайша олар ескіре береді. Техникаларға сұраныстың артуына бірден бір себеп осы. Мекемеміздегі көліктердің 40 пайызға жуығы тозған. Жалпы стансада 21 мамандандырылған, 16 фельдшер, 42 желілік бригада бар. Олардың барлығы белгіленген кестеге сай жергілікті халыққа қызмет көрсетеді.

– Халықтың «103 желісіне» кез келген уақытта байланысқа түсуі қолжетімді болуы тиіс. Бұл талап Сіз басқарып отырған стансада мінсіз орындалады ма?

– Бір тәулікте диспетчерлік қызмет бөліміне 1500-ге жуық қоңырау түседі. Шалынған қоңыраулардың барлығына біздің мамандарымыз жауап беріп үлгереді. Сырқаты сыр берген немесе өзін жайсыз сезінген жандардың телефон қоңырауларын 10 автоматтандырылған шақырту қабылдау пульттерінде жұмыс атқаратын 10 диспетчер маманы қабылдап отырады. Олар бар болғаны бір минут ішінде жедел жәрдем қызметіне мұқтаж жан туралы қажетті мәліметтерді алып үлгеруі шарт. Алынған ақпараттардың бәрі де дәл және анық болуы тиіс. Ал мұндай кәсібилікті меңгеру үшін шапшаңдық пен төзімділік қажет. Сондай талаптың деңгейінен табылғандар ғана автоматтандырылған шақырту қабылдау пульттерінде жұмыс істейді. Соған сәйкес жедел жәрдем бригадасы 1,2,3 санаттағы шақыртуға 15 минут ішінде жетеді. Бұл санатқа жол көлік апаты, күйікке түсу, көгілдір отынмен улану, суға бату жағдайлары жатқызылады. Сонымен қатар, жүкті әйелдер, балалар, қан қысымы жоғарылаған науқастарға мейлінше уақытында жету қадағаланады. Ал созылмалы аурулар бойынша дәлірек айтсақ, 4, 5, 6 санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем қызметі 40-45 минут ішінде барады. Осы талапты сақтап, жүйелі түрде жұмыс істеу үшін барымызды салып қызмет етудеміз. Жұмысымызды қаншалықты мінсіз атқарып жатқанымыз туралы бағаны қарапайым халық берсін. Бірақ мына жәйтті терең түсіну керек, жұмыс жүрген жерде міндетті түрде жағымсыз пікір де жақсы пікір де қатар жүреді. Бірақ негативті айтылған сөздерден кейін нәтижелі жұмыстар көлеңкеде қалып қояды.

– Шымкент шаһарының аумағы мейлінше арта түсті. Іргелес жатқан аудан территориялары қалаға қосылып, нәтижесінде шымкенттіктердің қатарына тағы 100 мыңнан астам халық қосылды. Сондай-ақ, жаңа қоныстар пайда болып жатыр. Салдарынан қалада атауы жоқ, қайталанатын көшелер мен нөмірсіз үйлер жиі кездесуде. Стансадағы көліктерде GPS бағдарламасы орнатылғанмен, оған енгізілмеген елдімекендер бар? Бұл қызметтеріңізді өз деңгейінде көрсетуге қаншалықты кедергі келтіріп жатыр?

– Кедергі емес, үлкен қолайсыздық тудырады дегеніміз дұрыс сияқты. GPS бағдарламасына енбеген мекенжайлар болады. Жедел жәрдем бригадасы сондай жағдайға бетпе-бет келгенде тығырықтан шығуы үшін алдын ала науқастың ұялы байланыс телефонын жазып алады. «Жол сұраған кісі адаспайды» деген. Берілген телефон нөмірі бойынша науқас немесе оның жақындарымен хабарласып діттеген жерге жетеміз. «Көш жүре түзеледі». Бұдан да жаман күндерді бастан өткердік. Бұдан да қиын жағдайларды еңсергенбіз. Сол сияқты бұл да өткен күннің еншісінде қалады деп сенемін.
Бұл мәселе талай жерде айтылып жатыр. Бұдан жергілікті билік те хабардар. Және олар құр қол қусырып отырған жоқ. Проблеманың өзегін тарқату үшін қаладағы атауы жоқ көшелерге уақытша реттік нөмір беру жұмыстары жолға қойылды. Нәтижесінде 2014 жылы қаладағы атауы жоқ көшелерге уақытша жобалық нөмір беру туралы (Абай ауданынан 1-ден 200-ге дейін, Әл-Фараби ауданынан 201-ден 400-ге дейін, Еңбекші ауданынан 401-ден 600-ге дейін) шешім қабылданған. Бұл біздің жұмысымызды әжептеуір жеңілдете түсті. Дегенмен атауы жоқ, немесе қайталанатын көшелеріміз жетерлік. Қала әкімдігінде елеп-екшеліп жатқан мәселенің бірі осы. Сондықтан да алдағы уақытта бұл проблема өз шешімін табады деп ойлаймын.

– Гүлнәр Мамытқызы, бүгінгі халықтың өз денсаулығын күтуіне Сіздің көңіліңіз тола ма?

– Бұл сұраққа біржақты пікір айтуға болмайды. Шыны керек «бірінші байлық – денсаулық» екенін терең түсінетін адамдар өте көп. Әсіресе әйелдердің, қыз келіншектердің өздерін күтуі, дәрігердің кеңесіне құлақ асуы, оның берген тағайындауына жіті көңіл бөлуі мені қуантады. Бірақ түрлі әлеуметтік немесе қатерлі аурулар бойынша скринингтік тексерулерден өту жағы сәл-пәл ақсап тұр. Бұл бағытта жұмысты күшейту қажет. Өз кезегінде бұл ағзадағы аурудың асқынуын, келеңсіз жағдайлардың орын алуын алдын алатынын түсінуіміз керек. Бұдан басқа адамдар өзін нашар сезінуі жиілеп кетсе, тез арада дәрігерге көрінбейді. Маманға емес, молдаға бет алғанды дұрыс көреді. Мәселен, көптеген адамдар артериалды қан қысымы күрт жоғарылып кеткенде ғана тиісті жерге қоңырау шалады. Ал қан қысымы 240-250-ге жетсе өз кезегінде ол инфаркт, инсультке апарады. Жан тәсілім ететін өкінішті жағдайлар да орын алады. Содан туыстары кінәні өзгеден іздейді. Ал негізінде науқас дәрігерге дер кезінде қаралып, тиісті дәрісін ішіп жүрсе ондай оқыс оқиғалар айтарлықтай азаятын еді. Ағзада қандай да бір ауру пайда болғаннан бастап, онымен күресу керек. «Жасырғанның жарасы асқынады» деп тегін айтылмаған.

– Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы туралы ойыңызбен бөліссеңіз…

– Осы реформа бойынша келер жылдан бастап медицина саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі отыр. Бұл жүйенің қаншалықты тиімділігі туралы халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу арқылы халық кез келген уақытта, ешқандай кедергісіз сапалы медициналық қызметке қол жеткізетін болады. Яғни қолыңыздағы сақтандыру полисін көрсету арқылы Сізге қандай жағдайда болмасын дәрігерлер тиісті ем-домын көрсетеді. Және дәрігер мен аурухананы таңдау Сіздің құқыңызда болады. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес жолға қойылған реформа. Соның аясында азаматтардың дәрігерлерге алдын ала жазылу тәжірибесі кеңінен таралып, шұғыл стационарлық көмекті пайдалану деңгейі мейлінше төмендетіледі. Бүгінде халыққа медициналық көмек беру кепілдік берілген тегін медициналық көмек жүйесінде жүргізілуде. Оның артықшылықтарынан кемшін тұстары өте көп. Ең әуелі бұл елдің экономикасына үлкен салмақ түсіріп жатқаны белгілі. Ендігі кезекте медицина саласына жұмсалатын ақшалардың көп бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру негізінде құрылған қордан алынатын болады. Бұл жүйе медицина саласының алға қарай дамуына зор үлес болары сөзсіз.

– Сіз негізгі жұмысыңыздан бөлек, Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Халық қалаулысы жергілікті әкімдерге халықтың қандай мұң мұқтажын жеткізіп жүр. Және оның орындалуы қандай?

– Менің округымда 10 мыңнан астам сайлаушыларым бар. Оның көпшілігі көпқабатты үйлерде қоныстанған. Сондықтан да басым көпшілігі балалар алаңшасын салу, аулаішілік жолдарды жөндеу немесе салу,жаяу жүргінші өткелін орнату, аулаларды жарықтандыру сынды мәселені алға тартады. Олардың берген өтініштерін тыңдап, жазылған жәйттерін тексеріп, қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізген соң барып мәселе көтересің. Себебі кейбір өтініштер негізсіз жазылып жатады. Мен жалғызбасты ана, мүгедек жандардың да проблемасының жолға қойылуына да бір кісідей атсалысамын. Проблемалардың өз шешімін табуына шама шарқымша үлес қосып жатырмын. Бірақ сайлаушылар мына жәйтке назар салуы керек. Айтылған жәйттер, көтерілген мәселелердің барлығы бір күннің, бір айдың еншісіндегі дүние емес екенін терең түсінуі керек. Тындырылған тірліктерге тұрғындар да лайықты құрмет көрсетсе екен дейсің. Мәселен, осы жылы бірқатар аулаларда балалар алаңшасы салынды. Өзіңіз тізгіндеп жүрген көлігіңізді күтпесеңіз, немесе үстіңіздегі киіміңізді таза ұстамасаңыз сәні кететіні белгілі. Сол сынды ойын элементтері де күтіп баптауды қажет етеді. Тұрғындар соны ескеріп, орнатылған элементтерді өз меншігіндей сақтап, жанашырлық танытса нұр үстіне нұр болар еді.

–Әңгімеңізге рахмет!

Қазыбек НЫШАНБАЙ.

ПІКІР ЖАЗУ