БІЗ «АШЫҚ ӘҢГІМЕДЕН» НЕЛІКТЕН ҚАШҚАҚТАЙМЫЗ?

198
0

Облыс тізгінін ұстағанына бір айдан асар-аспас уақыттың өзінде елге танымал тұлғалы азамат, өңірдің төл перзенті Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы оңтүстіктің зиялы қауымымен, ардақты ардагерлермен, кәсіпкерлермен, азаматтық қоғам инcтитуттары өкілдерімен және БАҚ өкілдерімен кездесіп үлгерді. Бұл кездесулердің жай-жапсарын басылымдардан оқып, телеарналардан көрген өңір жұртшылығының көңілінде облыстың жаңа басшысына сеніммен қарау, ел игілігіне атқарылатын істердің тиянақты болатынына үміттенудің пайда болғаны ел аузында жүр. Дұрыс-ақ. Қалың көпшілік облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлының ел-жұртының алдында ақжарма көңіл сөзін ашық айтып, ел-жұртына деген шынайы жанашырлығын ақтарыла сөйлеп, «Ашық әңгімеге» барғанына көздері жетіп, облыс әкімінің алғашқы қадамдарына риясыз көңілдің ілтипатын білдіруде.

Ұлтымыздың болмысына біткен ашықтық қасиетін бойына сіңіріп өскен қазақтың қан­шама дара тұлғалы перзенттері халыққа қызмет етуде абырой биігінде болды. Соның бір-ақ мысалы, ормандай орыстың аузында есімі құрметпен аталатын қандасымыз, РФ Кемерово губернаторы Аман Төлеев емес пе? Ол кісінің пәрменімен губернияда жұмсалынған мемлекеттің бір рубль қаржысына дейін жарияланып, халық бәрін көріп-біліп отырады. Ондай жерде мемлекет қазынасы талан-таражға түсіп, жемқорлыққа жол берілмесі анық-ақ. Ашықтық пен жариялылықты баянды етудің арқасында қазақтың дана туған перзенті Аман Төлеевті кемерлік 80-90-дағы селкілдеген қарт та, жалындаған жастары да «Наш Аман, наш Аманчик» деп отырса, 70-тің желкесіне шыққан бауырымызды Ресей президенті В.Путиннің зейнеткерлікке жіберуді ойына алмай жүргені тектен-тек болмаса керек. А.Төлеев жат елде жүр. Ал, біз жер өзіміздікі, ел өзіміздікі, бірге өсіп-өніп отырған ел-жұрт та өзіміздікі, жақсы мен жаман да, бар мен жоқ та өзіміздікі екенін біліп отырып, қасқайып отырып «Ашық әңгімелесіп», жариялылық жасаудан жасқанамыз неге? Тіпті, облыстың ішкі тынысына Астанадан келіп, не Президент Әкімшілігі аппаратынан, не Үкіметтен, не министрліктен мазалап жатқан жан жоқ, қалай өркендейміз, қалай өсіп, қалай «өшеміз» десек те өз билігіміз өз қолымызда болып тұр. Қалаймыз, аудандардың ауылдарын қосып, 1,3 млн.-дай тұрғыны бар Шымкентті – «огромная деревня» ете саламыз, көктемде ағыны адуынды, ал шілдеде шөже кесіп өтетін суы бар өзеннің жағалауына халық демалады деп, мемлекеттің миллиондаған теңге қаржысын төге саламыз. Бізде облыстың бірінші басшысы нені қаласа, оны Ата заңымыздан кем емес деп қабылдаймыз. Сонан соң ғой, «жарты патшаны» аузымыздан тастамай айтатынымыз.

«ҚАРНЫМНЫҢ АШҚАНЫНА ЖЫЛАМАЙМЫН, ҚАДІРІМНІҢ ҚАШҚАНЫНА ЖЫЛАЙМЫН»

Ұлы бабаларымыздың қарапайым тілмен айтқан осы бір даналық сөзін де ұмытатын түріміз бар сияқты. «Оңтүстік – ұлттың ұйытқысы», «Оңтүстік – қазақылықтың қайма­ғы бұзылмаған өңір» т.с.с. болып кете беретін лайықты бағаның бүкіл еліміздің төрт бұрышында айтылатындығына ешкім шүбә келтіре алмайды. Бұл – өңіріміздің еңсесін тіктеп отырған дархан пейілді, ақжарма көңілді, аса бауыр­машыл, жаратылысы қойдан жуас қарапайым қалың жұртшылыққа берілген баға. Ал «заманың түлкі болса, тазы боп шалдың» кері келгені ме, әйтеуір соңғы 17-18 жылдан бері оңтүстік менталитетіне өзгеріс әкелетіндей кереғар үрдістердің етек алып бара жатқаны анық. Осы беталысымызды түземесек, нағыз «жылау» сонда болатын шығар.

Кезінде облысты басқарған Бердібек Сапарбаев Арыста темекі фабрикасының лентасын қиды. Ал ел-жұрт сол жерден бір пачка темекіні көрген жоқ. Бекең Қазығұртта күйдірілген кірпіш зауытының лентасын қиды. Ертеңіне түске дейін зауыттың қаңқасы қалды. Қаладан құрал-жаб­дық бергендер өздерінің аппараттарын әкетіп, ол жерде үйінді қалды. Ал біз Сапарбаевтың басшылығымен жеткен осы жетістіктерді республикалық телеарналардан беріп, түрлі басылым беттерінен түсірмей жаттық. Қалың ел бәрін көріп-біліп отырғанның өзінде бетіміз «былқ» етпей басшыларды мақтап «жарапазан» айтушылардың алғашқы қарлығаштары түрлі жиындарда Бердібек Сапарбаевтың атына мадақ пен мақтау айтудың көбігін сапыра бастады. Келе-келе жалған мадақ пен мақтауға бойы үйрене бастады ма, енді орталықтан ғана емес, аудан-ауданда ақсақалсымақтардың «дежурный» топтары жасақталынды. Экс-әкім Б.Жылқышиевтың кезінде Шымкентте балалардан СПИД шыққаны бір жылға жуық гу-гу әңгіме болып жатқанның өзінде алқалы жиында бір ақсақал-ардагер тұрып облыс басшылығындағыларға «Елдің іші босқа шырылдап жатқан жоқ шығар, қатерлі індеттің алдын алуды ойластырсаңдаршы» дей алмады. Қаланың ішіндегі «қызыл сызықтың» үсті сантиметрлеп сатылып жатқанына қарамай, сол облыс әкімінің атына мадақ, мақтау айтатын «попугайлар» саны көбейе түсті.

Ал облысты алты жылдың ішінде «коммунизм елесімен» нұрландырғандай болған Асқар Мырзахметов тұсында оның атына мадақ пен мақтау айту Ұлы баба Бәйдібекке ескерткіш қойылып, «Екі жұлдызда» берілген Құдайы асының үстінде «Қызғалдақ» салып Шымкенттің шырайын кіргіз­геніне бүкіл ел риза» деп жатса, дана бабаның қайраткерлігін айтудан гөрі, Асекеңді әспет­теу басым болғанын білгісі келетіндер сонда түсірілген бейнежазбаны көрсін. Бұл аз болса, қаладағы ең үлкен мешіттің алғашқы тасын қою рәсімінде де сөйлегендердің ұстаз-қариядан басқасы қасиетті Исламнан гөрі облыс басшысын мақтап жатқаны аз болғандай, сөз сұраған елге танымал ақсақалымыз «Айналайын Асқаржан, бұл облыстың тарихында елді өзіңдей іскерлікпен басқарған азаматты көрген жоқпын» деп айды аспанға шығарып тастады.

Тіпті, облысты басқаруға келгеніне жарты жыл толмай жатып облыс әкімінің халық алдындағы есебін беруге тура келген Б.Атамқұловтың атына Түркістаннан келген қарияның «Облыстағы қол жеткізілген жетіс­тіктер облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлының ерен еңбегінің жемісі» деп көсілгеніне не дерсің?
Біздің «жарапазаншы» «попугайлар» облыс әкімдерін мақтап өзеуреп жүргендерінде Елбасы Ақорданың төрінде «Шымкенттегі «Асарға» таза су беруге 1 млрд. теңге, ал Сарыағаштағы ауылдарға су беруге 1,5 млрд. теңге мемлекет қаржысын босатасың, қалада да, далада да су жоқ, ақша да жоқ» деп шүйлігіп жатты. Елбасы Шымкентке келгенінде «Маған Керамиканың лентасын қиғыздыңдар, ал өнімі қайда? Облыста өнеркәсіп саласын дамыту ілгері жылжымайды, ауыл шаруашылығын дамыту да талап деңгейінен табылмайды» деген ренішін елдің алдында айтып кетеді. Ал біздің «попугайлар» өздері қатысқан жиындарда облыс әкімінің атына мадақ, мақтау айтпай қайта алмайтын деңгейге жеткен сияқты.

Бұл тақырып газетімізде бұрын да, бұдан да тереңдеу етіп жарияланған болатын. Тағы да амалсыз қайта оралудың себебі, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ел-жұртының алдында ағынан жарылып айтып жүрген «Ашық әңгімесіне» орай болып тұр.

«ЗАМАНЫНА ҚАРАП ҚАСҚЫР ҰЛИДЫНЫҢ» КЕРІ МЕ?

Қарап отырсаңыз, облыс әкімінің ел-жұртымен «Ашық әңгімеге» баруы Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын көрсететін «Ұлт жоспары-100 нақты қадамымен» үндеседі. Қоғамдық институттарды дамытудың уақыты жетті. Ел азаматтарының белсенділігі күшеймей, қоғамдағы келеңсіздіктердің жолын кесу мүмкін де емес.

Біз барша буынға топырақ шашып отырған жоқпыз. Елжандылығы ерен, нағыз отаншыл ардагерлеріміз бен ақсақалдарымыз жетіп артылады. Оңтүстік өңірінің абыройлы болуы да, сол асқаралы аға буынның бағыт беріп, көрсетіп отырған өнегелі істері мен қалдырған іздерінің арқасы. Сөз етіп отырған келеңсіз көріністерді сүйретіп жүргендер «Ақ үйді» жағалап, жылтыңдап жүретін саусақпен санарлық «көкелер» ғана. Олардың болмысына біткен мансапқұмарлық зейнеткерлікке шыққанда да қалмай, басшылардың қатарында тұрып, ел көзіне өзін «құрметті» жанның бірі екенін көрсеткісі келеді.
Ал «ішкі есептерінің» ең үлкені – ұл-қыздарына, нағашы-жиені, туыстары мен жекжаттарына лауазымды қызмет әперу, мүмкіндігі болса «майлы жерге» отырғызу. Соңғы жылдарда меморгандардың қыз­меткерлері сапасының күрт төмендеуіне себеп болып отырған дәл осының өзі деуге болады.

Жеке мүддесі үшін пендешілікке баратын «көкелерден» ел қамын ойлайтын ақсақал шыға қоя ма? Ел болған соң небір өзекті мәсе­лелер шығып жатады. Қарапайым халық көзі жәутеңдеп жергілікті билікке, қала берді, осы «ел ағасысымақтарға» қарайды. Бұлардың біреуі бір жерде, халықтың үнін жеткізетін бір ауыз сөз айтып көріп пе? Жиын болса «қарқынды даму» мен жетістіктер әкімнің арқасында болып жатқанына мадақ айтып, елдің саяси тынысына қатысты құрғақ сөзді мақалаларын суреттерімен қосып басылым бетіне шығарып, «біз Президент саясатын қолдаймыз» деп күмпиіп жүргені. Олардың неге барын салып жүргенін қалың көп көріп те, біліп те отыр ғой. Ал Елбасының жасампаз саясатының нағыз қолдаушылары қарапайым еңбек адамдары мен бай-бақуатты кәсіпкер ел азаматтары.

Үлкен үйді жағалап, облыс әкімдігінің түрлі комиссиялары мен қоғамдық кеңестері жұмысшы топтарының мүшесі болумен «сүр болған» «көкелердің» құрамын жаңалайтын уақыт жетті. Ешкім сөздері жаттанды, істері «жалпақшешей» «білгіштерден» жиналыста әкімқараны сын­ап, «қырып салуды» сұрамайды. Сын сағатының сәттерінде қарапайым халықтың үнін атқарушы биліктің алдында айтса деп үміттенеді. Алқалы жиындарды қоя тұрғанда, Ж.Мәуленқұлов басқаратын облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілістерінде ел ішінен шығатын «Жанайғайға» қатысты бір өзекті мәселе көтеріліп пе? Алқа құрамына «сұрып­талынып» алынған «жарапазаншылар» отырыстың күн тәртібіне ең «өзекті мәселелердің» алынғаны, кеңес төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов оның бай мазмұнын көрегенділікпен көрсете білгендігін аспандатып айтумен мәжіліс тарайды. Кезінде «Әділет» газетінің жасайтын сорақылығына наразылық білдіруші 30-ға жуық өңірге танымал ардақты ардагерлердің «Ашық хаты» облыстағы ардагерлердің басшысы ғой деп Ж.Мәуленқұловқа жеткізіледі. Төраға басылымның айбарынан сескенсе керек, «Ашық хатты» жарияламай-ақ қойыңдар, оны біз талқылап, тәртіпке келтіремізбен» шығарып салады. Еш нәрсе талқыланған да жоқ, ешкім аталық сөзді қатқыл-қатқыл айтқан да жоқ. «Қой дейтін қожасы» болмаған соң, үлкенінің өзі кәмелетке толмаған 6 баланың әкесі Қ.Ботабеков 6 жылға түрмеге кетті. Қазақтың «тентегінің» өзі ақсақалдардан асып кете алмаған. Облыс ардагерлерінің тізгінін ұстап отырған Ж.Мәуленқұлов қазаққа тән «титтей» жанашырлыққа барғанында, анау күнәсіз 6 бүлдіршіннің көзі жәудіреп қалмас па еді? Осындай мәселенің бәрі облыстың жаңа әкімі Ж.Түймебаев көтеріп отырған «Ашық әңгі­менің» жоқтығына барып тіреліп отырған жоқ па? Қазір ешкімнің туралықты айтып, жаман атты болғысы келмейді. Шетінен «сұлу торы аттай» болып жүрген сыпайылар. Бірақ, ел іші – алтын қазына. Әділет үшін жай отындай жарқылдай алатындар жеткілікті болғанымен, олар көптің алдына шығарылмайды.

Сондықтан шығар, облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы ел-жұртымен болған кездесулерінде «Ашық әңгімеге» көшіп, шешімін таппаған өзекті мәселелер мен алдағы меже еткен істерге қол жеткізудің жайы туралы сөз етуді қозғағаны. Әкім жұрт­шылықтың айтқан пікірінің көңілінен шыққан-шықпағанын өзі білер. Ал сырттың сыншыл көзімен айтқанда, облыс басшысы «Ашық әңгі­менің» көрігін қыздырудың соңғы үмітін өңірдің БАҚ өкілдерімен болатын бейресми кездесуіне алып келгендей сезілді.

«КӨСЕ КӨРГЕНІН, КӨСЕУ ТҮРТКЕНІН ҚЫЛАДЫ»

Облыс басшысымен болатын бейресми кез­десуге өңірдегі 200-ден аса БАҚ-тың 40 шақты өкілі келіпті. Мұның өзі де, кездесуді жүргізудің сценариі де «данышпан» көкелерінің шапанынан шыққан, бүгінде идеология саласының тізгінін ұстап жүрген «пысықайлардың» тірлігі екендігі бірден-ақ көзге ұрып тұрды. ҚР Президенті Әкімшілігі аппаратының мәжілістерін, ел Үкіметінің отырыстарын көрген Ж.Түймебаев 40 шақты журналис­пен еркін отырып, «Ашық әңгіме» өткізе алмайды демеген болу керек, Шымкенттегі «көкелердің» «тізгінді жіберіп алмау» үрдісіне берік «пысықай» әріптес микрофонды нық ұстап, сөзді қол көтеріп сұраушыларға емес, өздері белгілеп қойғандарға ғана беріп отырды.
Әкімнің журналистерге «ой-пікірлеріңізді ашық айтыңыздар, сұрақтарыңыз болса бері­ңіздер» деп айтқан кезінде алғашқы болып сөз сұраған редакторға кездесудің соңына таман сөз зорға тиді. Алғашқы сөйлеген әріптестерінің сылап-сипап айтылған жаттанды сөздерінің «Ашық әңгімеге» келген облыс басшысының көңілінен шықпағанын сезінгендей болды ма, әйтеуір сөз алған редактор өз ортамыздағы келеңсіздіктердің тікелей басшы кадрға байланысты екенін айтып, облыстық білім басқармасының «Методикалық кабинетінің» өрескел әрекеттерін сынға алды. Оған дейін бір басшы кадрдың аты-жөні аталып сыни пікір айтылған жоқ еді. Өркениеттегі елдердің БАҚ беттеріндегі сыни пікірлер, тіпті елдің саяси тыны­сына қатысты мәселелерге де ықпал ете алатынын жақсы білетін облыс басшысы өзінің ел-жұртындағы қоғамдық пікірлерді пәрменді етуге жетектеп, «Айтыңыздаршы, облыстың білім басқармасына кімді, ал облыстық денсаулық басқармасына кімді басшы етуге ұсынар едіңіздер?» деп тікелей «Ашық әңгімеге» шығып кетті.

Жиналған журналистер бұрын-соңды облыстың бірінші басшысынан мұндай ашық айтылған әңгімені есітіп көрмегендіктен де, абдыр­ап қалды. Сөйлеп тұрған редактордың өзі іскер басшы деп атаған қаладағы №65 мектеп-гимназиясының дирек­торы Қ.Кәдірбаеваның өзін бірінші басшы емес, орынбасары болуға лайықты екенін айтты. Өмір тәжірибесі бар редактор бұл гимназияның 1-сыныбына бала қабылдаудың аңыз болып айтылатынын еске алмағаны шығар, біраз нәрселердің есіне түсіп қалғаны ма, әйтеуір «неге бірінші басшыға емес, орынбасарға?» деген сұрақтың өзін жауапсыз қалдырды. Арада екі-үш күн өтпей жатып, қала ішінде «Не дейсің, облыс әкімі қалалық білім бөлімі басшысы Ж.Тәжиеваны қабылдауына шақырыпты, оған облыстық білім басқармасын береді екен» деген әңгімені естігенде, бұл нағыз «Самарқанда бір апам бар, менен өткеннің» кері шығар демеске лаж қалмады. Қала мектептеріндегі келеңсіздіктер жеткілікті, соны тоқтатудың орнына қара сөздің бетінен қаймақ алып, сылдыр сөзімен қала әкімін ұйытып тастайтын бұл «іскер басшы» үшін облыс басқармасын қай пұшпаққа шығармақ?

Шындығында да қаламгерлер үшін күтпеген сұрақ ортаға тасталды. Жиналғандардың дені қаладағы №23 қазақ-орыс мектебінің іскер директорының ерен еңбегінен хабардар болғанымен, қапелімде ауыздарына түспе­ді ме, есімі аталмады. Кезінде бұл мектеп қаладағы аты шулы мектептің бірі еді. Білім сапасының көрсеткіші өте төмен. Оқушыларының бұзықтықпен аты шыққан. Мектеп ұжымы баррикаданың бір жағында да, ата-аналар екінші жағында. Мектеп ұжымы топ-топқа бөлініп, алакөзденіп кеткен. Мектепке жаңа директордың келгеніне көп уақыт болған жоқ, бүгінде бұл мектеп ҰБТ көрсеткіштері ғана емес, барлық жағынан қаладағы ең үздік мектептің біріне айналды. Директоры жарнамаға жоқ адам. Шындығына келгенде бұл мектептегі жұмыс қаладағы №8, №9, №65 сияқты атақты мектептерден артық болмаса, кем түсіп жатқан жоқ. Кезінде бұл іскер директорды қала әкімдігі қалалық білім басшысы болуға шақырғаны баршаға аян. Ал ол өзінің сәбиінің жас екенін айтып, лауазымды мансаптан бас тартты. Басқа біреу болса, 2-3 бала күтуші жалдаса да, мансапқа ұмтылар еді-ау.

Текті әулеттен шығып, ұлттың рухани қазынасымен сусындап өскен қазақ қызының нағыз мемлекетшіл жан болып қалыптасқанына еріксіз тәнті боласың. Қаншама қиындықтарды еңсеріп жүмыс істегеннің өзінде соңынан сөз ілестіріп көрмепті. Елімізде танымал зиялы отбасының тәрбиесінде өскендігі де бар шығар.Ол бүгінде де мансап іздеп отырған жоқ. Болмысы бөлек, заманына лайықты жаңашыл да, іскер кадр бір ғана мектепке емес, облыстың білім саласын көтеруге керек шығар. Бірақ, оның келісім беруі де екіталай. Облысқа дәл сондай кадр керектігіне ешкім дау айта алмайды. Әкімнің алдында білім басқармасы басшысының орынбасарлығына біреулерді атағаннан гөрі, бұрын басшысының орынбасары болып істеген С.Әуесхановты қайта алдыру айтылғанда, ой орнықты болар еді-ау. Облыс тарихында оңтүстіктің оқушыларының республикалық пәндік олимпиада­да бірнеше жыл қатарынан жүлделі орынға ие болуы тікелей С.Әуесхановтың еңбегі екендігін оқушыларға дейін біледі. С.Әуесхановтың жүйкесін жұқартқан тынымсыз еңбектің арқасында нағыз дарындылар дұрыс таңдалынып, облыстың абыройы­н асқақтатуымызға қолымыз жетті. А.Елшиеваның кезінде басқарманың жұмысын қара нардай сүйреген Нышан Байғұтов пен С.Әуесханов екендігі облыстың төрт бұрышына белгілі ғой. Күні кеше осы басқармада басшының орынбасары болып еңсеріп жұмыс істеген М.Ақтаевты да бостан-босқа шеттетіп жібердік. Нағыз мемлекетшіл азамат, білікті де, білімді маман, іскер басшы «көкесінің» жоқтығынан ба, әйтеуір ың-шыңсыз ысырылып тасталды. Қызметсіз қалған жоқ, бірақ қажетті жерінде жүрмегені өкінішті де.

Облыс басшысының алдында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне ОҚО клиникалық аурухананың бас дәрігері М.Егізбаевтың аты аталса, әкім ол кісі басшылық жасайтын клиникада болғанын, және ондағы реттілік Астанаңның да мекемелерінде кездесе бермейтінін ашық айтты. Күтпеген сұрақтан абдыраушылық па, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы болуға кәсіби шеберліктерімен, іскерліктерімен есімдері көпке танылған біршама бас дәрігерлердің есімдерін қосып айту қаперге келмегенін қайтерсіз, облыста тура бір кадр тапшылығы орын алғандай. Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасын осыдан екі-үш жыл бұрынғы «алай-дүлей» боранның тұрып жатпағаны баршаға аян. Басқарма басшысы С.Пакеевтің де еңбегі барын жоққа шығаруға болмайды.
Облыс әкімінің журналистермен өткізген бейресми кездесуіндегі «Ашық әңгіменің» шығар биігі осылай аяқталды.

«АЙТПАСА СӨЗДІҢ АТАСЫ ӨЛЕДІ»

Облыстың жаңа басшысы әкеліп отырған «Ашық әңгіменің» мына ел үшін де, оның қарапайым халқы үшін де берері мол екендігі анық-ақ. Оның маңызын әлі түсінбей отырмыз ба, әлде түсінбегенсіп отырмыз ба, оны әркімнің іші біледі. Тағы да айтарымыз, «Ашық әңгіме» елдегі шенеуніктерді соққының астына алу емес. Ел-жұртына шынайы жанашырлығын көрсететін азаматтық қоғамның белсенділерін өсіріп шығару. Өзіміздің атқаруға мүмкіндігіміз бар, Елбасы тапсырмаларын тиянақты орындау жолындағы өзекті мәселелерді көтеру жалғыз облыс әкіміне ғана емес, қалың жұрт­шылыққа қажет екенін түсіне білейік. Әкім бастамашылдық жасаған «Ашық әңгіме» әкім­қараларға ғана қатысты болып қалмай, қалың жұртшылықтың өмір тынысына қатысты жалғасын тауып жатуы қажет-ақ.

Оңтүстіктің абыройын, оның халқының қамын айтсақ, «Ашық әңгімеде» облыс үшін қазіргі ең керегі кадрлық өзгерістер екенін ашық айтуымыз керек. «Атаңның өлгенін жасырарсың-ау, ал көмгеніңде қайтерсің?» дегеніндей, «жарты патшадан» бастау алып, кешегі Б.Атамқұловтың кезінде де кадр саясатының «былығып» кеткенін, бір-екі адам ғана емес, бүкіл облыстың жұртшылығы көріп-біліп отыр ғой. Облыстың қай жеріне барсаң да, Отырар ауданының әкімі болып істеген, нағыз нарық заманының басшысы болып танылған Бейбіт Сыздықов туралы тек жақсы әңгімені естисің. Бірақ ол «жарты патшаға» жақпағандықтан «за бортом» лақтырылды. Қала жұртшылығымен етене араласып жұмыс істей бастаған әкім Аман Жетпісбаев кетуге мәжбүр болды. Ел-жұртына әп-әдемі жұмыстарымен танылған әкімдер Данияр Тілеубергенов, Тұманбек Әлиев, Садық Кенжебаев, Сейіт Ертай сияқты қанша жандар жазықсыз жапа шекті. «Жарты патшаға» жаққандар бет қаратпай жоғарылатылды.

Біздің пайымдауымызша облыстағы 7-8 ауданның әкімін ауыстыруға тура келе­тін сияқты. Кейбір басқармалардың басшыларының не тындырып жүргенін өзі білмесе, жұрт­шылықтың білмейтіні анық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Тұрбековтың дүрілдетіп жұмыс істе­мек түгілі, ел алдында не айтып, не қой­ғанын біл­мейтініне бетіңнен отың шығады. Бірде бақша өнім­деріне құрт түсіп, ел іші аласапыран болып жатқанында «Бұған облыс әкімдігі жауап берсін» деп қойып қалса, Астанаға жәрмеңкені апарғанында телеарнадан «бағаны осы жақтағылар белгілеп береді» деп отырғанына не дерсің? Енді біздің басқарма бас­шыларының сауаты қай деңгейде екенін түсіне беріңіз.
Ал жастар басқармасын Құдай аманат мекеме деуге болатын сияқты. Қызметкерлері түгілі, басшысында жастықтың жалыны сезіл­мейтін бұл мекемені облыстық ішкі саясат басқармасына қосып жіберуден басқа тиімді жол жоқ сияқты. Барсың ба – бармынның қатарында жүрген бұл басқармаға жауапкершілігі зор «Жасыл ел» бағдарламасын орындауды тапсыру ойға қона қояр ма екен?!
Аз уақыт болса да, бұл Шымкент Ө.Шөкеевтің кезінде бір есін жинағандай болып еді. Енді зарықтырып жеткен бұл сәтті жіберіп алмауымыз керек.
О.ТӘЖИЕВ.

фото авторы: Азат Дидарбек