МАТАЕВТАРДЫҢ МАШАҚАТЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

390
0

Осыдан тура бір ай бұрын Астана қаласында Қазақстан Журналистер Одағының басшысы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың талай айларға созылған ісіне нүкте қойылып, оларға бас бостандығынан айыру және жеке мүліктерін тәркілеу жөнінде шешім шыққан болатын. Сот нүкте қойған іске сотталушылар да, олардың қорғаушылары да наразылық білдіріп, істің біржақты қаралғанын, сол себепті аппеляциялық шағым беретіндіктерін айтқан болатын. №2 Есіл аудандық сотының үкіміне прокуратура тарапынан да наразылық білдірілген.

Өткен дүйсенбі күні Астана қалалық сотында әкелі-балалы Матаевтардың қылмыстық істері бойынша аппеляциялық сот алқасының сот отырысы болып өтті. Әзірге оның шешімі жария болған жоқ. Бұл отырысқа Матаевтар емес, олардың қорғаушылары қатыстырылды.
Қорғаушылардың мәлімдеуі бойынша 200-ден астам куәгерлерден алынған жауаптарға сенімсіздік білдіріліп, олардан қайта жауап алу жөніндегі өтініш кезінде қанағаттандырусыз қалдырылған. Қорғаушылар осы мәселені судьяның алдына тағы қойып отыр. Егер бұған мүмкіндік жасалынса, онда сотталушылардың кінәсіздігін толық дәлелдеуге болады екен.
Сейітқазы Матаев байырғы қаламгер, Қазақстанның қалам ұстаған жандарына басшылық жасаған азамат. Ол кісі Журналистер Одағын көп жыл басқарды, бастамасымен талай игілікті іс-шаралар өмірге келді. Оған мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны беталды ысырыпқа ұшыратты, салық «төлеуден жалтарды» деп таңылған айыптарына шын мәнінде сенудің өзі қиындау. Себебі берілген қаржының артынан сұрау болады, ол құжат жүзінде есеп беріп, қандай дүниенің қай жаққа жұмсалғандығын ресми түрде есеп беріп отыруға тиіс болса, соншама уақыт бойына ол жұмыстардың барлығы неліктен жүзеге аспағандығы, қадағалаудың болмағандығы да көңілге кәдімгідей күдік ұялатады.
Алда Матаевтарға байланысты көп машақат әкелген іс қайта қаралып, нақты шешімін тауып жатса, ол журналистер үшін де қаралаудан арылуға, абыройды қайта жинауға өз септігін тигізетіндігі сөзсіз. Сондықтан судьяның соңғы шешіміне құлақ түре жүрейік.

Нұрлан НЫШАНБАЙ.