ОҚО ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХХ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласында «Берекелі бірлікпен рухани жаңғыруға» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХХ сессиясы өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ж.Түймебаевтың қатысуымен өткен жиынға этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, аудан, қала әкімдері, облыстық мәслихаттағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының мүшелері және зиялы қауым мен жастар, БАҚ өкілдері сынды жалпы саны 800-ден астам адам қатысты.
Сесиия жұмысын ашқан аймақ басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ж.Түймебаев бүгінгі басқосудың мақсатымен таныстырып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында жүктеген бірқатар міндет-мақсаттардың облыста жүзеге асырылу барысына тоқталды.
«Үшінші жаңғырудың межесі – айқын, міндеті – белгілі. Ұлттық сананы қалыптастыруда ата дәстүрін жалғап, тілін, тарихын төрге оздырған, жарасты қоғам құрып, жасампаз еңбегімен ел қуатын арттырған оңтүстікқазақстандықтар Елбасы қойған мерейлі міндеттердің үдесінен шығады деген ойдамын. Үш миллионға жуық тұрғыны, тоғыз жүзге жуық елді мекені бар Оңтүстік Қазақстан жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан қасиетті өңір саналады. Бағалай білгенге бұл үлкен күш, ауқымы кең әлеует. Өңірдің мәдени әралуандығын қамтамасыз етуде облыстық 20 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізіп, халқымыздың байырғы меймандостық, бауырластық, еңбеккерлік сынды асыл дәстүрлерін үздіксіз жалғап келеді. Ассамблея атқаратын жұмыстың арқауы – стратегиялық құжаттарды жұртшылық арасында түсіндіру, олардың іске асыруға қоғамды жұмылдыру»,-деді өз баяндамасында әкім.
Іс-шара барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мүшелері мен Қоғамдық келісім кеңесінің жаңа құрамы бекітілді.
Сондай-ақ, жиында достықты, бейбітшілік пен этносаралық татулықты нығайтудағы жасампаз еңбегі үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Ассамблея сессиясы арнайы концерттік бағдарламаға ұласып, Елбасының сөзіне жазылған «Шұбар ат», «Үшқоңыр», «Жерім менің», «Елім менің» әндерінен  этномәдени бірлестіктердің әртүрлі тілдегі попурриімен аяқталды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ