ТУҒАН ЖЕРДІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЗЫҒЫ

138
0

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

(Елбасы Н. Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан)

Сауран… Заманында мұнда кімдер жортпаған дейсіз. Бір кездері қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Жоңғарлар шабуылына да төтеп берген бұл шаһар. Бұл қала уақытында қымыз бен шұбаттың отаны атанған. Білсеңіз, XIV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орда мемлекетінің астанасы да болды. Қысқасы, тарихтың қатпар-қатпарына үңілдіретін мекен. Беу, дүние десеңші, көне Сауранға кіреберісте бір сәт қираған үйінділерге көз тігіп, осындай ойдың құшағында болдық.
Сауран туралы көп айтуға болады. ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған ескі қаланың орны алыстан көзге шалынады. Түркістаннан 35 шақырым жерде, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолынан 2-3 шақырымдай қашықтықта. Кезінде қала биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 800 метр, ал солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа 550 метрге созылып жатыр. Кезінде, яғни орта ғасырларда қаланы биік дуалдармен қоршап, ол дуалды айналдыра тереңдігі 3 метрге дейін, ені 15-20 метр келетін ор қазып су жүргізіп қойған деседі. Бұрын қаланың екі қақпасының алдындағы ор үстіне қорған қақпасына кіретін аспалы-жиналмалы көпір орнатқан. Бұл аспалы көпір сақтық үшін түнемеге жиналып қойылады екен. Қазіргі көпір кейіннен «Мәдени мұра» жобасы аясында орнатылған.
Үнсіз мүлгіп жатқан ескі қаланы 4-5 сағаттай жүріп, асықпай араладық. Әрбiр тасы тарихтан сыр айтады. Терең тұңғиыққа тартады. Қалаға екі қақпа арқылы ғана кіреді екен. Ал бұдан басқа шығыс жағындағы мұнараның ішінде қалаға кіріп-шығатын құпия есігі болыпты. Бұл туралы ескі деректерде: «Оның мықтылығы соншалық, мұнарасы мен дуалын бұзу ешкімнің де ойына келмеген», – деп жазылған мәліметтер бар.
Тағы бір деректерде айтылады, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған.
Өткенді әсте ұмытуға болмайды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сауранда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылған. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездескен. Қызығы сол, қаланы сумен қамтамасыз ету және қала төңірегіндегі бақтарды суару кәріздер жүйесі арқылы жүргізілген. Кәріздің басына бекініс салынып, оның ішіне құдық қазылған. Бұл кәріздің ұзындығы 7 шақырымға жеткен. Кәріздік суландыру жүйесі Қазақстанда әзірге тек Сауран қаласынан ғана табылып отыр.
Бүгінде кіреберіс есікке өтетін көпір және трассадан ары сапалы жол салынған. Сондай-ақ орталық алаңға апаратын көшенің орны аршылып, қалпына келтірілген.

%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

010