ШЫМКЕНТ: «АЯНАТТА» 600 ТОННА ҚЫЗАНАҚ ӨСІРІЛЕДІ

Шаһар басшысы еліміздің үшінші қаласы болып саналатын өңірдің экономикасына оң серпін беретін шаруақожалықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында орналасқан 2022 жылы аумағы кеңейіп, модернизациядан өткен «Аянат» шаруақожалығына барды.
Ерте көктем және қыс айларында көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктің орнын толтыру және қияр қызанақ өнімдерінің осы маусым аралық кезеңдерде бағасының шарықтап кетпеуінің алдын алу мақсатында, мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды түсіндірді.
Қазіргі таңда мұнда жылына 500-600 тонна қызанақ өсірілуде. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алдағы уақытта қожалық иесі нысан аумағын ұлғайтуды көздейді. Сол арқылы өнім көлемін арттырып, қызанақтарды көрші елдерге экспорттамақ.
Бастамаға қолдау танытқан Мұрат Дүйсенбекұлы ауылшаруашылық өнімдерінің артуы — экономикаға да оң серпін беретінін айтып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кету керек, 8 айдың қортындысы бойынша Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласы бойынша экспортталған өнім көлемі 122,1 млн АҚШ долларын құрады. Былтырғы табыс 110,7 млн. болса, биыл 11,4 млн. АҚШ долларына артты. Қайта өңделген өнім эспорты — 108,5 млн АҚШ долларын немесе жалпы экспорттың 88,9 пайызды құрайды. Өнімнің 40 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, 60% өзге шет мемлекеттерге экспортталған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде.