«МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІНІҢ» КЕЗЕКТІ КЕШІ ХАМЗА КӨКТӘНДІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ

Шымкенттегі «Мәртебелі поэзия мінбері» жобасы бойынша өткен кезекті үшінші шара  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Хамза Көктәндінің (Әмзе Халмырзаұлы) шығармашылығына арналды. Оған Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев қатысып,  кеш иесіне құттықтау сөзін жеткізді.

– Биыл  қаламыз үшін айрықша жыл. Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған тұста ақын-жазушыларымызды да дәріптеудеміз. Осы орайда Хамза ағамыздың шығармашылығында «Түркі теберігі» атты кітабының  орны орасан екенін атап өткім келеді, — дей келе ақынға шығармашылық табыс тіледі.

Жиын барысында жастар Хамза Көктәндінің өмірі, шығармашылығы, адами болмысы және рухани әлемімен жақын танысты. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдады.

Шымкенттегі Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің оқушылары Абай жырларын жатқа айтса, Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері кеш иесінің халық арасында кеңінен танылған «Қуанышым – қазынам», «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз» атты әндерін домбырамен нақышына келтіре орындады. Ал ОҚМПУ студенттері Хамза Көктәндінің жырларынан әдеби композиция оқыды.

Ал ақынның өзі «Құлпытас», «Көкпар», «Ақындық» сынды оқырманға жақсы таныс өлеңдерін оқыды. Жуырда ғана баспадан шыққан «Алтын төркін» атты қос томдығын да таныстыра кетті. Аталған кітап Түркістанның таңғажайып тарихы туралы жазылғанын айта кетейік.

Естеріңізде болса, «Мәртебелі поэзия мінбері» жобасы осы жылдың басында сол кездегі қала әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен қолға алынған. Аталған жоба аясында шымкентіктер аптаның бір күнін поэзияға арнайтыны айтылған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр» мақаласында «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген бастамасы бойынша қолға алынған бұл жоба аясында осымен үш ақын-жазушының шығармашылық кеші өтті.

Поэзия күнінің алғашқы қонағы ҚР жазушылар Одағының төрағасы, ақын, журналист,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Ұлықбек Есдәулет болған. Қаңтар айының ортасында өткен кештің шымылдығын сол кездегі қала басшысы ретінде Ерлан Айтахановтың өзі ашқан. Одан кейінгі поэзиялық кеш Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Басқарма мүшесі Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған болатын.

 uakit.kz

Сурет авторы: Береке Сейітжаппар.