БЫЛТЫР КҮНГЕЙГЕ 441,2 МЛРД.ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ БАҒЫТТАЛҒАН

Еліміз бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жағынан Түркістан облысы екінші орында тұр. Қазіргі таңда облыста экономиканың негізгі драйвері болып саналатын 142 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өңір басшысы халыққа есеп беру жиыны кезінде былтыр  бизнесті қаржыландыру көлемі 74,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,5 млрд. теңгеге артқандығын мәлімдеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 5 мыңнан астам шағын орта кәсіпкерлік жобалары мен 42 мыңға жуық ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылған.

– Инвестицияларды тарту Президент Жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Жобаларды іске асыру бойынша атқарылған маңызды әрі жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аймаққа 441,2 млрд.теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 38,5%-ға артты.  Оның ішінде 61,6 млрд.теңге сыртқы инвестицияларға бағытталып, үлесі 14  пайызды құрады.     Өңірде 9 индустриалдық аймақ пен  «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған.          Арнайы экономикалық аймағы 3 014 гектарды құрайтын 5 субаймаққа бөлінген,- деді Өмірзақ Естайұлы.

Бұдан бөлек ол, осы жылы Келес ауданында 500 гектар жерге өндірістік жылыжай құрылысын бастау жоспарланып отырғанын жеткізді. Аталған жобаның құны 450 млрд.теңгеге жуық. Жоба ресейлік «Эко-Культура Агрохолдинг компаниясы»  тарапынан қаржыландырылады деп күтілуде. Өз кезегінде бұл  инвестициялық жоба тұрғылықты халықты алдағы 5 жылда 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарымен қамтиды деп көзделуде.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ