ТӘРТIПТIК КЕҢЕС ТӘУБЕЛЕРIНЕ КЕЛТIРДI

170
0

Тендердi – «жеңдер» деп түсiнетiн кейбiр шенеунiктер жегендерiн жұта алмай, желкелерiнен шығып жатса да, төңiрегiндегiлер тоба қылудың орнына,  өршелене түседi. Әйтпесе, осы тендер деген пәле талайлардың түбiне жетпедi емес пе? Жымын бiлдiрмей жегендердiң өздерi де бәрiбiр тұтылады, күндердiң күнiнде.

Созақ ауданы әкiмнiң орынбасары Н.Зейдулла, аудан әкiмi аппаратының басшысы Қ.Оразов, экономика және қаржы бөлiмiнiң бұрынғы бастығы, бүгiнде осы бөлiм бастығының орынбасары М.Архарбеков өздерiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк қызметтi абыройлы да, адал атқарудың орнына, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барғандары үшiн абыройлары айрандай төгiлдi. Бәрi де сол, қу тендерге қатысты тiрлiктен шыққан. Олардың не iстеп, не бүлдiргендерiн тiзбелеп, көзге шұқымай-ақ қоялық, оны өткен аптада тәртiптiк кеңес тәп-тәуiр түсiндiрiп, айыптарын беттерiне басқан болатын. Бiр бiлетiнiмiз, олардың iшiп-жеп қойған ештеңесi жоқ болып көрiнуi мүмкiн. Алайда олар өз мiндеттерiн жете түсiнбеген, жауапсыздыққа жол берген, заң талаптарының шеңберiнен шығып кеткен.

Жеңiл-желпi жаза болса, тәртiптiк кеңес аты-жөндерi аталған мемлекеттiк қызметтегi шенеунiктердi қазiргi атқарып отырған қызметтерiнен шеттетудi сұрап, аудан әкiмiне ұсыныс жолдамас едi ғой. Демек, бiр шикiлiктерi болғаны анық.

«Уақыт»-ақпарат.