ҒҰМЫРЫ МӘНДІ, ӨМІРІ СӘНДІ БОЛҒАН…

202
0

41141Өмірде абзал адамдар көп. Бірақ пенде атаулының күнделікті қоңырқай һәм қарбалас тірлігінде адамдардың бір-бірінің қадірін түсінуге тырыса бермейтіндері бар. Оған қоса, жақсы адамдар өзімізбен аралас-құралас болып, қатарымызда жүргендіктен ондай жандардың ізгі қасиеттерін аңдай да, бағалай да бермейтініміз тағы ақиқат.

Ұлылардың көпшілігі өмірден өткенде соңындағылар аһ ұрып, оны аңсайтыны, іздейтіні де сондықтан. Алайда Жаратушы пенденің барлығын ұлы етіп, болмаса өзгеден оқ бойы озық, көк бойы биік талант қылып жаратпаған. Солай десек те, көп ішінен кескін-келбетімен де, ілім-білімен де, ең соңында бойына ізгілікті адамгершілік жинаған парасаттылығымен де басқалардан оқшау тұрпатты жандарды кездестіруге болады. Мұндай жандар біреулерге қатардағы көптің бірі болып көрінуі де мүмкін. Себебі әлгі абзал жан көкірек көтермейді, басына қанша бақ-дәулет қонса да асып-таспайды, бір басына жетерлік атақ-абыройы болса да, көпшілік арасында маңғазданып, кеуде қақпайды. Жаратылысы қарапайым, бірақ өмір тарихына үңіле кетсең, талай лауазым мен жетістіктерге қол жеткізген әлгі жан. Міне, осыдан ғой, көлденең көзге қатардағы пендедей болып көрінетіні.
Біздің облыста сондай бір ақсақал бар. Ол ақсақал өз өмір жолында талай қызметтік белестерден өтіп, адал еңбегімен, жағымды тірлігімен, ғұмырында қоғам мен әріптес, қатарлас жандар арасында қадірі артып, сыйлы азамат атанса да, біртоға мінезінен, байыпты тұрпатынан айнымай, өткен шаққа өнегелі іс қалдырған жан. Оның бойына біткен оқшау мінез өзін басқалардан дараландырып тұрғанымен, қай ортаға барса да, сіңіп кететін биязылығының, түсінігі мол кең пайымдылығының, жөн-жосық білетін ізеттілігінің арқасында көппен араласып кете беретін парасат иесі. Мен кейде ойлаймын, дәл сол кісідей жетістіктерге қол жеткізген басқа бір парықсыздау біреу болса, Құдай біледі, ол адам танымай кетер еді-ау деп. Өкінішке қарай, мынау жер бетіндегі пенделер арасында ондай қуыскеуделер де көп…
Жә, әңгіме етіп отырған кейіпкерімізге оралайық. Алдымен ол кісіні таныстырмас бұрын Жетес шешеннің адамның ғұмыры туралы ғақлия еткен бір тәмсілін айтайын: Ертеректе Жетес шешен тоқсанға таяп, төсек тартып жатқанда жетпіс-сексенге аяқ басқан бір топ қариялар келіп: «Уа, шешен аға, осыншама ұзақ жасыңызда ешкімнен сөзден жеңілмедіңіз. өмірден көргеніңіз де, түйгеніңіз де мол. Адам ғұмырының әр он жасын бір белеске санасақ, соны неге балап, неге ұйғардыңыз?» – депті. Сонда Жетес би:
– Онға келдім – ойнадым, қызығына тоймадым. Жиырмаға жеттім – бойладым, сонда да қызығына тоймадым. Есейе келе жақсы сөзге сүйіндім, жаман сөзге күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншектерге шүйілдім, жауларыма түйілдім. Отызға келдім – алтайы қызыл түлкі болдым, қыран-бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбының көңілін қалдырмадым. Қырыққа келдім – арғымақтай аңқылдадым, тау тағысындай саңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, құз қыранындай шаңқылдадым, барымды жоқ деп сарқылмадым. Елуге келдім – биік қырға шықтым, арғы жағының алыс-жақынан байқамадым, дәулетімді шайқамадым. Алпысқа келдім – алты тарау жолға түстім, қайсысының алыс-жақын екенін білмедім. Жетпіске келдім – ел аузыма қарауда бала ақыл сұраудан танбады, мендегі көкірек-қазынада жиналған үлгі — өсиеттен өнеге алудан қанбады…» деп жауап беріпті.
Әлбетте, бұл ХІХ ғасырда өмір сүрген кісінің ғұмыр жолында жасаған тірлігіне, өмір көзқарасына деген өлшемі. Алайда бұл тұжырымда қай заманда да көнермейтін нақыл-өсиет пен қағидалардың көрінісі бар. Онда ұзақ жасаған қарияның көкірек-қазынасында қандай ақыл-ой мен өмірлік көзқарастарға қатысты пәлсапалық тұжырымдар бар екенін көрсететін керемет ерекшелік бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де өн-бойында Жетес шешен ғұмыр бойы жинаған тірлік-тіршілікке қатысты өнегелі қасиеттерге тән өзгешелік бар.
Енді таныстырайын, ол кісінің аты-жөні – Әминолла Ермаханбетұлы. Ол бүгінде 75-ке толып, ақыл айтар қариялықтың, үлгі көрсетер абыздықтың табалдырығын аттап, есігіне аяқ басып тұр. Оның тұла-бойындағы жұрт мақтайтын мінез-құлқын, халық жақтайтын баянды қызметтерін айтудан бұрын, өмірдерегіне бір сәт көз салайық.
Әминолла Ермаханбетұлы 1939 жылы 22 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданына қарасты Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қасқасу орта мектебін бітірген. 1958 жылы бүкілодақтық екпінді құрылыс бастамасына орай берілген ОҚО комсомол комитетінің жолдамасымен Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы «Қазақстан Магниткасы» аталған металлургия зауытына жіберілген. Сол жылдардағы жүргізілген бағдарламаға сәйкес зауытқа жан-жақтан жиналған қазақ жастарын металлург мамандығын игеріп, жетілдіру үшін Украинаның Днепродзержинский қаласындағы техникалық училишиге оқуға барған. Оны 1960 жылы бітіргеннен кейін аталған зауыттың мартен цехында болат құюшы болып еңбекке орналасады. Осында еңбек ете жүріп, Қарағанды политехникалық институтының болат қорыту факультетіне түседі.
Осы институтты 1967 жылы тәмандаған. Бұдан кейін Өскемендегі автомобиль жолдарының құрылысы институтында оқыған. 1968-70 жылдары Теміртау қаласындағы «Металлургжилстрой» тресінде аға инженер, бөлім бастығы.
1970-72 жылдары Қарағанды облыстық «Қазсельхозтехника» мекемесіне қарасты Егіндібұлақ аудандық бірлестігінде бас инженер, бастығы. 1972-73 ж.ж. «Шымкенткөліктасмалдау» тресіне қарасты №2 автопаркте бас инженер, 1973-75 ж.ж. Шымкент облыстық байланыс басқармасы автобазасының директоры.
1975-82 ж.ж. «Шымкентстрой» автобазасының директоры, 1982-97 ж.ж. ОҚО тұтынушылар одағына қарасты автобірлестіктің директоры, бас директоры. 2002 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Міне, Әминолла ағамыздың өмірдерегі осылайша өрбіп, осындай деректерден тұрады. Бір кездері өз көзімізбен көргенді айтсақ, кеңес кезінде автобазалардың немесе автобірлестіктердің директорлығы қолжетімді қызмет емес пе еді, кім білген, әйтеуір сондай дәрежеге жеткен кісілердің көбі көкірегімен жер, кеудесімен аспан тіреп жүретін. Біреуге сәлем беруі қиын, паң әрі маңғаз болатын. Мұндай кесірлік – адамның өз табиғатынан ба, әлде басқа біткен азын-аулақ бақты көтере алмаушылықтан туындайтын осалдық па, әйтеуір ол жағын жіктеп, ажыратуға біздің құқымыз да жоқ Һәм міндетімізге де жатпайды. Біздің білетініміз, бүгінгі кейіпкеріміз – Әбекеңнің сол кезде де бір қалыптан айнымай, қарапайым да кішіпейіл мінезбен жүретін. Ол кейін қызметпен қоштасып, зейнетке шықанда да, қариялықтың биік жотасына өрмелеп, 75-ке келген шағында да осы қалпынан айныған жоқ.
Келісті келбеті мен жарасымды бітімі 75-ке келсе де өзгермеген, жас жігіттей ширақ жүрісті Әбекеңнің кескін-болмысының шау тартпауы және тәні мен денінің сау болуы – оның өмірде, еңбеке адал, дос пен таныса, тума-тумаластарға жарқын, ешқашан ар аттамаған тазалығының, өзгеге үнемі жақсылық сыйлаған мөлдір мінезінің арқасы болса керек.
Әминолла ағамыз артық-ауыс дүниеге де қызықпаған, жинамаған адам. Өмірде дос арттырған, жанына жақсыларды жинаған. Ол байлықтың ең үлкені – жұртпен сыйластық деп біледі. Оның ең құрметті де сырлас, үнемі араласып тұратын жақын достарының бірі – ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен сонау 1960 жылдары комсомол жолдамасымен «Қазақстан Магниткасына» барған кезде танысқан. Днепродзержинский қаласына да оқуға бірге барған. Одан оралған соң сегіз-тоғыз жыл бойы екеуі аталмыш зауытта қатарласа еңбек еткен. Кейін екеуін өмір жолы екі тарапқа салғанда да бір-бірінен хабар үзбей, хат, телефон арқылы қарым-қатынас жасасып тұрған.
Екеуінің достығы осы күнге дейін үзілмеген. Елбасы қанша жұмысбасты болса да, жыл сайын бір кездері өзімен бірге оқыған, Қарағанды металлургия зауытында жастық жігермен бірлесіп құлшына еңбек еткен достарымен бас қосып тұруға уақыт табады. Жыл сайынғы ондай басқосулардың бастамасын көбіне Әбекең көтереді. «Сондай кездесулерге, – дейді Әминолла Ермаханбетұлы. – Елбасы бәрімізбен қауыша көріп, әзіл-қалжыңға ерік беріп, көңілді отырады. Көбіне жастық шағымз туралы естеліктерді еске түсіреді. Сондайда оның жадының мықтылығына қайран қаламын. Кейде біз ұмытып кеткен, осыдан 53-54 жыл бұрын арамызда өткен қызықты сәттерді қаз-қалпында баяндап береді. Кейде әңгіме соңын елдегі жағдайларға бұрып, байыпты мәселелелер хақында салиқалы ойлар айтады».
Әминолла Ермаханбетұлы бұл күндері әлем жұртшылығы сұңғыла саясаткер ретінде таныған Нұрсұлтан Әбішұлымен дос болғанын тағдырдың сыйы деп, оны бақыт санайды. Алайда бұл жайын көлденең көзге, кім көрінгенге немесе түрлі жиындар мен басқосуларда айтып, мақтанғанды жаны сүймейді.
Әбекең қазақы салт-дәстүрлерді де жақсы біледі, оны жастарға үйретуден де жалықпайды. Қазақ тарихын да бір кісідей тәуір айтады. Сонымен қатар бүгінгі саясатқа да, елдегі және әлемдегі ахуалдарға да жіті көзбен, зерделі көңілмен қарайтын, оларға өз көзқарасымен оңды баға бере алатын көзі ашық қария.
Әбекеңнің жұбайы Роза жеңгеміз де – өте мәдениетті, қазақ әйеліне тән мінез-құлықты бойына сіңірген кісі. Жеңгеміз Ташкенттегі политехникалық институтты бітірген. Мамандығы – инженер-технолог. Әбекеңнен үш ұл, үш қыз бар. Бәрі жоғары білімді. Үлкен ұлы Болат – КазМҰУ түлегі. Қазір кеден саласында қызмет етеді. Екінші ұлы Қанаттың, өкінішке қарай өмірі қысқа болды. Одан кейінгі қызы Бақыт – дәрігер. Бақыттан соңғы қыз Ләззат та – дәрігер. Тағы бір қызы Ақмарал – экономист. Кенже ұлы Берік – заңгер, Алматы қалалық кеден басқармасында еңбек етіп жүр. Әминолла ағамыз бен Роза жеңгеміз – осы ұл-қыздарынан 22 немере, бір шөбере сүйіп отырған ардақты ата, аяулы әже.
Көркем мінезбен, шынайы адалдықпен өмір сүріп, көпке ұнамды, бүгінгінің ізетті қариясына айнала білген қымбатты Әбеке, Алла әлі де өміріңізге сән, ғұмырыңызға мән беріп, ұзақ жасай беріңіз! Мерейіңіз әрқашан да үстем болып, қазаққа қадірлі абыз атаныңыз!

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ