ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕСТЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ МАҚСАТ-МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

Қазақстанның білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде жаңа оқу жылы қарсаңында педагогикалық кеңестер өткізу маңызды орын алады. Бұл кеңестер – мектеп ұжымының стратегиялық даму бағытын айқындайтын, оқу-тәрбие процесінің негізгі басымдықтарын белгілейтін, жаңа міндеттерді саралайтын кәсіби алаң. 2025 жылдың тамыз айының соңында Түркістан қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектепте өткен алғашқы педагогикалық кеңес осы дәстүрдің нақты жалғасы болды.
Кеңестің негізгі тақырыбы – «Білім беру саясаты мен басымдықтары: сапалы білім – жарқын болашақ кепілі». Бұл тақырып кездейсоқ таңдалмаған. Себебі сапалы білім – мемлекет дамуының, қоғам өркендеуінің, ең бастысы жас ұрпақтың болашағының негізгі тірегі. Кеңеске арнайы қатысқан «Түркістан облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының аға оқытушысы Назгүл Егенова білім беру жүйесіндегі жаңа үрдістер мен кәсіби даму бағыттары туралы пікір білдіріп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетті. Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 15 тамызда өткен дәстүрлі Тамыз конференциясында сөйлеген сөзі мен Оқу-ағарту министрлігінің өзекті мәселелерін қамтыған бейнематериалды тамашалаудан басталды. Бұл қадам – мұғалімдерге мемлекеттік деңгейде қойылған талаптар мен стратегиялық бағыттарды ұғынуға мүмкіндік берді. Одан кейін мектептің жаңа оқу жылындағы басым бағыттары талқыланды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ханділлә Жанат білім беру ұйымының жұмыс бағыттары жөнінде баяндама жасап, мектептің стратегиялық даму картасын айқындады. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құрмантаева Айгүл «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы мен академиялық адалдық қағидаларын таныстырып, тәрбие жұмысының негізгі басымдықтарына тоқталды. Бұл бағдарламаның мақсаты – оқушылардың бойында әділдік, жауапкершілік, азаматтық сана сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Сонымен қатар, жаңа оқу жылындағы алғашқы қоңырау мерекесіне дайындық барысы да талқыланды. Педагогтердің кәсіби мәртебесі, құқықтарын қорғау, кәсіби шеберлігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады. ДБОЖО Б.Айтуреев бұл бағытта мұғалімнің кәсіби стандартына тоқталып, білім сапасының артуы үшін ең алдымен ұстаздың құқығы мен мәртебесі қорғалуы тиіс екенін атап өтті. Мектеп директоры Айгерім Парсаханқызы Пошанова мектеп қызметінің тиімділік көрсеткіштері жайында ақпарат беріп, нақты мақсаттар мен индикаторларды түсіндірді.
Кеңес барысында М.Назаров мен Г.Ерденова жылдық жұмыс жоспарын таныстырып, бекітуге ұсынды. Бұл жоспар – мектеп ұжымының алдағы бір жылдағы негізгі іс-қимыл жоспары. Әрбір бағыт нақты міндеттермен бекітіліп, ұжым мүшелері бірауыздан қабылдады. Ұйымдастырушылық-шаруашылық мәселелер де кеңінен талқыланды. Қосымша білім беру педагогы Қ.Тәжібаев қосымша үйірмелер мен секциялардағы жоспарларымен бөлісіп, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жаңа жобаларды ұсынды. Әлеуметтік педагог Г.Мусаева «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін қолдау шараларын баяндап, оқушылардың тегін тамақтануын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Сонымен бірге директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Құрмантаева қауіпсіз білім беру ортасын құрудың маңызын түсіндіріп, оқушылардың мектептегі қауіпсіздігі басты назарда болатынын айтты. Кеңестің тағы бір ерекшелігі – барлық мәселелер жеке-жеке қаралып, дауыс беру арқылы нақты шешімдер қабылдануы. Бұл тәсіл мұғалімдердің өз пікірін білдіруге, шешім қабылдау процесіне тікелей араласуына мүмкіндік берді.
Жалпы, өткен педагогикалық кеңестен бірнеше қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, білім беру саясатының басымдықтары мектеп деңгейінде нақты іске асырылып жатқаны байқалды. Екіншіден, педагогтердің кәсіби дамуына, құқықтық қорғауына айрықша көңіл бөлініп отыр. Үшіншіден, тәрбие жұмысының жаңа форматы – «Адал азамат» бағдарламасы арқылы оқушылардың құндылықтық бағдарын қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Төртіншіден, қосымша білім беру, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік сияқты мәселелер мектеп ұжымының басты назарында тұр. Жалпы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектептің педагогикалық кеңесі жаңа оқу жылына тың серпін берді. Мұғалімдер сапалы білім беруді, оқушыларды саналы азамат етіп тәрбиелеуді басты міндет деп санайды. Бұл – мектеп ұжымының жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамның болашағына жасалған үлкен қадам.