ОҚМПИ — ДЕ БАЙТАНАЕВ ОҚУЛАРЫ БАСТАЛДЫ

315
0

6-1Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  педагогикалық институтында осы білім орданың негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер,Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбіш Байтанаевтың қазақ ғылымы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі ескеріліп, дәстүрлі Байтанаев оқулары өткізілетін болды.

Қазақ халқының сан ғасырлық мол тәжірибесінен жинақталған бір даналық сөз бар. Ол сөз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді».  Белгілі ғалым, профессор, әдебиеттану ғылымының майталманы, «Абай жолы» роман-эпопеясының шын мәніндегі зерттеушісі, «Шын шеберлік» атты монументальды монографияның авторы Әбіш Байтанаұлы Байтанаев осы айтылған екі ұғымның да қасиетті жүгін арқалап ғұмыр кешкен жан.
Байтанаев Әбіш Байтанаұлы 1910 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Отырар ауданы (бұрынғы Шәуілдір) Ынталы ауылында дүниеге келген. Әбіш Байтанаевтың білім жолындағы сапары кеңес дәуірінің алғашқы аласапыран жылдарымен сәйкес келді. 1927 жылы № 5 Түркістан қалалық мектебін жақсы үлгеріммен бітірген ол одан әрі Алматы қаласындағы жерге орналастыру техникумының алғаш дайындық бөлімінде, кейін осы оқу орнын үздік бітіріп, аталған техникумда оқытушылық қызметте қалып, еңбек жолын бастайды. Жылы өз еркімен сұранып соғысқа кеткен ол 1943 жылы  жараланып, денсаулығының жарамсыздығына байланысты елге оралады. 1948 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ  тілі мен әдебиеті мамандығын сырттай оқып, ол оқу орнын үздік бітіріп шықты.  1947 жылы Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын екі жылдық институтқа (1953 жылдан пединститут) оқытушылық қызметін бастаған ол 40 жылдан астам осы оқу орнында, көп жылдар бойы кафедра меңгерушісі болып абыроймен еңбек етті. Аталған оқу орны кейініректе М.Әуезов атындағы Шымкент педогогикалық институты болып, Оңтүстік өлкесіндегі педагог мамандар дайындайтын қара шаңыраққа айналды, ғалым аталған оқу орнында 40 жыл тапжылмай еңбек етіп, ғұмырын арнады, 1988 жылы жылы құрметті демалысқа шықты. Бұдан кейінгі жылдары да қарт ұстаздың қаламы қолынан түскен жоқ, әрбір оқу жылы басталғанда өзінің бүкіл мағыналы ғұмыры өткен пединситутына арнайы келіп, шәкірттеріне батасын беріп кетуден жаңылған жоқ, 1993 жылдың 3 маусым күні ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.
Ғалымның ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ, «Еңбек Қызыл ту» орденімен, (1986) және көптеген медальдармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.
Әбіш Байтанаев ұстаздық еңбегінің бір парасын ұдайы ғылыммен ұштастырды, нәтижесінде 1956 жылы «Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 1971 жылы «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазудағы шеберлігі» деген тақырып аясында докторлық диссертация қорғады. Ғылым-білімге сіңірген ұзақ еңбегі үшін 1981 жылы «Қазақ ССР Жоғарғы оқу орнының еңбек сіңірген үздік қызметкері» деген құрметті атаққа ие болды. 1986 жылы профессор атағын алды.
Әбіш Байтанаевтың ғылым көкжиегінде де өз ізі қалды. «Шын шеберлік» (1969), «Абай жолы» эпопеясының образдар жүйесі» (1970),  «Абай жолы» айшықтары» (1995), «Әдебиет теориясын орта мектептерде оқыту» (Әдістемелік нұсқау, 1988), «С.Ерубаевтың творчествосы туралы» (1978), «Жамбыл Жабаев» (1957), «Саттар Ерубаев» (1958), т.б. сан алуан ғылыми еңбектері бар. Сонымен қатар ғалым Байтанаевтың жазушылық өнерде («Дәл төртте» новелла), драматургия жанрында («Замандастар»), аударма саласында («Қарауыл», М.Зощенкодан), тіпті сонау 50 жылдардың соңында қытай жазушысы Лу Синьнің әңгімелері мен повестерін де қазақ тілінде сөйлетіпті, әрине орыс тілі арқылы болу керек.
«Шын шеберлік» ғалым Байтанаевтың төлқұжаты дейтіндей монографиялық еңбек, олай дейтініміз ғалым дәл осы еңбегі арқылы докторлық диссертация қорғады. Еңбек өзара сабақтастықта, ғылыми теориялық тұтастықта жазылған төрт тараудан тұрады. Ол тараулардың тақырыптары төмендегідей: «Абай жолының» сюжеттік желісі», «Эпопеяның композициялық құрылысы», «Абай жолының» тіл мәдениеті жайлы», «М.Әуезовтің әдебиеттік стилі туралы».  Ғылыми монографияда жоғарыда атап көрсеткеніміздей кіріспе немесе алғысөз болмағанымен, көлемді, тиянақты жазылған қорытынды бар. Еңбек М.Әуезов жайлы, кемеңгер жазушының «Абай жолы» деп аталатын роман-эпопеясы жайлы.
«Шын шеберлік» «Абай жолы» сияқты әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған мұраның сюжеттік желісін, композициялық құрылысын, тіл мәдениетін, стильдік ерекшеліктерін теориялық тұрғыдан талдаған еңбектің ғылыми құндылығы бүгінгі азат, тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ елінің білімі мен ғылымын дамытуға септігін тигізе береді деп сенеміз.

ОҚМПИ-дің баспасөз қызметі