ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖДЫҒЫ ҮШІН АЛЫНАТЫН ЖЕРДЕГІ 168 НЫСАННЫҢ БАҒАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ 2 025 545 172 ТЕҢГЕНІ ҚҰРАҒАН

25
0

Түркістан қаласын көркейту және кесене маңынан «Рухани-мәдени орталық» аймағын кеңейтуге қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекет мұқтаждығы үшін 14 кәсіпкерлік, 154 тұрғын үй барлығы 168 нысан мемлекетке қайтарылады. Осы 168 нысанның бағалау жұмыстары 2 025 545 172 теңгені құраған. Бағалау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, «Экспо Оценка» ЖШС жүргізген. Аталған нысандардың 95 меншік иесі келісім беріп, оларға 1 139 756 000 теңге төленеді. 44 нысанның меншік иелері келісім беруден бас тартуына байланысты сотқа талап-арыз жолдануда. Қалған 29 нысанның иелерімен келіссөз жүріп жатыр.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Бағалау сомасына келіспеген тұрғындардың наразылық білдіруіне байланысты облыс әкімі азаматтарды қабылдап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түркістан қаласында жердің әр соттығының кадастрлық құны 88 мың теңге болса, тұрғындарға нарық бағамы бойынша 515 мың теңге беріліп отыр. Сондай-ақ, тұрғын үйдің құрылыс материалдарының түріне, сапасына (кірпіш, қыш, шлакоблок, шифер, іргетасы т.б.) қарай әрбір шаршы метріне берген 55 пен 90 мың теңге аралығындағы бағасына келіспей отырған 44 меншік иесі бар. Оларға қала әкімдігі және прокуратурасының мамандарымен кездесу өткізіп, мемлекеттің ұсынған қаржысына келіспеген жағдайда жеке бағалаушы жалдай алатындығы және шешімін сотқа ұсынуға құқылы екеніндігі түсіндірілді. Тіпті кейбір тұрғындар тарапынан үй құжаттарында орын алған қателіктерді қайта рәсімдеуге әкімдік тарапынан заң талаптарына сәйкес кеңестер беріліп, қолдау көрсетілуде.

uakit.kz