Драматургияға жаңа есімдер келді
Өнер иелерін қолдауға, олардың еңбегін бағалауға арналған байқаулар қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Адамзаттан рухтың қашқан заманында өнер адамдарына жан-жақты демеудің болғаны руханиятқа деген оң көзқарастың дамып келе жатқаны екені сөзсіз. Жақында ғана өз мәресіне жеткен «Тәуелсіздік толғауы» ІІІ Республикалық конкурсы жаңа есімдерді дүниеге әкелді. Руханияттағы бойына қан жүрмей тұралаған саланың бірі — балалар драматургиясы қуыршақ театрларының репертуры болатын. Міне, аталған байқаудың қортындысында лауреаттар қатарынан көрінген Еркінбек Серікбайдың туындысы келер жылдан бастап республикамыздың жер-жерлеріндегі қуыршақ театрында қойыла бастайды. Балалар драматургиясына бұған дейін мұндай қолдау болмағанын ескерсек, болашақта қуыршақ театрларына қазақы дүниелер мен ұлттық бояуы басым ертегілер негізінде жазылған пьесалармен толығатын болады. Еліміздің ертеңіне саналатын жас жеткіншектеріміз енді отандық авторлардың шығармасымен сусындамақ. Осы республикалық конкурста қазылар алқасының мүшесі болған Бекболат Парманов: «Қуыршақ театрларына арналған ең үздік драмалық шығарма» аталымы бойынша жеңімпаз болған Гүлжайнар Қалдина мен Еркінбек Серікбайдың пьесалары мазмұны, тілі, идеясы жағынан тартымды. Заманауи көзқараспен өзіндік тартымдығы бар мұндай туындыларды қолдаумен қатар, жазған жас авторлардың болашақтарына үлкен сенім білдірдік- дейді. Ал Қазақ драматургиясында өзіндік орны бар, айтулы азамат, Қазақстан Жазушылар одағы драматургия кеңесінің төрағасы, қазылар алқасының мүшесі Сұлтанәлі Балғабаев: «Қуыршақ театрларына арналған ең үздік драмалық шығарма» номинациясында жастарға ерекше көңіл бөлдік. Алдағы уақытта жеңімпаз болған Гүлжайнар Қалдина мен Еркінбек Серікбайлар драматургияға қадам басып, озық жазып келе жатқан жастар екені көрініп тұр. Қолдау көрсетіп, жол көрсетіп, қанаттардырып отырсақ, олардың жақсы жазып кететініне сенуге болады. Ендігі кезек жеңіске жеткен пьесалардың негізінде қойылған спектакльдерді қуыршақ театрларының сахнасынан көру.
Жас өспей ме?.. Елдің ыстық ықыласына бөленетін, әлемді мойындататын авторлар да жастайынан қалыптасқан. Алдыларына үлкен мақсат қоя білумен және сол мақсатқа жете білумен қалыптасқан. Жеңімпаздарға сәттілік тілейміз!