«Молдасейітовтің қолынан іс келеді, қалғанын уақыт көрсетеді»

351
1

Гүлнар ҚҰРМАНБЕКОВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

Оңтүстікте Құрманбековтер әулетін білмейтіндер некен-саяқ. Мамыт қарияның құтты шаңырағынан түлеп ұшқан он бала да ел ардақ тұтатын азаматтарға айналғаны дүйім елге мағлұм. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Гүлнар ҚҰРМАНБЕКОВА да — өсіп-өнген осы әулеттің қызы. Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған оны жұртшылық дәрігер ретінде етене таниды. 1983 жылы ата қонысы Отырар ауданына оралған Г.Мамытқызы осында еңбек жолын қарапайым дәрігерліктен бастап, 16 жыл табан аудармай еңбек етті. Табиғатынан жаны нәзік жас маманның өз ісіне деген құлшынысы мен ізденімпаздығы аз уақытта-ақ оны білікті дәрігер етіп танытты. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Ал, 1999 жылдан бері Шымкент қаласындағы №2 қалалық емхананың бас дәрігері қызметін атқарып келеді. Асыра айтқандық емес, үкіметтік бағдарламада қамтылған алғашқы медициналық көмек көрсетудің деңгейін көтеру, алдын алу жұмыстары мен әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуді жүйелі жүргізу сияқты шараларды атқаруда қала халқына сапалы қызмет көрсетуге қол жеткізді.
Отбасылы. Екі ұлы да жоғары білімді: екеуі де – заңгер, экономист. Соңғы үш шақырылым бойына Шымкент қалалық мәслихатының депутаты мандатын иемденіп келе жатқан халықтың қалаулы қызымен әңгімемізді әріден бастадық.

– Мен көпбалалы шаңырақта дүниеге келдім: бес ұл, бес қызбыз. Әрине, кеңес дәуірінде біздің аналарымызға қазіргідей 3 жылға дейін сәби күтіміне байланысты демалыс берілмейтін. Босанған соң, екі айдан кейін-ақ жұмысқа шығып кетеді. Ал, үйдің шаруасы бізге жүктелетін. Ол уақытта «үй қызметшісін ұстау, бала тәрбиешісін жалдау» деген ұғымдар ешкімнің санасына кіріп шықпайтын. Оның үстіне әкем мемлекеттік қызметкер болды да, әрбір қимылы елдің назарында-тын. Артық әрекет істесең, партиядан қуатын қатал заман еді ғой. Үлкен үй болғандықтан, келімді-кетімді қонақтар да көп. Ол кезде ауылда дәмхана, қонақүй дегендер жоқтың қасы, сол себепті бүкіл тіршілік сол үйдің ішінде қайнап жатады. Біз қолғабыс жасаймыз. Ата-анамыздың еңбекке ертерек араластырып, бейнеткеш етіп өсіруінің арқасында бүгінгі жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Бала кезімізден жақсы орта көрдік. Және көпбалалы отбасыда өскен балалар табанды, шыдамды, бауырмал болып келеді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, сол кісілердей жақсы азамат болсақ деп армандадық. Әкеміз – артық дүние жимаған адам. Қолын да, арын да таза ұстауға тырысты. Тұрақты депутат болды. Атам Дәуренбек Құрманбеков Қазақ кеңестік социалистік республикасы Жоғарғы кеңесінің алғашқы депутаты, ҚазОАК мүшесі еді. Қазіргі таңда Шымкенттегі бұрынғы Тверская көшесі атамыздың атымен аталады. Анам педагог болғандықтан, біздің тәрбиемізге де, оқуымызға да көп көңіл бөлетін. «Әкеден – өсиет, анадан – қасиет» алдық. Барлық бауырым халқына, осы облысқа, қалаға адал қызмет етіп, пайдасын келтіріп отырғанын мақтаныш тұтамын. Жақсы ағаларым мен әпкелеріме қарап өстім. Өзімнің білгенімді соңымнан ерген бауырларыма үйреттім. Үлкен әулеттің қызымын, үлкен әулеттің келінімін.
Мен туып-өскен Отырар ауданында бұрындары дәрігерлер өте тапшы-тын. Екі әжемнің басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды, ауруханаға барып, дәрігерге қарату өте қиынға соғатын. «Шіркін-ай, ертерек мектеп бітірсем екен, дәрігердің оқуын оқып, ауылыма келіп, қызмет етіп, жұрттың бәрін емдеп, алғысын алсам екен» деген армандардың іргетасы сол кезде-ақ қаланған. Міне, сол арман мені Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына жетелеп апарып, туған жеріме қайта оралтты. Отырар ауданының азаматына тұрмысқа шықтым да, сонда 16 жылдай дәрігер боп еңбек еттім. Ал, 1999 жылы Шымкентке қоныс аудардық. Оның да өзіндік себептері бар: балаларымыз ер жетті, жоғары оқу орындарына түсті, содан «Біз де енді қалаға қарай аяңдайық» деген байламға бекідік. 1999 жылдан бастап №2 Шымкент қалалық емханасында бас дәрігер қызметін атқарып келемін. Ол уақытта бұл мекеме №2 медицина бірлестігінен енді бөлінген-тін. Әкем «Дарақ бір жерден көгереді» деуші еді, бүгінгі күнге дейін осы жұмысымнан ешқайда қозғалған емеспін. Құдайға шүкір, 13 жыл ішінде өз ісінің шебері саналатын білікті дәрігерлер құрамы қалыптасты, оған халық риза. Ризашылығының дәлелі болар, соңғы үш шақырылымнан бері осы төңіректегі тұрғындар мені Шымкент қалалық мәслихатының депутаты етіп сайлап, үміт артып отыр. Демек, менің бейнетім зая кетпеді деп есептеймін. Халықтың берген бағасынан үлкен баға жоқ. Жалпақ жұрттың ықыласына бөленбей, шаруаңды дөңгелетемін деу – бос әурешілік.
Сонымен бірге Отырар топырағының қасиеттілігі мен ондағы қариялардың батасынан шығар, өсіп-өніп, өз арбамызды өзіміз сүйреп жүрміз. Бір кездердегі өзімнің ата-анам секілді мен де бала-шағама үлгі-өнеге көрсетуді қалаймын. Әке-шешесіне қарап бой түзейтіндей дәрежеде жүрсек дегенді бір сәтке де естен шығармаймын. Бүгінде халық қалаулысымын, бас дәрігермін, бірақ бұл биігімді соңғы биігім деп ойламаймын. Әлі жаспыз. Алар асуларымыз алда.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Ұлдарыңыз да ұятқа қалдыра қоймас.

– Екі ұлым бар. Азамат болды. Екеуі де – заңгер, экономист. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірді. Астанада мемлекеттік қызметте. Екеуі де шаңырақ көтерді. Маған сүйікті немерелер мен сыпайы келіндерді сыйлап отыр. Әйтеуір, үмітімді ақтап, халқына қалаулы азаматтар болып, мемлекетіне адал қызмет етсін деп тілеймін.

 – Дәрігер мамандығын таңдауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні анық. Оқу мерзімінің ұзақтығы өз алдына, дәрігерлерге қателесуге құқық берілмеген. Осынау ауыр жауапкершілікті көтеріп жүру де оңай болмаса керек.  

– Алдыңа келген адаммен бірге қиналасың, дертіне шипа тауып, қабағы ашылса, жас баладай қуанасың. Өйткені науқас бірінші Құдайға, екінші бізге сеніп келеді. Адамның ең қымбаттысы – денсаулығы. Шипа іздеп дәрігерге келеді. Біз үшін бұдан артық жауапкершілік болмайды. Бүкіл біліміңді, көрген-түйгеніңді сол сырқаттың дертіне дауа табу үшін жұмсауың керек. Содан да болар, дәрігерлер ұзақ өмір сүрмейді. Жүйкесі сыр бергіш. Мысалы, мен Отырар ауданында дәрігер ретінде қалыптастым. Сонда байқағаным, зейнетке шығып, ұзақ өмір сүрген дәрігерлер саусақпен санарлық. Мұның бәрі – науқастың шыбын жанымен бірге шырылдағандықтан.

– Әрине, кәсібіне адал дәрігерлер осылай етсе керек-ті. Алайда «Қазіргі дәрігерлер пара алуға бір табан жақын. Ақша бермесең, адам екенсің-ау демейді. Жүрдім-бардым қарайды…» деген әңгімелер де желдей есіп тұр.

– Мен ондайларды дәрігер деп есептемеймін. Егер сіз жақсы дәрігер болып, науқасты емдеп, аяғына тұрғызсаңыз, ол ризашылығын ертең өзі келіп білдіреді, шын жүректен ұсынған сыйлығын соңыңыздан қуып жүріп апарып береді. Ешкім денсаулығынан ештеңесін аямайтындығын пайдаланып, ақша сұраудың керегі жоқ. «Ашыққаннан құныққан жаман». Сондықтан мен қарамағымдағы дәрігерлерге «Сен біреуден ақша алып, соған сай қызмет көрсетуді емес, ең әуелі сауатты дәрігер болып, елдің алғысын алуды ойла. Егер бір дәрігердің бөлмесінің сыртында адамдар ұзын-сонар кезекте тұрса немесе оған қаралу үшін жан-жақтан іздеп келіп жатса, онда ол – жақсы дәрігер» деп жиі ескертемін. Әрине, «айдың арғы беті» деген сықылды бұл ретте мәселенің екінші қыры тағы бар. Жұртшылықта «Дәрігердің қалтасына ақша салып қойсам, маған ынты-шынтысымен қарайды. Егер өйтпесем, онша көңіл аудармайды» деген ой қалыптасып қалған. Пенде емеспіз бе, сөйтеді де, ертең дәрігерді кіналайды. Иә, «Бес саусақ бірдей емес», шындығында да, «Ақша бер…» дейтін де дәрігерлер бар шығар арамызда. Бірақ басым бөлігі қолынан келген көмегін аямайды деп ойлаймын. Сіз сый-сияпат жасамасаңыз да, дәрігер емдеуге міндетті, себебі, ол әрбір пациентіне басымен жауап береді.

– 2008 жылы қараша айында Шымкентте Елбасының қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатқан кеңейтілген кеңес өткен еді. Сол жиында мемлекет басшысы біраз кемшіліктерді көзге шұқып көрсеткен. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен кадрлардың біліктілігіне қатысты ауыр-ауыр сындар айтылды. Іле-шала жоғары білімді дәрігерлер дайындап келген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына құрылымдық өзгерістер жасалды. Бұдан бөлек содан бері жалпы не өзгерді?

– Елбасы жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина тақырыбын айналып өтпейді. Соның нәтижесінде қаншама миллиардтаған қаражат денсаулық сақтау саласына бөлінуде. Жол-көлік апаты орын алған жағдайда жедел жәрдем көрсету үшін үлкен трассалардың бойынан пункттер ашылып жатыр. Былтырдан бастап санитарлық авиация жүйесі іске қосылды. Күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан бой көтеріп жатқан емхана-ауруханалар қаншама! Қымбат медициналық құрал-жабдықтарға қол жеткізудеміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолы» қарастырылуда. Мысалы, халықпен етене жұмыс істеп, профилактика жүргізу үшін, саламатты өмір салтын ұстануға бағыт-бағдар беру үшін, бізде бір дәрігерге екі медбике, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге үш медбикеден бекітілді. Жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Учаскелік дәрігерлерге, педиатрлер мен терапевттерге тоқсандығына бір рет ынталандыру (сараланған) төлемі жасалады. Бұдан артық қандай жағдай керек?! Осы мақсаттың өзіне қыруар қаржы бөлінуде.
Кадр мәселесін сіз орынды тілге тиек еттіңіз. Қазіргі таңда дәрігерлерді дайындайтын оқу орындарындағы білім сапасы қаншалықты? Осы миллиардтаған қаражатты игеретін, өз мақсатына жеткізетін маман бар ма бізде? Егер медициналық құрал-жабдық қаңтарылып тұрса, ол жай әншейін темір, оны елдің игілігі үшін кәдеге асыратын – кадр. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы дайындайтын дәрігерлердің біліктілігі өте төмен екенін Елбасы дер уағында байқады. Артынша оқу орны фармацевтика академиясына айналды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультеті жоғары білімді дәрігерлерді дайындайды. Әйтсе де сапа жағынан әлі де ұшпаққа шыға қойған жоқпыз. Біз жұмыс беруші, дәрігер таңдаушы болғандықтан, жас мамандармен күнделікті жолығамыз. Егер ол маман суырылып тұрса, қуана-қуана қабылдаймыз. Көпшілік «Ақша бермесең, жұмысқа орналаса алмайсың» дейді. Бұл пікірмен келіспеймін. Жақсы, білікті маман барлық жерге керек. Сондай маман маған келсінші, жалақысынан бөлек үстіне қосымша ақша төлеп жұмыс істетер едім. Мәселенің бәрі – кадрдың сапасында. Өзі ешетеңе білмей тұрса, әрине, әке-шешесін қасына ертіп, қалтасына ақшасын салып келеді… Дәрігер мамандығын таңдаған екенсіз, мықты дәрігер болыңыз. Адамның сауығып кетуіне жәрдеміңіз тисе, сауабы сізге жазылады деп ойлаймын. Жарайды, пара ұсынып, жұмысқа орналастыңыз делік. Ертең науқаспен бетпе-бет қалғанда, не істейсіз?! Мемлекет сізді алты-ақ жыл оқытады. Алты жылдан кейін сізден жұмыс талап етеді. Сондықтан осы уақыт ішінде терең білім алуға ұмтылу қажет. Ақша ұсынып, сынақ-емтихандардан «сүрінбей» өту басқа мамандықтарға жүруі мүмкін, біздің мамандыққа жүрмейді. Және ол алты жыл қайта айналып келмейді. Көп студенттер «Практика жүзінде меңгеріп аламыз» деп өз-өздерін алдайды. Теориясыз практикаңыз көр соқырмен тең. Басыңда ештеңе жоқ болса, нені жүзеге асырасың?! Менің таңғалатыным, қазіргі жас мамандар ештеңеден қорықпайды. «Жүре келе үйреніп кетеміз ғой…» дейді. Дәрігерлік деген «Адамның істегенін адам істейді» дейтіндей тігіншілік, слесарьлық немесе дәнекерлеушілік емес. Көзіңізді, қолыңызды үйретіп, әп-сәтте игеріп кете алмайсыз. Сіз адамның жанымен жұмыс істейсіз. Қателік жіберіп, бір бүлдіріп алсаңыз, ол қайтып орнына келмейді. Оны ашып жөндей алмайсыз. Сондықтан «мен дәрігер болмасам, болмайды» деп, дәрігерлікті құлай сүйгендер ғана дәрігер болуы керек. Өмірдің, уақыттың талабы солай. Жұмыс күннен-күнге қиындап, жауапкершілік артып барады. Бұрын айлығымыз кешіктірелетін, медициналық құрал-жабдықтар жетіспейтін, ғимаратымыз тозып тұрушы еді. Ал, бүгін мемлекетке қандай уәж айта аламыз?! Керек десеңіз, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін бюджеттен қаржы бөліп, шетелдерге, Астана мен Алматыдағы түрлі оқу курстарына жіберіп жатыр. Сырттан мамандар шақырып, тәжірибелерімен бөлісудеміз. Денсаулық сақтау саласындағы реформаның барлығы – халық және оның мүддесі үшін. Ендігі талап – тек жақсы дәрігер болып, адал жұмыс істеу керек!

– Мемлекеттің даму индексінде халқының өмір сүру жасының ұзақтығы маңызды рөлге ие. Бұл параметр тек медицинамен ғана өлшене ме?

– Менің ойымша, ол – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, күллі қоғамның, халықтың қолында. Адамның ұзақ өмір сүруінде ең алдымен экологиялық фактор, таза ауызсу, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану шешуші рөлге ие. Медицина осылардан кейін тұрады. Халық өзінің денсаулығына немқұрайлы қараса, миллиондаған дәрі көмектеспейді. Әрбір адам ең алдымен өзіне-өзі жаны ашуы керек. Профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуі керек. Спортпен шұғылдануды, дұрыс тамақтануды үйлестірген жөн. Әсіресе, ана мен баланың денсаулығы жіті назарда тұруы тиіс. Шаңыраққа келін түскенде, оны үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын адам деп емес, маған ұрпақ әкелетін адам келді деп қабылдау керек. Сонда ғана біз мұрат-мақсатымызға жетеміз. Мемлекет басшысы еліміздің демографиялық ахуалын оңалту үшін барлық жағдайларды жасауда, түрлі жәрдемақылардың мөлшерін көбейтуде, қамқорлықтың барлығы көрсетілуде. Бұдан артық не керек?! Бір кісі барлық мәселені бір өзі шеше алмайды. Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Әбден титықтағанда ғана дәрігерге жүгінетініміз жасырын емес. Өз денсаулығымыз – өз қолымызда. Расын айту керек, жалқау халықпыз. Спортпен шұғылданғымыз келмейді, артық қимыл жасағымыз келмейді. Салғырттық басым табиғатымызда. Орайы келгенде айта өтейін, баламыз тәрбиесіз болып, бірін-бірі атып өлтірсе, ұрсысып, төбелессе, есірткі тұтынып, ішімдікке әуестенсе, мектепті кіналаймыз. Ал жанұядағы тәрбие қайда қалды?! Жастардың проблемасы шаш-етектен. Биыл профилактикалық тексеру жүргіздік, жасөспірімдердің 47-50 пайызының денсаулығында ақау бар. Бұл – үрейленетін-ақ көрсеткіш…

– Денсаулық сақтау саласының ыстық-суығын қатар көріп келе жатқан маман ретінде Сізді қандай мәселелер алаңдатады?

–Тәжірибесі мол дәрігер ретінде бүгінгі таңда мені жүрек, қан тамырлары ауруларының белең алып бара жатқаны ерекше мазалайды. Жүрек – адамның моторы. Ол шаршаса, адам шаршайды. Бұрын жүрек ауруымен, қан қысымының көтерілуімен жасы егде тартқан кісілер шағымданатын, кейінгі кездері бұл дерттер еңбекке жарамды адамдарға, тепсе, темір үзетін жастарға ауыз сала бастағаны қынжылтады. Көбіміз қан қысымы ауруына атүсті қараймыз. Аяқ-қолы сал болып, мүгедектікке жақындағанда, көмек сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі. Қазір ер азаматтарға қиын: нарықтық экономика, бала-шағасы жақсы оқу орнында оқығысы келеді, қатарынан кем болмай киінгісі келеді. Мұның бәрі оларға салмақ. Көтере алмайды. Оның үстіне ерлер табиғатынан қопал келеді. Ал, ол – біреудің баласы, біреудің әкесі емес пе?! Мәселеге осылай кешенді түрде қарауымыз шарт.
Біз бұрын жасы 40-тан асқандарды ғана қан қысымы ауруларын анықтауға байланысты тексеруден өткізетінбіз. Қазір барша емханаларда 18 жастан бастап профилактикалық тексеру жүргізіледі. Айта кету керек, осы сырқатты емдеу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Бұрын қажетті дәрі-дәрмектердің бағасына тек 50 пайыздық жеңілдік жасалса, биылдан тегін берілуде. Қан қысымы мазалап жүрсе, дәрігерге қаралыңыз да, рецептіні алып, дәріні тегін пайдаланыңыз.
Екіншіден, ана мен баланың денсаулығы. Ананың денсаулығының индексі өте төмен. Әйелдер жүктілік кезеңінде әп-әдемі боп жүреді-дағы, босануға жақындағанда халі күрт нашарлай бастайды. Өкінішке қарай, ана өлімі тыйылмай тұр. Әредік-әредікте төбе көрсетіп қалады. Тууға қабілетті әйелдер өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайды, дәрігерге келуден қашқақтайды, уақытылы есепке тұрмайды. Біз әйелдің денсаулығын жақсартпай, өмірге дені сау ұрпақ әкеле алмаймыз. Мен ана ретінде бір-ақ нәрсені тілеген болар едім: «Құдайым ана мен баланы ажыратпасын!» деп. Анасы өлген бала қандай болады, баласынан айырылған ана қандай болады?! Сондықтан ана мен баланың денсаулығын бүкіл қоғам болып ойлануымыз керек.

– Сұхбатымыздың ауанын енді депутаттық қызметіңізге бұрсақ. Соңғы үш шақырылымнан бері Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Сізге бұл мандат не үшін қажет?

– Әу баста «Халыққа қызмет етіп жатырмын. Дәрігерлерімізді осы төңіректегі тұрғындар қаншалықты сыйлайды екен? Бізге айтар өкпе-реніші бар ма? Өзімді сынап көрейінші» деген мақсатпен сайлауға түскенімді жасырмаймын. Қуанатыным, жұртшылық мені өте жылы қабылдады. Сенесіз бе, сайлауға түсерде, ешкімге сый-сияпат жасаған емеспін. Менің сыйым – халыққа көрсететін медициналық қызметім. Рахмет, 2003 жылғы сайлауда мені Шымкент қалалық мәслихатының депутаты етіп сайлады. Сол жылдары мемлекет қазынасында бүгінгідей қыруар қаражат жоқ-тын. Жол салу мен көшелерді жарықтандыру, аялдамалар салу мен бағдаршамдар орнату, т.б. арман-тұғын. Көпқабатты үйлердің аулаларына балалар ойнайтын алаңшаларды салып беру деген түсімізге де кірмейтін. Бірақ бағдарлама жасап, халықтың алдына барғаннан кейін ендігі шақырылымда соны аяқтағың келеді екен. «Бір істі бастап, соңына дейін апармасам, мен кім болдым сонда? Берген уәдемнің үдесінен шығайын» деген ойлар байыз таптырмайды. Оның үстіне ұжымымның да жауапкершілігі артты. «Халық мені «медициналық қызметтің сапасы одан әрі жақсара ма» деген үмітпен депутат етіп сайлады. Емханаға келе алмайтындарына барып, дәрі-дәрмегін беріп жатырсыңдар ма?» деп ылғи құлаққағыс жасаймын. Өйткені менің айнам – ұжымым, ал, ұжымымның айнасы – мен. Мен қазір жай бас дәрігері емеспін. Халық қалаулысымын. Сондықтан сондай тұлға деңгейінде жұмыс істеуім керек. Артымда пәленбай халық тұр. Соларға көлеңкем түсуі керек. Жалпақ жұртқа кішкене пайдам тиетін іс бітірсем, жүрегім жарыла жаздап қуанамын. Депутаттық мандат маған қосымша күш, рух береді. Себебі, миллиондаған халықтың ішінен топты жарып, 29 депутаттың бірі болу және әйел депутат болу – үлкен жауапкершілік. Мен сол 2003 жылы жоспарлаған тірліктердің барлығын атқардым деп ойлаймын. Менің сайлау округімнің негізгі аумағында жолдар асфальтталды. Көпқабатты үйлердің басым бөлігінің ауласында балалар алаңшасы салынды. Көшелер жарықтандырылды, бағдаршамдар орнатылды, мектептердің маңайындағы жолдарға автокөлік жылдамдығын шектейтін белгілер төселді. Бәлкім, үлкен сөз болып естілетін шығар, бірақ менің депутат ретіндегі ең негізгі мақсатым – шын мәнінде халықтың ризашылығына бөлену. «Мына қызды депутат етіп не үшін сайладық?..» деген сөзге қалмасам деймін. Менің кейбір кемшіліктерім алғашқы шақырылымда кешірілуі мүмкін еді. Енді кешірілмейді. Айтылған сөзді орындап, халықтың алдына жүзің жарық болып бару үшін ештеңеден аянбаймын. Бұл жолы сайлауға түсерде электоратпен бірде-бір рет кездесу өткізбедім. Рас, билер мен қарияларға барып, «Сайлауға тағы да түспекшімін» деп, батасын алдым. Үгіт-насихат парақшаларын тараттым. Бірақ бұрынғыдай «Мен – Құрманбековамын…» деп өз-өзімді таныстырып жатуды артық санадым. Себебі, халық мені етене таниды, біледі. Бұл мақтаныш емес. Күндіз-түнгі бейнетім. Жетістігім. Біреулер «Тек қалталыларға ғана депутаттыққа жол ашық. Дүниесін шашып, дауысты сатып алады» деп ойлайды. Мен халыққа бес-он теңге үлестіріп, алдарқатқан емеспін. Оған арым жібермейді. Атқарылған жұмыстардың барлығына мемлекеттің ақшасы жұмсалды. Мен тек мұрындық болдым, ықпал еттім. Әрине, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруды да ұмыт қалдырған емеспін. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың басынан сипау, қаншама баланы балабақшаларға орналастырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету әрбір мұсылманның парызы деп ойлаймын.

– Биыл қаңтардағы сайлау қалай өтті? Сізге қарсы лас технологиялар ұйымдастырылған жоқ па?

– Әрине, сайлау болған жерде түрлі технологиялар болады. Әйткенмен мен ондай нәрселерге мән бермеймін. Аяқтан шалып, қысастық жасағысы келгендерге «Мен бұл округтен сайлауға түспек ниеті бар еш үміткерді өзіме тең көрмеймін. Егер басқаша бұрмалаушылықтарға жол беріліп кетпесе, халық маған дауыс береді. Ал, алда-жалда халықтың сеніміне менен артық ие болсаңыздар, онда мен ешкімнің жолына бөгет болмаймын» деп ашық айтқанмын. Мүмкін, артық сөйлеген шығармын, бірақ өзім күнделікті қарым-қатынаста жүрген қалың бұқараға арқа сүйедім. Ал, өзім біреуге жаманшылық ойлаған адам емеспін, қарсы технология дегенге де жоқпын. Әйел затына нәзіктік, ұстамдылық, парасаттылық жарасады деп пайымдаймын. Депутаттықтан үмітті, халық қалаулысы болуға бел байлаған адамға түрлі қитұрқылықтарға бару жараспайды. Мүмкін, базбіреулер депутаттық мандатты елден ерекше етіп көрсететін артық абырой, өзінің бизнесін өркендету жолында пайдалануға болатын артық мүмкіндіктер деп топшылайтын шығар. Ал, депутат боп еңбек етіп, оның не екенін түсінгеннен кейін ол ойлары өзгерері хақ. Депутат болып сайланған соң, халықтың арасына барасыз. Көптің көзі ашық қазір. Қай депутаттың не істеп жүргенін, қандай тірліктер атқарғанын бес саусағындай біледі. Егер түк бітірмесеңіз, мініңізді бетіңізге тіке қарап тұрып айтады. Бәлкім, бюджет қоржынының түбі саяз кезеңде «Ақша жетпей жатыр ғой…» деп ұзын арқан, кең тұсаумен жүре беруге болған шығар. Қазір сіз өйтіп жүре алмайсыз. Қам-қарекет жасау керек, халықты риза ету керек.

– Бір округтен қанша үміткер түстіңіздер?

– Жалпы, барлық саяси додаға мен ер азаматтармен бірге түсемін. Мысалы, биыл қаңтардағы мәслихат сайлауында бір мандатқа қол жеткізу үшін төрт үміткер бақ сынадық. Бірақ электорат мені таңдады. Себебі, осы емханада 12-13 жылдан бері еңбек етіп келемін, тұрғындармен етене жақын араласамын. Сайлаушыларым үшін менің есігім әрқашан ашық. Арнайы қабылдау кестесі жоқ. Халық мұң-мұқтажын айтып келеді осында, проблеманы бас-қасына барып, бірлесе отырып шешеміз. Сайлаушыларыммен өзара түсіністікте жұмыс істеу жолға қойылған. Мен кәсіпкер емеспін. Мені іздеген адам осы емхананың ішінен табады. Қарияларға, мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, жетім балаларға қолымыздан келетін көмекті аямаймыз.

– Бұл жолғы сайлауалды бағдарламаңызда қай мәселелерге көбірек мән бердіңіз?

– Негізінен, әлеуметтік мәселелерге. Бұл саланың ұңғыл-шұңғылын жақсы білемін. Әйел ретінде, дәрігер ретінде жүрегіме жақын сала. Әрі қалалық мәслихатта әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасымын. Зауыт немесе фабрика салып беріп, мыңдаған адамды жұмысқа тұрғызамын деп айта алмаймын. Әркім өзінің қолынан келетін іске ұрынуы қажет-ақ.

– Депутаттық мандатыңызды пайдаланатын сәттер бола ма?

– Кейде жол полициясы автокөлігіңізді тоқтатқанда пайдалануға болады. «Депутат едім, асығыс едім» деп бір-екі рет пайдаландым. Бірақ бәрінен бұрын мен үшін депутаттық деген – көзге көрінбейтін, ешбір сөзбен айтып жеткізгісіз рухани шабыт. Ішіңізден «Халық маған сенді» дегеннің өзі – пенде үшін үлкен күш. Оны пайдаланудың, көрсетудің керегі жоқ. Халық сізді таниды һәм сылайды. Кейде емханадан шығып, өзімді сайлаған ауданды жаяу аралаймын. Балалар алаңшасы, жолдар салынып жатыр. Тұрғындар мені танып, «Біздің депутатымыз келді» деп қасыма үйіріле қалады. Бұдан артық бақыт бар ма?! Бекерге жүрмегеніңді сезінесің. Халықпен кездессем, үлкен рух аламын. Рахметін айтады, батасын береді немесе мұң-мұқтажын айтады. Адам мұң-мұқтажын кімге айтады? Әрине, осы мәселенің түйінін тарқатып береді-ау деген адамға айтады. Содан кейін сол мәселені шешіп бергенше асығасың.

– Қалалық мәслихатта 29 депутат бар. Оның біршамасы – өткен шақырылымдарда депутаттық тәжірибе жинақтағандар, біразы қатарға жаңадан қосылды. Өзара қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Қазір «бір-бірімізді көрмесек, тұра алмаймыз» деп айта алмаймын. Тұрақты комиссиялардың отырыстары мен сессияларға барып, жүйелі түрде жұмыс істеудеміз. Дегенмен әлі де бір-бірімізге бауыр баса алмай жатырмыз. Бұрынғы шақырылымдарда бір үйдің балаларындай ынтымақ-бірлікте біраз шаруаларды тындырдық. Сондықтан уақыт сырғи келе, бұл шақырылымда да солай болады деп ойлаймын. Тұтастай айтқанда, әріптестерімінің барлығының өз ұстанымдары бар. Ойын айтып, жеткізе алатын батыл депутаттар баршылық. Кез келген бастамаларын «Талабына нұр жаусын» деп қолдауға дайынбыз. Егер ол әңгіме халықтың мүддесі үшін болса.

– Бір кездері Парламент Мәжілісі сайлауына түсіп, аты дардай азаматтармен үзеңгі қағыстырып едіңіз. Мәжіліс депутаты болмақ ниеттен күдер үзген жоқ шығарсыз.

– Алла бұйыртса, Парламент Мәжілісінің депутаты болу ойымда бар. Біз болмай, кім болады?! Оңтүстіктің абыройын біз көтермей, кім көтерді?! Парламент депутаты болуға лайық азаматтар арамызда жеткілікті.

– Өкілді орган ретінде мәслихат жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыста жұмыс істейтіні сөзсіз. Сондықтан жуырда ғана Шымкент қаласына жаңадан тағайындалған әкім туралы көзқарасыңызды білсек. Қандай азамат екен?

– Қазір билікте жүрген азаматтардың барлығы солдат секілді ғой. «Бар» деген жерге барады. «Сен бүгіннен бастап боссың» дейді, босайды. Қазіргі әкім Қайрат Молдасейітов бұған дейін Түркістан қаласын басқарды. Үлкен бизнесте тәжірибесі бар. Ақшаны қалай жаратуды біледі. Әл-ауқатты. «Әл-ауқатты» деген – мен үшін үлкен көрсеткіш. Өйткені ауқатты, бизнестен келген адам халық үшін жұмыс істейді. Өзінің бар білімін, тәжірибесін, қарым-қабілетін халықтың мүддесіне арнауға толық мүмкіндігі бар. Өзін көрсетіп жұмыс істейді деген үміттемін. «Депутаттар тарапынан қандай көмек керек, біз әрқашанда дайынбыз» деп ниетімізді білдірдік. Қазір кадрларын дайындап жатыр. Алайда оншалықты ауыс-түйіс жасаған жоқ. Шымкентте атқарушы органдарда бұрыннан тұрақты түрде еңбек етіп келе жатқан адамдармен жұмыс істеуде. Сырттан ешкімді әкелмеді. Қаланың проблемасы баршылық. Жаңа әкімшілік орталық бой көтермек. Шаһардың бас жоспарына соңғы нүкте қойылғалы жатыр. Енді 1-2 министрліктің рұқсаты қалды. Ең бастысы, Молдасейітовтің қолынан іс келеді. Қалғанын уақыт көрсетеді.

– Бұрынғы әкім Арман Жетпісбаевті қимай-қимай шығарып салғандарыңызды аңғардық.

– Арман Жетпісбаев қаланы ұзақ уақыт басқарды. Үшінші шақырылымда әріптес  ретінде, ал, төртінші, бесінші шақырылымдарда ол – әкім, біз мәслихат депутаты ретінде бірлесе жұмыс істедік. Адамгершілігі мол, жүрегі кең азамат ретінде сылаймын. Адамға деген көзқарасы, айналасымен санасуы, қарапайымдылығы – мен үшін бірінші орында. Ол кез келген тірлікті депутаттармен ақылдасып, солардың қолдауына сүйеніп бастайтын.

– Депутаттардың баршасына дәстүрлі түрде қоятын сұрағымыз бар. Сіздің мандатыңызды жекелеген мүдделерге пайдалану жөнінде ұсыныс жасайтындар кездесе ме?

– Ағайын бар, жекжат бар, ондай жағдайлар ара-тұра болып тұрады… Бірақ ең негізгісі, мен олардан ештеңе сұрап көрген емеспін. Менің бизнесім жоқ. Компаниям жоқ. Қарапайым дәрігермін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
«УАҚЫТ».

Сіз не дейсіз?

Бейбіт СЫЗДЫҚОВ, Отырар ауданының әкімі:

– Құрманбековтер – Отырар ауданындағы елге сыйлы, өсіп-өнген, үлгілі әулет. Қасиетті қарашаңырақтан өрбіген азаматтардың барлығының бүгінде облысымызға сіңіріп жүрген еңбегі ерен. Гүлнар Мамытқызы біздің аудандық орталық ауруханада біраз жыл тер төкті. Дәрігер ретінде буыны бекіді, тәжірибесі толысты. Қазіргі таңда Оңтүстіктің медицинасында оның өз орны бар, аты әйгілі. Қасықтап жинаған абыройының арқасында халық қалаулысы атанды. Он жылға жуық уақыттан бері Шымкент қалалық мәслихатына тұрақты түрде депутат болып сайланып келеді. Мұның бәрі – халықтың ықыласының ауғандығы.

Сіз не дейсіз?

Ғани ТАШҚАРАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Мен Гүлнар Құрманбековамен Шымкент қалалық мәслихатында төртінші шақырылымнан бастап ынтымақ-бірлікте жұмыс істеп келе жатырмын. Екеуіміз де тұрақты комиссиялардың төрағасымыз. Депутат ретінде өте белсенді. Сөзі мен ісі үнемі қабысып жататынына тәнтімін. Артық сөйлемейді, артық уәде бермейді. Ал, бір шаруаны қолға алды ма, оны соңына жеткізіп, нәтиже шығаруға тырысады. Күн тәртібіндегі кез келген мәселеге байыппен, әріден үңіліп қарайды. Қызбалыққа салынбайды. Бойында қазақ қызына тән ибалылық бар. Г.Мамытқызын тек №25 сайлау округіне қарасты аудандардың тұрғындары ғана емес, бүкіл шымкенттіктер жақсы біледі. Көпшіліктің мүддесі дегенде өзін-өзі ұмытуға бар.

Сіз не дейсіз?

Еркін САТҚАНБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Гүлнар Құрманбекова – қалалық мәслихаттағы абыройлы, парасатты депутат. Дәрігерлерді абзал жандар дейді ғой, сол айтпақшы, өзінің ішкі дүниесі сыртқы келбетімен үндес, кереметтей жан сұлулығы, қызға тән жібектей мінезі, адамгершілік қасиеттері өзінің болмысына жарасып тұрады. Депутаттық міндетін атқаруда өте сауатты. Депутаттық жауапкершілікті арқалап жүру оңай емес. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының мәжілістерінде, сессияларында қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты сан алуан мәселелер талқыланады. Бұл тұрғыда көзіңіз қарақты, барлық саладан хабардар болу қажет. Гүлекеңмен екі шақырылымнан бері бірге жұмыс істеп келемін. Өзіндік пікірі мен көзқарасы бар. Кез келген мәселені ақылға салып, сабырмен, дипломатиялық жолмен талқылап, өз сөзін өткізе алады. Барлық уақытта белсенді. Қайсыбір жұмысқа да немқұрайлы қарамайды. Сондықтан қазақтың мұндай қыздарымен мақтану керек. Жалпы, өзінің орны бар, жұртшылық сылайтын, құрметтейтін депутаттар сирек.